Тоғанас батыр көшесінің тарихы
Газет оқырмандары өткен жылы басылымнан кент көшелері айдары бойынша танымдық мақалалар оқыған болатын. Іргесі кеңейіп, халық саны артып, даму белесіне бет бұрған кент күн сайын көркейіп келеді. Жаңа көшелер салынып, тұрғындар да жаңа қоныс иесі атануда. Кент бойынша жетпістен астам көше бар. Олардың көпшілігін газет бетінде жарияладық. Бүгін Тоғанас батыр көшесі туралы, көше есімі берілген батыр жайлы біраз мағлұмат беруді жөн көрдік.
Тереңөзек кенті әкімінің 2 ақпан 1996 жылғы №7 шешімімен бұрын Н.Крупская атанған көшеге ержүрек батыр Тоғанас батыр есімі берілді. Кенттегі ірі көшелер Ғ.Мұратбаев, И.Тоқтыбаев, О.Әбілпаттаев көшелерімен қиылысатын бұл көшеде көбіне тұрғын үйлер орналасқан.
– Осы көшеге 1997 жылы көшіп келдік. Қазір жасым 83-те. Құдайға шүкір, бала-шағамызбен өсіп-көбейіп жатырмыз. Көшеміздің байырғы тұрғындары да бар. Бақыт пен Алтын, Талап пен Айткүлмен туыстай болып кеттік. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні Наурызды төрт көзіміз түгел қарсы алып, арқа-жарқа боламыз. Көшенің үлкені деп бата сұрап келетіндер бар. Кезінде ерім Шәкі Оспанов ауданға еңбегі сіңіп, қызмет етті. Құрметке бөленіп, талай марапат алды. Қазір шаңырақта ұлым Абат пен келінім Оразкүл мені бағып-қағып отыр. Бұрын бұл маң кенттің шет көшелері болса, қазір орталық көшеге айналғандай. Самаладай жарқыраған түнгі шамдар жарқырап тұр. Үлкен жол жөнделгенмен, қиылыстардан өтетін жерге асфальт төселсе, жаңбыр жауған күндері жүргіншілерге де қолайлы болар еді. Көктем айларында көгалдандыру кезінде ағаштар отырғызылса, арыққа су келсе, көше жасыл желекке оранар еді. Сыр еліне аты шыққан Тоғанас батырдың атындағы көшенің тұрғыны болғаныма қуаныштымын. Балаларым мен немерелерім, шөберелерім қарашаңыраққа айналған үйімізге келіп-кетіп жатса, одан артық ана үшін бақыттың да керегі жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заман болсын, – дейді көшенің қарт тұрғыны Қарақас Оспанова.
Енді көшеге есімі берілген батыр туралы ақпарат беріп өтсек. Атақ-даңқы ел асқан Тоғанас батыр кім болған деген сауалға ең алдымен батырдың ұлт азаттығы үшін күрескен біртуар ер болғаны ұрпақ санасында жаңғыруы тиіс.
Тоғанас Бәйтікұлы 1807 жылдары туғаны туралы деректер бар. Өмірден 1864 жылдары өткен. Әкесі Бәйтік батыр болған. Арғы бабалары Бәймембет пен Тойқожа да Сыр өңірінде батырлығымен аты шыққан тұлғалар. Ел аузында қалған жыр-шумақтарында, атақты Базар жырау, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары кезінде Бәйтіктің ерлігін жырларына қосып, арнау арнаған.
Тоғанас батыр да ел-халыққа жасалған қыспаққа шыдамай, Хиуа мен Қоқанның шапқыншылығына қарсы тұру үшін қолына қару алып, атқа қонған. Батыр туралы кең таралған аңыздың бірі 16 жасында жоғалған атын іздеп жүріп, жолбарысқа кезігуі. Жыртқышпен бетпе-бет кезіккен Тоғанас батыр оны құлатып, терісін сырып, ауылға арқалап келгені халық арасына тез тарайды.
Жауға тойтарыс берген шайқастардың бірі – Хиуа хандығына қарсы шабуыл. Қазақтың батырларымен бірге Күмісқорған маңында болған шайқаста қазақ жасағы жеңіске жетеді. Осы шайқастан кейін батырдың даңқы асады. Қолбасшы, қаһарман батырдың есімі Бұқарбай, Жанқожа, Байқадам секілді басқа да батырлармен қатар аталады.
Тағы бір ел арасында тараған аңыз-әңгімелерге зер салсақ. Алыс сапардан келе жатқан Тоғанас батырдың керуеніне тұтқиылдан шабуыл жасалады. Тоғанас батыр сытылып шығып, сол маңға жақын орналасқан Шағырай ауылына жетеді. Жасы егде тартқан Шағырай батырдан қару алып, бір өзі жауды талқандайды. Ерлігіне риза болған Шағырай Тоғанасқа өз қызын береді.
Қожанияз, Бесқала, Күмісқорғанға шабуыл жасап, қорғандарды бұзуы хиуалықтарға қарсы жүргізген күрестің ақыры жеңіспен аяқталады. Осындай күресте Тоғанастың жанында Сырдан шыққан Жанқожа, Қыстаубай, Бұхарбай, Жаназар, Есет батырлар болады.
Қара халыққа қарсы шабуыл, тонау, салық салу озбырлығынан талай елді аман алып қалған Тоғанас батырдың елі үшін туған ер екенін айқындайды.
Дегенмен 60-тан асқан шағында мерт болған Тоғанас батырдың қазасы туралы нақты дерек айтылмайды. Бір жерде батыр өз өлімімен қайтыс болды делінсе, енді бір жерде қаһарманның түркі батырының қолынан қаза болғаны айтылады. Ал Қуаңдарияның маңындағы «Тоғанас» деп аталатын белгі бар. Бұл белгіні «Батырдың мерт болған жеріне қойылған ескерткіші» деп көнекөз қариялар айтқан.
Жалпы, Тоғанас батырдың өмірі мен батырлығы туралы, оның жорықтары жайлы көптеген аңыз-әңгімелерге жерлесіміз, этнограф-ғалым Тынышбек Дайрабай зерттеу жүргізіп, кітап жазғанын айтуымыз керек.
Бибісара ЖАНӘЛІ