Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Үндеуі жазықсыз жазаланғандар рухына құрметтің белгісі

Президент Үндеуі жазықсыз жазаланғандар рухына құрметтің белгісі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасады. Үндеуді республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің электронды сайтынан оқыдым.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңге әділ баға беріпті. Нәубетті жылдардың және оның құрбандарының есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтыпты. Расында да тарихи датаның мәні мен маңызын, халқымыз үшін тигізген кері әсерін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Президент Үндеуінде: «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.  Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым» деп атап өтті. Бұл жазықсыз жазаланғандар рухына көрсетілген құрметтің жарқын белгісі. Ендігі мақсат Мемлекет басшысы айқындап берген бағыт бойынша тыңғылықты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қиын кезеңнің зардабына әділ баға беруіміз керек. Ол үшін тарихшылар аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Бұл біздің бабалар алдындағы парызымыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің Бас редакторы 



30 мамыр 2020 ж. 550 0