Әз Жәнібектің дулығасы
Татарстан Республикасының Ғылым академиясы жанынан 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Археология Евразийских степей» атты халықаралық рецензияланған ғылыми журнал шығып келеді. Осы басылымның 2017 жылғы 5-санында грузин ғалымы И.З.Бакрадзенің «Шлем вавельского типа в историческом музее г.Цагери» атты мақаласы жарық көріпті, деп хабарлайды Егемен.кз.
Танымал зерттеуші Иракли Зурабович жоғарыдағы мақаласында өзі сөз етіп отырған Вавель дуылғасының аналогы ретінде 1870 жылы Нью-Йорк қаласында іргесі қаланған Метрополитен көркемөнер музейінің қорында тұрған Ұлық Ұлыс билеушісі Жәнібектің дуылғасы туралы атап өтіп: «Вавель дуылғасына сәйкес келетін басты жәдігер Метрополитен музейінде сақтаулы тұр. Бұл бұйымды зерттеулер ондағы жазуға байланысты бірауыздан Алтын Орда билеушілеріне тән деген пайымға тоқтап, билеуші Жәнібекке (1342-1357) тиесілі деп жүр. Ерекшелігі дуылғаның қасы жұқа, пошымы ұқсас, әсіресе қос жәдігердің көз ұясындағы ойық басқа дуылғаларда кездеспейді», деп жазады («Археология Евразийских степей» журналы. №5, 2017 ж).
Танымал зерттеуші Иракли Зурабович жоғарыдағы мақаласында өзі сөз етіп отырған Вавель дуылғасының аналогы ретінде 1870 жылы Нью-Йорк қаласында іргесі қаланған Метрополитен көркемөнер музейінің қорында тұрған Ұлық Ұлыс билеушісі Жәнібектің дуылғасы туралы атап өтіп: «Вавель дуылғасына сәйкес келетін басты жәдігер Метрополитен музейінде сақтаулы тұр. Бұл бұйымды зерттеулер ондағы жазуға байланысты бірауыздан Алтын Орда билеушілеріне тән деген пайымға тоқтап, билеуші Жәнібекке (1342-1357) тиесілі деп жүр. Ерекшелігі дуылғаның қасы жұқа, пошымы ұқсас, әсіресе қос жәдігердің көз ұясындағы ойық басқа дуылғаларда кездеспейді», деп жазады («Археология Евразийских степей» журналы. №5, 2017 ж).
Сол сияқты, аталған ақпарат жуықта «Nomads of the Great steppe» («Ұлы дала көшпенділері») атты әлеуметтік желіде де жарияланды. Осындағы мәліметке жүгінсек, бұл жәдігер алғаш рет ХХ ғасырдың соңында Тибеттен табылып, кейін жеке коллекционер арқылы 2007 жылы АҚШ-қа жетіпті. Кейін аталған музейге сыйға берілген дейді.
Расын айтсақ, Метрополитендегі дуылғаның иесі жайлы бұған дейін көптеген болжам һәм пікірлер айтылыпты. Зерттеушілердің дені бұл затты Алтын Орданың атақты ханы Жәнібекке тиесілі десе, бәз біреулер бұл жәдігер 1476 жылы шайқаста қаза тапқан Махмұд Сұлтанға тиесілі болуы мүмкін деген де болжам айтуда.
Бірақ соңғы жылдары бірінші нұсқа тарихшылар тарапынан расталуда. Айталық, Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров Қазақ хандығының 550 жылдық датасына орай Көкшетау қаласында өткен конференцияда, АҚШ және Еуропа ғалымдарының пайымына жүгіне отырып, Метрополитен музейінде тұрған дуылға Алтын Орда ханы Жәнібектікі деген тұжырымын айтты. «Метрополитен музейіндегі Алтын Орда билеушісінің дуылғасы болаттан соғылған, биіктігі 20-23, диаметрі 22 см, үстіңгі жағында үшкір жиектері бар. Ал төменгі бөлігінде дуылға кімге тиесілі екенін дәлелдейтін басты дерек – жәдігердің конустық жиегін бойлай араб әрпімен бәдізделіп, күміспен көмкерілген жазу бар. Бұл жазу жиекті шеңбер бойымен үш рет қайталанады. Аудармасы: «Құрметті, Аса Жомарт, Ұлы Ғази (дін үшін күресуші) сұлтан Махмұд Жәнібек ханның бұйрығымен орындалады» делінген. Бұл жазудан тапсырыс беруші XIV ғасырдағы Алтын Орда ханы Жәнібек екені анық көрінеді. Бұл ретте есімінің алдында мұсылмандық «сұлтан» (билік иесі) атағы мен «Махмұт» (мадақтау, мақтауға лайық) есімі берілген. Алтын Орда хандары жеке есіммен қатар мұсылмандық лауазымдарды да алып жүрген», деп жазады Л.Бобров.
Ал дуылғаның материалдық сипатын зерттеген қарутанушы ғалымдардың айтуынша, жәдігерді кавказдық немесе ирандық шеберлер жасаған, дейді.
Келесі кезекте дуылға иесі Жәнібек хан кім дегенге тоқталсақ, бұл адам қазақ тарихында ел билеген Жәнібектердің алғашқысы яғни, 1342-1357 жылдары билік құрған Өзбек ханның баласы Жәнібек екені анық. Зерттеуші Иракли Бакрадзе де осы пайымда.
Осы орайда, көпшілік оқырман, тіпті кәсіби тарихшылардың өзі «Әз Жәнібек» осы екеуінің қайсысы екенін ажырата алмай жатады. Біріншісі, біз сөз етіп отырған Алтын Орда билеушісі Жәнібек Өзбекұлы, екіншісі Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі, атақты Жәнібек хан (1428-1480) Барақұлы. Барақтың Жәнібегін ХVI-ХVII ғасырлардағы қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыри «Кiшi Жәнiбек хан» немесе «Әбу Сайд» деп жазады.
Осы орайда, тарих ғылымдарының кандидаты М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев мырза қазақтың «Әз Жәнібегі» 1342-1357 жылдары билік құрған Өзбекұлы Жәнібек екенін дәлелдей отырып, оның ата-тегін Әл-Ахаридің «Шайх-Увайс» дерегіне сүйеніп: Жәнібек – Өзбек – Тұғрылша – Мөңке Темір – Тоқан – Бату – Жошы – Шыңғыс хан (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. М-Л., 1941. с.62.) деп таратады.
«Қазақ тарихындағы «Әз-Жәнібек» атауы Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек (Әбу Саид) Барақұлына еш қатысы жоқ. Атақты жыршы Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауындағы:
«Алты жыл балшық
бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын
нандырып,
Адыра қалғыр, Аштархан,
Әз Жәнібек хан салдырып.
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер»,
– деген жыр жолдарында айтылған Алтын Орда билеушісі Жәнібек Өзбекұлына ғана қатысты. Әртүрлі тарихи деректер, нумизматикалық жәдігерлер, жыр-аңыздар, толғаулар, кәсіби тарихшылардың ойларын саралай келе, біз осыған дейін «Әз-Жәнібек» атандырып жүрген тұлға Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін тиянақтадық», дейді жас тарихшы Жаңабек Жаңабайұлы.
Демек, біз сөз етіп отырған жәдігер – Алтын Орда ханы Жәнібек Өзбекұлына – Әз Жәнібекке тән мұра.