Ақ әжелер жаңа толқында ән шырқады
Қалжан ахун ауылдық клубының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі – ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды ұлықтап жүрген өнегелі ұжымдардың бірі. Уақыт өткен сайын олардың шығармашылық белсенділігі артып, ауыл мәдениетінің дамуына қосып отырған үлесі де айрықша мәнге ие болып келеді.Жуырда ансамбль мүшелері Түркістан қаласындағы «Turkistan TV» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілетін «Жаңа толқын» бағдарламасына арнайы қатысып, көпшілікке мазмұны терең, тағылымы мол өнерлерін паш етті. Бұл – тек өнер көрсету ғана емес, ұлттың рухани қазынасын дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.
Тікелей эфир барысында әжелер ансамблі қазақтың дәстүрлі «Киіз басу» биін ерекше нақышпен билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Би қимылдарының үйлесімділігі мен сахналық мәдениеттің жоғары деңгейде болуы ұлттық өнердің көркемдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мазмұны терең сұхбатта ардагер-ұстаз Балтөре Мамаева ансамбльдің құрылу тарихына тоқталып, оның басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, жас ұрпаққа өнеге көрсету екенін атап өтті.
– «Жаңа толқын» бағдарламасына қатысу біз үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Қасиетті қалада өнер көрсету – әрбіріміздің жүрегімізге ерекше әсер сыйлады. Ансамбліміздегі әжелердің барлығы бір үйдің адамындай тату, бір-бірімізге демеу болып, ұлттық өнерді насихаттауды басты мақсат етеміз. Осындай сапарлар бізге жаңа серпін беріп, өнерге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі. Алдағы уақытта да халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі болуға тырысамыз, – дейді ансамбль мүшесі Балтөре Қасымқызы.
Ансамбльдің жетістіктері мен ауыл мәдениетін дамытудағы рөліне ерекше мән берді. Өз кезегінде қолөнер шебері, №126 орта мектептің ұстазы Эльмира Асқарова қазақтың дәстүрлі қолөнерінің терең мағынасына тоқталып, оның ұрпақ сабақтастығындағы орнын айқындап берді. Ал ардагер-ұстаз Райкүл Нұрманова ақын Мұхтар Шахановтың «Ғайша» поэзиясын жүрекке жеткізе оқып, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Сұхбат барысында Рыскүл Құлмағанбетова баян аспабымен Шәмші Қалдаяқовтың «Қайдасың» әнін әсерлі орындап, ұлттық музыканың нәзік иірімдерін шебер жеткізді. Бағдарлама соңы Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда» вальсімен түйінделіп, эфирге ерекше көрік берді.
Сұхбат барысында жүргізушілер тарапынан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты тағылымды сұрақтар қойылып, әжелеріміз өз өмірлік тәжірибелері арқылы мәні терең, тәрбиелік маңызы зор ойларымен бөлісті. Бұл бағдарлама көрерменге ұлттық құндылықтардың қадірін ұғындырып, жастарға рухани бағыт-бағдар беретін жарқын үлгіге айналды.– Осындай тағылымды іс-шараның жүзеге асуына ұйытқы болып, ұлттық өнердің өркендеуіне жанашырлық танытып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым зор құрметке лайық. Атап айтқанда, «БАҚ» шаруа қожалығының басшысы Серік Әбжалиевтің көрсетіп отырған демеушілігі мен қолдауы – ауыл мәдениетінің дамуына серпін беріп, өнер ұжымдарының қанат жаюына үлкен мүмкіндік туғызуда. Осы ретте мекеме меңгерушісі ретінде айтарым мұндай қолдаулар – тек бір іс-шараның шеңберінде қалмай, тұтас ауылдың рухани өміріне оң әсерін тигізетін маңызды қадам. «Ақ әжелер» ансамблінің бүгінгі жетістігі – бірлік пен еңбектің, сондай-ақ осындай жанашыр азаматтардың қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы бастамаларға қолдау жалғасын табады деген сенімдеміз, – дейді Қалжан ахун ауылдық клубының меңгерушісі Дархан Разақов.
Негізінен «Ақ әжелер» ансамблі осыдан 20 жыл бұрын сахнаға шыққан. Соңғы жылдары ұжым қайта жаңарып, жаңа құраммен сахнаға шығып, өнерін жалғастыруда.
Қазіргі уақытта ансамбль құрамында Күнсая Төлегенова, Жұмакүл Ыдырысова, Балтөре Мамаева, Рыскүл Құлмағанбетова, Сара Тілеубергенова, Ақсұлу Байтілеуова, Райкүл Нұрманова, Жалғаскүл Ділдебаева, Эльмира Асқарова, Күләй Есекеева, Айнаш Күлкеева, Бисен Ермаханова, Гүлнар Алпысбаева бар.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ







