Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі

Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығының айнасы десек, қателеспейміз. Бүгінде елімізде кітапханалардың қызметі жаңа деңгейге көтерілгені мәлім. Заманауи технологияның енгізілуі кітапхананы тек дәстүрлі оқу орнынан ақпараттық-мәдени орталыққа айналдырды. Электронды кітап, цифрлық қор, онлайн қызмет – мұның барлығы оқырманға қолжетімділікті арттырып, уақыт талабына сай қызмет көрсетудің айқын көрінісі саналады. Мәселен, аудандық орталық кітапханада сан түрлі мәдени іс-шара, әдеби кеш, кездесу ұйымдастырылып, оқырман мен кітап арасындағы байланыс­ты нығайтуға ықпал етуде. Бұл ретте аудан көлемінде оқырман қауыммен тығыз байланыс орнатып, сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан аудандық орталық кітапхананың директоры Рүстембек Бәйділдаевпен сұхбаттасқан едік.

– Рүстембек Мінтайұлы, «Кітапханашылар» және «Ұлттық кітап күні» биылдан бастап 23 сәуір күні бірге тойланатыны белгілі. Бұл бастама сала мамандарының кәсіби мерекесін ерекше атап өтуге мән беріліп, мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөлінгені ме?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деген болатын. Әрине, қай қоғамның болсын рухани деңгейі оның білім мен мәдениетке деген көзқарасымен өлшенеді. Ал осы құндылықтардың қайнар көзі – кітапхана. Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ол – ұлттың жадын, тарихын, мәдениетін, руханиятын сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін қасиетті орда саналады. Қашанда ұлт руханиятының тірегі саналатын кітапхана ісін жандандыра береміз. Еңселі еңбекті лайықты түрде атқара білетін сала мамандарының мәртебесін биіктету – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағытының бірі екені анық. Іргелі ұжым қос мерекені атап өтуде сапалы қызмет үлгісін көрсете біледі. Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында өңірімізде жаңа кітапхананың құрылысы басталатынын тілге тиек етті. Бұл – Сыр елінің оқырман қауымы мен кәсіби кітапханашылар үшін үлкен тарту деп санаймын.

– Ендігі кезекте орталық кітапхана ұжымының атқарған жұмысына кеңінен тоқталасыз ба?

– Жалпы, Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 17 кітапхана бар. Оның ішінде 1 орталық, 1 балалар және 15 ауылдық кітапхана жұмыс жасайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оқырмандар саны – 18518-ді құрады. Ал осы жылдың есепті мерзімінде 6287 оқырман келгенін айта кетейін. Іргелі ұжымға қарасты барлық кітапханада 439927 кітап бар болса, ауылдық жердегі үлес салмағы 324367-ні құрайды. Қазақ тілінде жарық көрген кітап саны – 262867. Өткен жылы кітап берілімі 357075 болса, биыл 89927-ге жеткен. Былтыр кітапханашыларымыз 1117 мәдени іс-шара өткізген. Ауылдық жерде 953 іс-шара жүзеге асқан. Кітапхана қорына 3033 жаңа әдебиет келіп түскен. Жыл басынан бері 237 мәдени іс-шара өткізіліп, 269 жаңа әдебиет қабылданған. Мәдени іс-шараларға 232809 оқырман келген.

– «Рабис» бағдарламасы бойынша электронды қор базасы қаншалықты жасақталуда?

– Қазіргі ақпараттық қоғамда кітапхана ісін тиімді ұйымдастыру мен оқырманға сапалы қызмет көрсету үшін заманауи бағдарламаның маңызы зор. Солардың бірі – «РАБИС» (Республикалық автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйе) бағдарламасы. Бұл жүйе кітапхана жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. «РАБИС» бағдарламасының басты артықшылығы – кітапхана қорын толық автоматтандыру. Яғни, кітаптарды тіркеу, есепке алу, каталог жасау, оқырманға беру сияқты барлық жұмыстар электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл уақытты үнемдеп, адами қателіктердің алдын алады. Бағдарлама арқылы оқырмандар қажетті кітапты жылдам іздеп таба алады. Электронды каталог жүйесі кез келген туындыны авторы, атауы немесе тақырыбы бойынша оңай табуға мүмкіндік береді. Бұл – әсіресе студенттер мен зерттеушілер үшін өте қолайлы. «РАБИС»-тің тағы бір маңызды артықшылығы – есеп беру жүйесінің тиімділігі. Кітапхана қызметкерлері түрлі статистикалық мәліметтерді тез арада шығарып, талдау жасай алады. Бұл кітапхана жұмысының нәтижелілігін арттыруға көмектеседі. Аталған бағдарламаның қауіпсіздігі де жоғары деңгейде. Барлық мәліметтер сақталып, қорғалады. Кітаптардың жоғалуы немесе есептен тыс қалуы сияқты мәселе азаяды. Осы бағдарламаның электронды каталогына өткен жылы 429477 дана кітап енгізілді. Биыл да сала мамандары бұл бағытта тиісті жұмыс атқаруда.

– «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша қандай жұмыс атқарылуда?

– Республикалық акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру екені анық. Өткен жылы проза жанры бойынша ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылса, поэзия жанры бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.

– 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай көлемді іс-шаралар ұйымдастырылған шығар...

– «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында аудандық орталық кітапханада көптеген іс-шара өткізіледі. Мәселен, кітапхана қорына алғашқылардың бірі болып «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы «Меңліаяқ ақын мұрасы» атты кітап тарту етті. Сонымен қоса өзінің авторлық еңбектері – «Болмысы бөлек тұлға» және «Ел ағасы – Хайрулла» атты ғұмырнамалық кітаптарын да кітапханаға сыйға тартты. Акция аясында кітапхананың белсенді, тұрақты оқырмандары Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров «Тереңөзектік замандастарым жайлы сыр» кітабын сыйлады. Негізінен, кітап сыйлау – білім мен мәдениеттің дамуына үлес қосудың тамаша жолы. Бұл игі іс-шара арқылы оқырмандарға түрлі жанрдағы жаңа кітаптарға қол жеткізу мүмкіндігі туып, кітапханамыздың рухани қазынасын байытуға және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етеді.

– Қазіргі уақытта сала мамандарының бастамасымен құрылған қанша клуб бар?

Сырдария аудандық балалар кітапханасының «Жыр жауһар» поэзия клубы, Қоғалыкөл ауылдық кітапханасының «Талант» жастар клубы, Ақжарма ауылдық кітапханасының «Сөз өнері – асыл қазына» үйірмесі, Аманкелді ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Сырласу» клубы жұмыс жасайды. Бүгінде клуб жұмысы жан-жақты жолға қойылып, құрамына оқырмандар тартылуда.

– Жыл көлемінде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келе ме?

– Әрине, «Өлке болып оқимыз», «Дауыстап оқу», «Ертегі тыңдап есейдім», «Сырға толы Сыр өңірі», «Ауылында ізі қалған ұлы есімдер» атты бірқатар жоба негізінде ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, өткен жылы Сәкен Сейфуллин ауылдық кітапханасында қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, тарихшы, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай «Қазақтан шыққан тұңғыш географ» атты тарихи-танымдық кеш, №1 филиал кітапханасының ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Әлем-BOOK» бұрышы аясында ұлы ойшыл, философ, ғалым Әбу Насыр әл Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай «Түркі әлемінің ойшылы» атты бір тұлға сағаты жүзеге асты. Қоғалыкөл ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен қоғам қайраткері Хұсайын Ибрагимовтың туғанына 155 жылдығына арналған «Ұлы тұлғаның тағылымдары» атты тұлғатану сағаты, Шіркейлі ауылдық кітапханасында жазушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жылдығы аясында «Бауыржан Момышұлы – батыр тұлға» атты портрет кеші, Жетікөл ауылдық кітапханасында қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы Қасым ханның туғанына 580 жылдығына «Қазақтың қайсар ханы – Қасым хан» атты тарихи кеш өткізілді. «Өлке болып оқимыз» жобасы шеңберінде ақын Қайырбек Асановтың 80 жылдық мерейтойында барлық кітапханада шығармашылығына арналған танымдық іс-шара өткізілді.

– Жасанды интеллект бойынша жүйелі жұмыс жасалып келе жатқанын білеміз. Бұл жоба қалай жүзеге асуда?

– Бүгінде кітапхана ұжымы жасанды интеллекті қолдана отырып, іс-шараларды жүргізуде. Жаңашылдыққа бет бұрған әріптестерім заманауи технологияның игілігін көруде. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жастар арнайы жобалар ұсынуда.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 сәуір 2026 ж. 54 0