Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Театр – өнер мен рухтың үндестігі

Театр – өнер мен рухтың үндестігі

Жақында Сәкен Сейфуллин ауылдық клубында «Театрдың ғажайып әлемі» атты оқушылар арасында танымдық-шығармашылық қойылым байқауы өткізілді. Айта кетейік, №137 орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен жүзеге асқан тағылымды іс-шара – оқушының өнерге деген қызығушылығын арттыруға, театр мәдениетін дәріптеуге және шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталды.

Ең алдымен, жиналған көрерменге тақырыптық пролог ұсынылды. Тақырыпқа сай безендірілген сахнада 5-7 сынып оқушылары сан түрлі кейіпкерлерді шебер сомдап, өз таланттарын көрсетті. Олардың сахна мәдениеті, сөйлеу мәнері мен актерлік шеберлігі көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Іс-шара жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін ашып, өнерге деген ынтасын күшейтті.

Аталған іс-шара гуманитарлық пәндер бірлестігі апталығы аясында бірлестік жетекшісі Гауһар Рахменшееваның бастамасымен қолға алынған болатын. Осы ретте бірлестік құрамына қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәні мұғалімдері кіреді. Әрбір қойылым мектепішілік «Таңшолпан» театрының жетекшісі Ләйлә Қалыбайдың жетекшілігімен ұсынылып, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде жүзеге асты.

Сондай-ақ оқушылар іс-шара барысында қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларынан үзінділер қойды. Атап айтқанда, Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» романынан, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінен, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» шығармасынан, «Қыз Жібек» халық жыры мен Абай Құнанбайұлының қара сөзінен көрініс сахналанды.


Оқушылардың өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасынның құрамында Сәкен Сейфуллин ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Абзал Жақашов, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ақтоты Темірханқызы болды.

Байқау қорытындысында бас жүлдені 7 «а», І орынды 5 «б», ІІ орынды 7 «б», 6 «б», ІІІ орынды 6 «а», 5 «а» сынып оқушылары иеленді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге диплом және бағалы сыйлық табысталды.


Негізінен №137 орта мектепте «Таңшолпан» театры үйірмесі 2023 жылдан бастап оқушыларды өнерге баулу, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және сахналық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жұмыс жасап келеді. Үйірмеде қазіргі уақытта 30-дан аса оқушы бар. Олар сан түрлі қойылымға қатысып, өздерінің актерлік шеберлігін шыңдап, көрермендерге рухани-эстетикалық әсер сыйлауда. Осы ретте театр жұмысы жөнінде №137 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Есекеев тілге тиек етті.

– «Театрдың ғажайып әлемі» атты танымдық-шығармашылық қойылым – оқушылардың рухани дамуына, эстетикалық талғамының қалыптасуына және шығармашылық қабілеттерінің артуына зор ықпал еткен мазмұнды іс-шара болды. Қойылым барысында оқушылар сахна мәдениетін сақтап, өз ойларын еркін жеткізе білді, актерлік шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Мектепішілік «Таңшолпан» театрының жетекшісі Ләйлә Қалыбайдың жүйелі жұмысының нәтижесінде, үйірме жұмысы қарқынды дамып, оқушылардың өнерге деген қызығушылығы артып келеді, – деді ол.

А.ӨТЕПБЕРГЕНОВА
21 сәуір 2026 ж. 47 0