Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиқатқа жүгінсек

Ақиқатқа жүгінсек

Қазақты мәдениеті мен салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен айыра жаздаған қасіретті ашаршылық еді. Елде орын алған ашаршылық құрбандарының аруағына бас иіп, тағзым ету, сондай-ақ тарихтың осынау қасіретті беттеріндегі ақтаңдақтарды болашақ ұрпақ танып білуі үшін сол заманнан бүгінге жеткен тарихи орындар, ол кезеңнің шет жағасын көзімен көріп, өзгелерден естігенін жадында мәңгі сақтай білген, құйма құлақ, көкірегі шежіреге толы жаны жайсаң ел ағаларының ес­теліктерін кеңінен насихаттау­ –­ бүгінгі аға ұрпақ өкілдерінің бас­ты парыздарының бірі.

1550 жылдан бастап Ресей империясы Еуропа елдері секілді отар елді алыстан іздемей-ақ көршілес қазақ елінің кең даласы мен байлығына иелік ету мақсатымен бекіністер сала отырып, отарлау саясатын бастаған. Қазақ халқының оларға қарсы тұрарлық күштік қауқары да жоқ. Жүз жылдан астам үздіксіз Жоңғар, одан Қоқан бектерімен болған ауыр соғыстан қалжыраған ел амалсыз бодандыққа көнбеске амалы да болмады. Мына жағында алып Қытай мемлекеті тұрғандықтан Ресей империясының бекіністер сала отырып, аз уақыттың ішінде қазақ жерін отарлауына амалсыз көнді. Ресейдің бұл жоспары жауынгер халықтың қарсылығына ұшырап, қазақтың соңғы ханы Кенесарының қарсылық соғысының салдарынан ұзақ уақыттан кейін ғана жүзеге асады. Ресей империясының негізгі мақсатын бірнеше жылдан кейін Ресей билік басына келген Кеңес үкіметі толық орындап шық­ты.

Билік басындағылар қазақ халқының бар бай­лығы қолындағы малы екенін білді. Сол бай­лығынан айыру негізгі мақсат болды. 1917 жылғы төңкерістен кейін Қызыл армияны етпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ха­лық­тың қолындағы малы мен астығын түгел тартып алу ісін басқарған Михаил Фрунзе бұл шаруаны ойдағыдай орындап, елді алғаш­қы ашар­шылықтың толқынына ұшыратты. Үкімет басшылығы Ресейдің негізінен ауыл шаруашы­лығымен айналысатын аграрлы ел екенін, енді индустрияны дамытпаса, Германия елі жағынан үлкен қауіп болатынын сезді. Соған орай ин­дустрияға аса мән беріп, сол салада еңбек ететін сандаған мың жұмысшыларға тамақты қа­зақтың мыңғырған малы есебінен орындауға болатындықтан алғашқыда байлардың малын кәмпескілейтін қаулы шығарды. Бұл қаулы тек байларға емес, бүкіл қазаққа қасірет әкелді. Алдымен елдегі байлардың малын тәркілеп, өздерін жер аударып, елден бездіріп жіберді. Кейіннен жалғыз сиыры барларға «екі сиыр өткізесің» деген салық салу салдарынан жалғыз сиырын өткізгендер қынадай қырыла бастайды.

Белгілі журналист Сағат Жүсіптің «Ашар­шылық ақиқаты», Кеңес Нұрпейісовтың «Кө­мусіз қалған боздақтар» мақаласында 1918 жылы Түркістанда Кеңес үкіметі орнағанын атап өтеді. Ол кезде Түркістанға Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өңірлері қараған. Сол жылдары Түркістанда 2 миллион 700 мың қазақ болыпты. Ал 1897 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны 4 миллиондай болса, жиырма жылдан соң 6 миллион болады. Осы көрсеткішке қарап Ахмет Байтұрсынұлының «Әлхамдуллах 6 миллион қазақпыз» дегені ол 1917 жылға дейінгі көрсеткіш еді. Осындай өсім тұрақты болғанда кім біледі бүгінде қазақ саны 50 миллионға жетер ме еді?!

1917 жылдан 1938 жыл аралығындағы ашар­­шылық салдарынан елдегі бар қазақтың саны 2 миллион 100 мың ғана адам болыпты. Қазақтардың «қойша қырылуын» өңірлер бо­йынша талдағанда шығыс аймағынан 379 мың адам жойылған. Мұндағы халықтың көбі елден пана таба алмаған соң Қытай, Ауған, Иран, Туркия асқан. Ал солтүстік өңірі халқының 410,1 мыңынан айырылған. Халқы Батыс Сібірдегі қандастарын паналайды. Ол жерден де пана таппағандар Иркутск, Читаға дейін жетіп, жер­гілікті халықтың малын бағып жан сақтаса, шыдамағандары қатты суықпен, аштықтан қы­рылған. Орталық өңірден 22,5 мың адам болса, батыс өңірі бойынша 394,7 мың адамды қырып жіберген. Бұл өңірдің басым бөлігі өз­деріне көрші Ресей, Түрікмен еліне босып кеткен. Өңірлер ішінде оңтүстік өңірі көп шығынға ұшырағаны көрінеді. Оған себеп Қызылорданы басқарған Гержодтың көп әсері болса керек. 632,7 мың адамынан айырылып, қалғандары теміржолдың көмегімен Өзбек, Қырғыз, Тәжік, Қарақалпақ елдеріне көшіп кеткен. Елінен, жерінен айырылған халықтың барлық өңір бойынша жансауғалай жеткен жерінен ешкім маңдайынан сипай қоймаған. Амалсыз қыз-келіншектер барған жерлерінде жан сақтап қалу үшін екінші, тіпті үшінші әйелдікке дейін барған.

Кейбір деректерде өзбек, қырғыз елінде түнде аштан өлген қазақтарды ат арбамен жинап, көшені тазалайтын адамдар шығарып отырғаны айтылады. Рас болса, өзбек еліндегі бір қалада қаланы босқындардан тазарту үшін «аштарға тамақ береміз» деп алдап, берген астарына у қосып, қанша қазақтың көзін жойған деген де ақпарат бар.

Босқын халық «Әйтеуір ұрпағым аман қал­сын» деп берер еш тамағы болмағандықтан ар­қасындағы жон етін баласының аузына бір түйір қара тұзбен салып береді екен. Сіле­кейімен еріген тұз баланың ішегін жабысып қалудан сақтаса керек.

Билік басындағылар арсыз саясатын жүргізіп отырғанында, «сол билікке қызмет атқарып жүрген ел зиялылары қайда қарап отырды» деген сұрақ туындауы сөзсіз. Әрине, қазақ зиялылары ол кезде бұғып отырған жоқ еді. Жеке-дара қарсы болғандарын ажал құштырды. Одан соң олар топтала іс-әрекет етуге көшіп, биліктің арсыз саясатына тосқауыл бола оты­рып, ашыққан өңірлерге мал, астық жеткізу жұмыстарымен қатар билікті құлату мақсаты бойынша еңбек ете бастады. Бірақ іштеріндегі опасыз жансыздардың сатқындығынан Алаш зия­лыларының 25 мың қайраткері атылып, олар­мен мүдделес ел азаматтарынан 130 мыңы Сі­бірге жер аударылған.

Ашаршылықпен қатар жүргізілген қуғын-сүргін саясатынан кейін босап қалған қазақ жерін орыстандыру саясатын жүзеге асыру жұ­мысы жолға қойылды. «Гулак»-тың бастығы Бирман дегеннің Сталинге жасаған өтінішінде қазақ еліне іштен 2 миллион адам жіберуін сұраса, сол Сталин уақытында компартияның Андрей Андреев деген хатшысы 1931 жылы Ресейден Қазақстанға 150 мың қожалықты көшіру туралы қаулы қабылдайды. Осылай босаған қазақ жеріне сандаған мың орыс мұжықтарын шегірткедей қаптатса, «Бір апам бір апамнан сорақы болды» дегендей, Н.Хрущев билік басына келе «Тыңды игереміз» деген ұранмен қазақтың байтақ қара топырақты өңірін бейберекет жыртып, оны игеретін сандаған мың словян елінің адамдарын әкеліп қоныстандырды және содан қазақ жерінде жүздеген словян елді мекендері пайда болады. Қазақтың елі осылай көп ұлтқа айналып шыққаны белгілі.

Сол жылдардағы зұлмат кезеңінде Қызыл­орда өңірін басқарып тұрған қанышер Гержод туралы Правда газетінің 1920 жылғы 20 маусымдағы 133 нөмерінде «Перовск қаласында (Қызылорда) Гержод деген самодержең отыр. Одан түгел бір халық қырғыздар (қазақтар) қашып көшіп кеткен. Осы кезеңде бір миллионға жуық адам өлген» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Қызылорда халқының түбіне жеткен Гержодтың қырғынынан осы өзіміздің өмір сүріп жатқан Тереңөзек аумағындағы зұлматты көзімен көрген Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы, марқұм Оразбек Бесбаевтың санасында үрейлі кезеңдер мәңгі есінде қалыпты. Ол кезде 5-6 жаста болған. Сол заманда ет жақындары бірге көршілес қоныс тепкен. Аталас туыстары әрі көршілері Ыбырай Тұрымов жанұясындағы 11 жаннан 9 жас сәби түгел опат болса, Есімовтер отбасынан 10 жаннан ешкім қалмаған. Досымов Үсейін үйіндегі 9 жаннан біреуі ғана тірі. Тұрғанбайдың 8 жанынан біреуі қалған. Барлықбай үйінен 6 жанынан тек өзі қалса, Қаражігіт ұстаның үйіндегі 8 жанның барлығы опат болған. Олардың үйі мен дүниесі қаңырап бос қалған. Бұл – бір ауылдағы көрініс. Жақын маңдағы елді мекендегі ағайындар да дәл осындай қасірет болған.

Енді осы өлкедегі жағдайға аз-кем тоқталсақ. №8 бекеттің арқа тұсында «Майлықұм» деген бір шоғыр құм бар. Кешегі ашаршылық кезеңде аштықтан ауып келе жатқан бір қауым ел сол маңдағы «Бидайкөл» көлінің жиегіне келеді. Мұнда қалима болып есеңгіреген балықтар жиналып қалған көрінеді. «Өлмегенге өлі балық кезігеді» деген осыдан қалса керек. Халық аш, балықпен өзектерін жалғап, артылған балықтың іш майларын келер қысқа деп жинаған деседі. Келер жазда құмда қалған балық майы құм бетіне шығуынан «Майлықұм» аталыпты деген аңыз қалған. Бұл да бір сол кезеңнің тарихи ақтаңдақтары.

Осы өңірдегі Қараөзек болыстығын 20 жыл басқарған, аты өңірге аңыз болып қалған, теміржол көпірін салдырған Сауранбай Құлманов болыстың ұрпақтары сол ашаршылықта болыс тұтынған он адамдық үлкен астауы, сырлы табағы мен кебежесін бір дорба астыққа айырбастапты. Бүгінде бұл құнды дүниелер аудандық музей қорында сақтаулы. Кезінде небір қымбат, қалың кілемдер мен әшекей бұйымдар дегенің бір уыс дәнге де өтпей қалыпты. «Алтын күміс, тас екен, арпа, бидай ас екен» деген сөз сол заманынан қалған екен.

Ашаршылық қазақ халқын әлі осылай қыра берер ме еді, егер Германия елі соғыс ашпағанда. Билік өздеріне қауіп төне бастағанда, «Отанымыз бір», «Отанды қорғайық» деген сұр­қиялық үгіт-насихатпен аштықтан аман қалған халықты тағы ұрыс даласына айдайды. Содан ашаршылықта қырылған халық Ұлы Отан соғысына да қатысып, боздақтар сүйегі жат жерде қалды. Билік бос қазақ жеріне сонау Қиыр Шығыстағы кәріс халқын вагон-вагон­мен қазақ жеріне әкеліп, өлгені жолда, өлмегені осында Тереңөзек топырағына жет­кізілді. Нақ­ты айтқанда, 1938 жылы кәріс халқы аудан төңірегіне қоныстана бастайды. Кәріс халқын Қалжан ахун мешітінің дария жақ бетіне, Те­реңөзек кентінің бұрынғы «Загодзерно» тұсына, Асқар ауылының кіреберісіндегі Қара­сай бойына тастап кеткен.

Ел адамдары 1960 жылдарға дейін құмда кәріс халқының қайтыс болған кісілерінің дене сүйектері шашылып жатқанын көріпті. Шағандық Төлеп Мыханов ақсақалдың мәліметі бойынша билік аудан көлеміндегі барлық кәрістерді топтастырып, Шаған аумағында күріш егісімен ай­налысатын екі шаруашылыққа біріктірген «Красная заря» колхозына тұрақтатқан. Бұл маң қазіргі Шаған ауылының оңтүстік-шы­ғыс жағында шамамен 8 шақырымдай жерде орналасқан. Кейін шаруашылыққа су жетпей, көрші Шағанның солтүстік-батыс жағында орталықтан бес шақырымдай жерде орналасқан «Контонская коммуна» колхозына біріктіріледі. Содан кәріс халқы өздерінің еңбеккештігін көрсетіп, сандаған еңбек озаттары елге таныла бастаған. 1949 жылы күріш егуден Хан Николай Семенович «Қызыл Ту» орденін алса, Цой Ги Хва «Социалистік еңбек ері» атағына ие болған.

Бұдан бөлек аудан көлеміне кәріс халқымен шамалас шешен халқы да қоныс тепкен. Бұл шешен халқы кәрістер секілді бөлек шаруашылық құрмаса да, жергілікті халықтармен бірге өмір сүрген. Олар Тереңөзек кентінде ескі «Быт­комбинаттың» шығыс жағына орыналасса, Ас­қар ауылының «Айжан кеткен» каналының шығыс жағына қоныс тепкен. Бүгінде сол жерді тұрып жатқан ел адамдары «Шешен ауылы» деп атайды. Ал Ақжарма ауылының аумағында «Қарабөгет», «Ескі Абай» елді мекендерінде ше­шендер мекен еткен.

Аудан көлемінде әлі сырын ішіне бүгіп жатқан, қойнауы тарихқа толы, зерттеуді күтіп жатқан мекендер жетерлік. Соның бірі – Тереңөзек ауданы көлемінде Қараөзек дариясының арғы бетінде орын тепкен, кезінде тікелей Мәскеуге бағынышты болған елді мекен. Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров 1929-30 жылдары Мәскеудің арнайы нұсқауымен Саратов қаласынан бір вагон адам Қараөзек станциясынан түсіріліп, ат арба, құрал-саймандарымен «Ақиін» елді мекеніне келіп орныққанын айтады. Содан жергілікті халықтың қол күшін пайдалана отырып, Қараөзек дариясының осы иілген жерін «Қарабура» әдісімен тосып байлағанда, су тасқыны бөгетті 2-3 сағаттан соң бұзып өтіпті. Негізгі мақсат – 1929 жылдары Сырдария суының азаюына байланысты, Қараөзек дариясының сол Ақиіннен бері 5-6 шақырымдай жерде арал қалыптастыру. Соның нәтижесінде, дариядан саға алып, бірнеше гектар жерді айналып, арна қайта дарияға құйып тұрған. Вагонмен келгендердің бас жоспары осы аралға не мақсат екені белгісіз мемлекеттік деңгейдегі мекеме құрылысын жүргізу болса керек. Келген маман жұмысшылар ел адамдарының кө­мегімен бастау сағасын бөгеп, аралға кірер жол салдырған. Әрі қарай тұрғылықты жұртқа кесек құйғызып, қызмет ететін азаматтар үшін ұзын барақ үйлермен, қоршаулы барақтар салдырған. Міне, сол маңда тікелей Мәскеуге бағынышты әрі қызметкерлері де сол жақтан тағайындалып, бүкіл қажеттілік осы Мәскеуден жабдықталатын жабық мекеме «Психколония» жұмыс істей бастаған. Бұл мекеме неліктен «Психколония» деп аталған? Егер есі ауысқандар үшін болса, неге «Есі ауысқандар емханасы» деп аталмаған. «Колония» деп аталуында бір құпия бары анық. Бұл мекеменің сыртқы қара жұмысын тұрғылықты халық атқарғаны тағы бір күдік ұяла­­­тады.

Осы аралдың сыртқы арқа тұсындағы жа­ғасында лепрозория ауруына шалдыққан­дардың балалары үшін балалар үйі болса, бұл мекеме де кейіннен осы аралға көшірілген. Дүниеге келгеніне үш ай толған сәбилер осы мекемеде өсіп, онжылдық білім алып шығатын еді. Халықтан оқшау, сыртпен байланысы еш болмайтын, аса құпия мекеме болды. «Психколония» мекемесінің солтүстік-шығысында «Қоянбай» деген қыстау маңында тұрғындар шала көмілген адам сүйектерінің шашылып жатқанын көргендерін айтады. Бұл сүйектер туралы екі нұсқа бар дейді олар. Біріншісі, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары билікке қарсы болғандарды ату орны болған десе, екіншісі ашаршылық кезінде тобымен келе жатқан аш адамдар сүйегі болу ғажап емес. Не де болса мұның да сол бір қуғын-сүргіннің салдары екені айқын.

Жалпы, осы төңіректе бұрынғы қасіретті ке­зеңнің іздері бар. Оларды тереңірек зерттеп, шындығын ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің мін­детіміз. Өйткені, кейінгі толқын бізге ел еге­мендігінің қандай жолмен келгенін білуі тиіс. Бұл тұста, ақиқатқа жүгінсек игі.


Жәнібек МАХАНБЕТ,
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі аудандық жұмысшы топ мүшелері

30 мамыр 2023 ж. 365 0