Қышқала: туристік аймаққа сұранып тұр
Туған жер тарихына жаны ашып, сол өлкенің рухани құндылығын дәріптеп жүрген жандардың бірі – қоғалыкөлдік Үлпат Қожаназарова. Ауылдағы №44 орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз жергілікті жерде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары жөнінде ғылыми жобаларды қорғап, сол қазба жұмыстарының басы-қасында жүр. Қышқала қалашығына биыл да қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын ұстаздан білген едік. Ондағы құндылықтар туралы білуге археологтармен арнайы барып тілдестік.
Қазба жұмыстарын әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов пен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев бастаған археологтар жүргізуде. Қышқаланы зерттеушілер бұл жерге археологиялық қазба жұмыстары 2018 жылы басталғанын айтады. Алғашқы жылы 8 бұрышты медресе мен кесене орны ашылған. Ал 2019 жылы өткен жылы ашылған кесенені толық ашу жұмыстары жүргізілген және медресе жанындағы қыш шығаратын пештің орны мен мүрде жерленген орынды ашу жұмыстары жүрген. Былтырғы қазба жұмыстарында кесік, сондай-ақ тағы да екі қазба жұмыстары жүргізіліпті. Археолог Дөкей Әбдікерімұлы кесік дегенді осындағы қалашықтың жасын анықтау үшін арнайы қазылатын орын екенін айтады. Ал биыл археологтар маусым айының басынан осында келіп тағы бір кесене орнын ашқан және қосымша тағы бір кесік салынған.
– Ғылыми деректерде бұл қаланың қамалы жоқ делінген. Осыған менің күдігім болды. Содан былтыр осы жердегі сайды аңғарып қарасам, бұл қаланың сыртын айналады. Ал келесі бір жағында өзектің орны жатыр. Содан өткен жылы осы кесікті бастап, биыл жалғастырып, қамалдың бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Яғни қамал болған, оның ішкі беті ор болса, сыртқы бетінде өзек болған, – деді тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов.
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қаланы басып алуға Жошы келгенде алдымен елшісін жіберіп, өз еріктерімен берілуін талап еткен. Жошы хан әскерімен алғашқыда Асанас қалашығын алған. Содан кейін осы қаланы суға бастырып, басып алған.
Зерттеуші ғалымдар Қышқаладан табылып жатқан тарихи орындарды Алтын орда дәуірімен байланыстырады. Яғни, қазба жұмыстары нәтижесінде ашылған кесенелер ХІІІ-ХҮ ғасырларда салынғанын айтады.
– Сыр өңірінде белгілі ғұламалар өмір сүрген. 1273-74 жылдарда Жамал Қашри деген түріктің ғалымы осы жерге келген. Ол «Мен Баршынғали деген атақты ғұламадан сабақ алдым. Ол маған диплом жазып берді. Мен сол дипломмен мақтанамын» деген. Міне, Қышқаладан табылып жатқан тарихи ескерткіштер сондай ғұламалардың кесенелері, – деді әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры.
Сыр бойынан табылып жатқан тарихи ескерткіштердің сәулеттік өнерінің кереметтігі туралы археолог Д.Талеев айтты. Тарих ғылымдарының кандидаты мұндағы табылып жатқан түрлі формадағы қыштар мен ондағы өрнектерді сипаттап, сол кездің өзінде сәулет өнері жақсы дамығанын жеткізді.
– Қышқалада ашылған ең алғашқы 8 бұрышты медресенің сәулеттік өнері өте керемет. Мұндай формадағы нысандар басқа өңірлерде кездеспейді. Ал оның жанынан қыш шығаратын пештің табылуы таңсық емес. Негізі, сол кезеңдерде осындай кесенелер салу үшін міндетті түрде жергілікті жердің топырағы қолданылады. Оған арнайы пеш салынады. Шынтуайтында, мына табылып жатқан тарихи ескерткіштер әлі де сақталуы керек болатын. Алайда, жергілікті топырақтың тұзды болуы және тұрғындардың қыштарын тасып алып кетуі құндылықтардың сақталмауына әкеліп отыр. Тағы айта кететінім, бұл қалашықтағы нысандар бейбіт жағдайда құлаған. Өйткені, қазба жұмыстары барысында ыдыс-аяқ сынықтарының сирек кездесуі, күлдің болмауы осыған саяды. Ал соғыс жағдайында құласа, онда халық әр жерде от жағып, не болмаса шабуыл жасалғанда олар тұрмыстық заттарды өздерімен алып кете алмайды. Жалпы, қазба жұмыстарынан Сыр бойында сәулеттік өнер жақсы дамығанын аңғаруға болады, – деді Дөкей Әбдікерімұлы.
Биылғы қазба жұмыстары нәтижесінде бір кесенеден екі адамның мүрдесі табылды. Олардың сүйегін жинап, археологтар арнайы ыдысқа салып алды. Бұл табылған мүрделерді мамандар Германия зертханасына жібереді. Ол жақта бұл екі адам туралы толық мәлімет беретін болады. Ал екінші кесенеде он адамның орны анықталды. Олардың мүрделері ашылған жоқ. Бұл алдағы жылдардың еншісінде.
– Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге биыл облыстан қаржы қаралған жоқ. Республикалық бюджет есебінен жүргізіп жатырмыз. Бұған дейінгі жылдары қаражат қаралған еді. Соның нәтижесінде біршама қазба жұмыстары жүргізілді. Десе де қазба нәтижесінде көптеген тарихи орындар ашылып жатыр. Алайда, оны қалпына келтіруде облыста қозғалыс жоқ. Әйтпесе, осы Сыр өңірінде көптеген қазба жұмыстарын жүргіздік. Барлығы ашылған күйі қалып, жергілікті биліктегілер оларды мемлекет қорғауына алу бағытында жұмыс жасамайды. Оларды қалпына келтіруге талпыныс болса, тарихи нысан ретінде ғасырлар бойы сақталады. Жалпы, бұл жерлер туристік аймаққа сұранып тұр ғой. Ең маңыздысы, Қышқалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, көптеген тарихтың беті ашылуда. Алайда, осы жердің өзіне «Мемлекеттің қорғауына алынған» деген ескерткіш белгі қойылған жоқ, – деген «Археолог» халықаралық ғылыми зерттеу орталығының директоры Мадияр Елеуов өз қынжылысын айтты.
Тіпті, археолог ғалым «Қызылорда облысының жеті кереметі» деген жеті томдық кітап шығаруды ұсынған. Атап айтқанда, «Сығанақ», «Сауысқандық», «Жанкент», «Асанас», «Шірік рабат», «Байқоңыр», «Қорқыт ата», осының барлығы бір-бір том болып, өскелең ұрпаққа мұра болып қалмақ. Алайда, бұған да қолдау болмаған.
Сыр өңірінің, оның ішінде осы Қышқаланың туристік аймаққа сұранып тұрғанын Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері де атап айтты.
– Көршілес Тараз қаласына барсаңыз, тарихи орындарға маршрут жасап, келген туристерді аралатады. Қазір шетелден елімізге көптеген адамдар келуде. Олар мына жаһанның заманауи жаңалығына тамсанбайды. Керісінше, осындай тарихи орындарды аралағанды ұнатады. Міне, Қышқала дегеніңіз күрежолдың бойында орналасқан. Мына тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, жол салып, туристік аймаққа айналдырса, бұл жерге адамдар ағылады. Оның үстіне мұның тарихы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді, – деді Д.Талеев.
Расында, тарихи жәдігерлерге қазір қолдау аз. Олай дейтініміз, осылан 2-3 жыл бұрын Шіркейлі мен Шаған ауылының аралығында орналасқан «Қосасар» қалашығына қазба жұмыстары жүргізіліп, қалашық орны ашылып еді. Қолдаудың жоқтығынан қазір қазалған орын қайта көмілуде. Егер осы төңіректегі тарихи жерлерді қалпына келтірілсе, мүмкін аудан төңірегінде туристік аймақ болып қалар...
Археологтар бір ай қазба жұмыстарын жүргізіп, жоспарлы жұмыстарды аяқтады. Алдағы жылдары осы маңға тағы келеді. Мұндай мүмкіндіктер бола бермейтінін ескеріп, құндылықтарды, жәдігерлерді ұрпаққа мұра етуде аянып қалмаған жөн.
Айта кетейік, археологиялық қазба жұмыстарына жас археологтар Ислам Құрманиязов, Архат Молдахметов, Бауыржан Әлібаев және №44 орта мектептің 10-сынып оқушылары атсалысуда.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ