Алтын Орда зиялыларының Сыр бойындағы киелі орны
Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жердегі Қоғалыкөл ауылының оңтүстігінде екі шақырым жерде жатқан Қыштөбе (Қышқала) қалашығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры М.Елеуов басқарған «Тұран археологиялық экспедициясы» 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қышқаланы көптеген ғалымдар жазба деректерде «Барчканд», «Барчин», «Барчинлигкент» деген аттармен кездесетін ортағасырлық қаламен баламалап жүр. Әлкей Марғұлан осы болжамды негізге ала отырып, қаланың атын әйгілі Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынның есімімен байланыстырған болатын. Мұндай болжамдардың дұрыстығын соңғы жылдарда жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары да растап отыр.
Қыштөбеде жүргізілген топографиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде қаланың батыс және оңтүстік-батыс шетін алып жатқан аймақтан он шақты дөңгелек (сопақ) келген төбелер анықталды. Төбелердің диаметрі 25-30 метр, биіктігі 3-4 метр болады. Бір ерекшелігі, анықталған төбелердің басым көпшілігінің үстінде күйдірілген қыш кесек сынықтары мен бір беті түрлі түсте (көк, ақшыл көк, қою қаракөк, сары т.б.) сырланған жапсырмалардың сынықтары көп кездеседі.
Қалашықтың оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан осындай төбелердің біріне 2018 жылы салынған қазба биыл әрі қарай жалғасын тапты. Кезінде жартылай құлаған кесененің қалған бөлігінің кірпішін бұзып алу барысында пайда болған (биіктігі 1-2 метр) төбешік осы күндері толықтай аршылды. Үйілген топырақ пен қыш сынықтарын тазалағаннан кейін кезінде қас беті солтүстік-шығысқа қараған керемет кесененің жобасы анықталды. Кесененің қас бетінің жоғарғы жағы мен екі шеті бетіне өсімдік нақышындағы өрнектер кесіліп салынған тақталармен, орта тұстағы арка пішіндегі кірер қақпасының жан-жағы түрлі-түсті маёликамен безендірілгендігі белгілі болды. Өкінішке қарай, кесененің қабырғасы тұрғызылған кірпіштерді жергілікті халық әр кезде, бірнеше дүркін бұзып алған. Кесене табанына қаланған қаландылары кей тұста бір немесе бірнеше қатарда сақталған.
Қазба барысында анықталған мәлімет бойынша орталық бөлігінің көлемі 11х11 метр болған кесененің сыртқы қабырғалары жер бетінен 0,8 метр тереңдікте қазылған шұңқырдан басталып қаланып шыққан. Қабырғаларының қалыңдығы – 1,8 метр. Кірпіштерінің көлемі 26х26х5; 27х27х5 сантиметр, бетіне өрнек салынған арнайы тақталар мен кірпіштерінің көлемдері (29х29х14; 14х14х27) әртүрлі. Ғимараттың жобасы, сәулеттік ерекшелігі, қабырғаға сыртынан жапсырылған тақталардағы кесіп салынған ою нақыштары мен түрлі-түсті мозайкалық жапсырмалардың орындалу тәсіл ерекшеліктері кесененің Алтын Орда дәуіріне жататындығын көрсетеді. Осыған ұқсас мавзолейлер Сыр бойы мен Сарыарқа даласында бұған дейін табылып, зерттелген.
Біз қазған нысанның көлемі, сәулеткерлік ерекшелігі, безендіру нақышы оның аса шеберлікпен салынған ғұрыптық ғимарат екендігін білдіреді. Кесененің оңтүстік-шығыс шетінде көлемі 4х4 метр тағы бір бөлмесі бар. Бұл біздің пайымдауымызша, осы сәулетті ғимараттың негізгі иесі жерленген қабірхана болуы мүмкін. Бөлме әлі толық қазылған жоқ. Сондықтан алдын ала қандай да бір шешім айтуға ерте.
Бірінші қазбаның оңтүстік шетінен 400 метр жерге салынған сегізінші қазба да осындай кесененің орны болып шықты. Ол кесене де өзінің көлемі, сәулеттік сипаты жағынан біз сөз етіп отырған кесенеден кем түспейді. Бірақ, бұл нысан әлі толық ашылған жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта оның да бірсыпыра ғылыми маңызды мәлімет берері сөзсіз.
Қышқаланы қоршаған осыншама кесенелер кешені жайлы жазба деректер ештеңе айтпайды. Алайда, соңғы зерттеулер нәтижесі Қышқаланың маңында шоғырланған кесенелер қандай да бір құпияны бойына бүгіп жатуы мүмкін екендігін аңғартады. Кесенелердің молдығы «Қаланың Алтын Орда зиялыларын жерлейтін аймақтық киелі орны (пантион) болған ба» деген ой туғызады.
Дөкей ТАЛЕЕВ,
Әлкей Марғұлан атындағы
археология интитутының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты