Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тулақ туралы білесіз бе?

Тулақ туралы білесіз бе?

Әлемде мал шаруашылығын жете меңгеріп, оның өнімдерін игеруде теңдессіз жетістіктерге жете білген қазақ еліндей ел жоқ шығар. Біз мұны мақтаныш сезіммен айта аламыз. Өйткені, мал өнімін қалдықсыз игеру, атап айтқанда, жүн-терісінен бастап қиына дейін өз қажетіне тиімді жарата білу ықылым заманнан қазаққа ғана тән.

Ата-бабамыздың ұрпағына қал­дыр­ған өнеге­сін, яғни, күнделікті тір­шілікте өз қажетін өтеу үшін орындаған өнер туындыларын өскелең ұр­пақ санасына сіңіру, ғасырлар бойы сақталған құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі біздің бас­ты мақсатымыз және перзенттік борышымыз. Сондықтан да қолға қалам алып, ұмыт болып бара жатқан жәді­герлерді жаңғыртуды мақсат етіп отыр­мын.

Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан тәсіл­дердің бірі. Сондықтан бұған байланысты түрлі-түрлі ұғымдар туды. Мәселен, ірі қара малынан бас­тап, қой-ешкі терілерінен атқаратын қызметіне қарай тулақтар дайындау ісі қалыптасқан.

Алдымен анықтама беріп өтсем. Тулақ деге­німіз – тай немесе басқа да ірі қара малдарынан, сондай-ақ қой-ешкі терілерінен шикілей керіп жасалатын кептірген көн, төсеніш. Мұны мал түріне қарай тай тулақ, қой тулақ, ешкі тулақ деп сараланып атайды. Тулақ жасау үшін жаңа сойылған малдың терісі шелінен, көк етінен арылтып, тазалап алынады. Егер тері өте майлы болса, аққұс (күйдірілген әк тас), ащы (сортаң топырақ, тұзды көлдің сазы) жағып, майдан тазартылады. Терінің майын алу үшін бұрын­ғылар құстың саңғырығын да жаққан. Содан кейін теріні тегіс жерге немесе тақтайға керіп, шегелеп тас­тайды. Керілген терінің үстіне тұз себіліп, әбден кепкен тері қатайып, көнге айналады. Негізінде, теріні күн көзінен таса жерде, яки көлеңкеде кептірген абзал.

Кезінде ауқатты отбасылар жаз­ды­гүні ашық далаға тулақтарды тө­сеп, үстіне қой терісінен жасалған бөстектерді жайып, таза ауада демалысын өткізген. Ал басқа мезгілдерде киіз, кілемдер астына жерден ызғар өткізбес үшін төсеніш еткен. Тұрмысы төмен отбасылар үшін тулақ негізгі төсеніш қызметін атқарғанын тарихтан аңғару қиын емес.

Енді тулақтар түріне арнайы тоқ­талып өтсем. Ешкі терісінен орын­далған тулақтың ерекшелігі көп. Ешкі түгі қылшықты болуы әрі терісі қатты берік болуына байланысты олардан жасалған тулақ жаз мезгілі кезінде сыртқы табалдырық алдына төсеніш етілген. Одан бөлек, тамызыққа отын тасығанда, адам арқасын жа­ра­қаттамау үшін де ешкі тулағы пайдаланылған. Ал қой терісі ешкі терісіне қарағанда жұмсақ әрі жылы болғандықтан қой тулағынан отыратын бөстектер дайындалыпты.

Тай тулағын жүн сабағанда тө­сеніш ретінде пайдаланған. Егер сабайтын жүн көп болса, бірнеше әйел бірігіп сабайды. Жүн сабарды болған соң көмектескен адамдарға шашу тамақ береді. Оны «тулақ шашу» деп атайды. Сабау ағашты түзу өскен жыңғылдан дайындайды. Жүн сабағанда жылдам жүру үшін жүнді тулақтың үстіне жайып, екі-үш адам қатар айнала отырады да, екі қолдарына сабау ағашын ұстап, екі қолды кезек сермейді. Сабалатын жүннің сапасына қарай жүн сабаудың көсіп сабау, есіп сабау, екшеп сабау, қос қолдап сабау, қаржып сабау, кезек қолдап сабау деп аталатын түрлері бар. Әдетте, жүнді 2-4-6 адам дөңгелене отырып сабайды. Одан көп болса тығыздық етеді. Сабау түрлеріне қарай қол бірдей сермеліп оты­­ру керек. Мұның өзі еңбектің бір ырғақты дабылындай болып, естіген адамды әуезді әсерге бөлесе, сабау білмейтіндердің жүн сабағаны бидай қуырғандай бытырланып, естіген жұрттың берекесін алған. Осыған байланысты «Жүн сабағанда шыққан ды­быс­қа тулақ та ортақ» деген сөз қалған ел ішінде.

Ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде босағаға тулақ төсеп отырғызатын дәстүр болған. Күйеу жігіттің қайын ата­сының төріне шығуға қақысы бол­маған. Бір мысалдарда жас жігіт қайын атасының үйіне келгенде жеңгелері астына қой тулақтан төсе­ніш төсеп, босағаға отырғызып қойса керек. Сол үйдің үлкен қабаған иті болып, бөтен адамды көрген төбет оқыстан үріп қалғанда, күйеу жігіт шошынғаннан төрге секіріп шықса керек. Сонда бір жеңгесі бетін шымшып «Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетті ғой» десе, күйеу жігіт есік жақтағы төбетті нұсқап «Мына төбеттей бәлекет «арс» етіп тура ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ көріне кірерсің» деген екен.

Халқымыз күзгі-қысқы соғымға неме­се басқа да қажеті үшін сойыл­ған мал терілерін бүлдірмей, аса ұқыптылықпен сапалы етіп дайын­далған терілерін базарға шығарып, тері өңдеу кәсібімен айналысатын кәсіп иелеріне пұлдап отырған. Осылайша, мал терілері халық қажеттілігі үшін тулақ, төсеніш әрі пұл болса, ашыққанда жүрек жалғар ас та болған екен. Бүкіл балалық шағы аштық құрсауында өткен бір аға ұрпақ өкілі аштықтың ащы дәмін әлі ұмыта алмай, кейінгі ұрпақтың бұл зұлматты бастан кешірмеуін тілейді. Ол «Аштық бізге не жегізбеді дейсің? Аштықтан қатқан көн тулақты да жедік қой. Бір ауылдың шетінде екі үй көрші тұрдық. Сырқат анаммен аты киіз үй демесең, лашықты паналадық. Көршіміздің бізге қарағанда әйтеуір ішіп-жемі бар. Үйінде менімен шамалас баласын шаруашылық жұмысына кеткенде үйіне қамап, сыртынан мықтап бекітіп кететін. Біз ашпыз, үйде тіске басар ештеңе жоқ. Осы көрші үйдің төсеніш киізінің астында ірі қара тулағын көретінмін. Көршілер жұмысқа кет­кенде мен киіз үй есігінің саңлауынан баладан ана тулақтан бір бөлік кесіп беруін өтінемін, ол кесіп беретін еді. Тулақ кесіндісін үйге әкеліп қай­на­тып, анам екеуіміз жүрек жалғап, қорек еткен едік. Осылай анда-санда алған бір кесінді тулақ терісі бізді аман-есен күзгі жиын-терімге жеткізіп, аштықтың ажал тырнағынан құтқарған еді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі, аузыңнан кетпес» дегеннің рас екеніне көзім жеткен еді» дейді.

Байқап қарасақ, тулақты кезінде халқымыз үнемі пайдаланған. Ал қазір мал терісінен ту­лақ жасайтындар көп емес. Мұның пайдасын жоғарыда атап өттім. Сондықтан қазіргі уақытта да тұрмыста мұның қажеттілігі жоқ емес. Мұны жаңғыртқаннан еш ұтыл­масымыз анық.


Жәнібек МАХАНБЕТ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
07 қаңтар 2023 ж. 668 0