Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмыт болған дәстүрлер

Ұмыт болған дәстүрлер

Салт-дәстүр – атадан қалған мұра. Ол әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Салт-дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Алайда қазақ елінде ертеден қолданып келе жатқан салт-дәстүрлер ұмыт болып бара жатыр. Мүлдем қолданыстан шығып, ұмыт болғандары да баршылық.
Қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеп жүрген ғалым, сыншы Дандай Ысқақтың айтуынша, қазақ халқы салт-дәстүрді ешқашан аттап өтпеген. Оны құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Өйткені сол арқылы барлық қарым-қатынасты ушықтырмай реттеп отырған. Яғни көп мәселені дәстүр жолымен шешкен.
Енді сол ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізге тоқталсақ.
Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері көп кәде беретін болған.
Шөміш қағу. Көктемде сәуір айының бас кезінде көкжиекті бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы кезде ата-бабаларымыз «Күн күркіреді» деп үлкен қуанышпен қарсы алған. Осы алғашқы күн күркіреген кезде киіз үйдің босағасына, табалдырығына ағаш шөмішті тигізіп «Айран, сүт көп болсын, жақсылық болсын, жабырқау жоқ болсын, ел-жұрт тоқ болсын» деп тілеу тілеп, алғашқы найзағайлы күркірек жаң­­бырын қарсы алған.
Ауыз тию. Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл «қарашаңырақтың иесі» қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастархан үстінде келген адам дәмнен ауыз тиюге тиісті деген ырым бар.
Сыралғы. Олжалы, қанжығасы қан­далып келе жатқан аңшыдан кездескенде сұралатын жол «сыралғы» деп аталатын болса керек. Аңшылар сыралғының сөзін жерге тастамайды.
Асату. Мұны жазушы С.Мұқанов өзінің «Ха­лық мұрасы» деген кітабында кең насихаттап жазған. Дастархан басында отырғанда төрде отырған ақсақал табақтағы етті қолымен қонақтарға, жастарға асатады.
Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрып­тардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да, оны «бәсіре»деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады.
Қонақ кәде айту. Үй иесі қонағына «Қонақ кәде айта отырыңыз» деп қолқа салатын болған. Ол «өлең айтыңыз, күй тартыңыз, өнер көрсетіңіз» деген тілек, қонақтың өнерін, қабілетін сынау, көңілді отыру. Сол себепті қазақтар баласын жастайынан ән айту, күй тарту тәрізді өнерге баулыған. Өйткені қонақ кәде айта алмау ұят саналған.
«Халық – қалың орман, ірі пана, әрі қорған» деп Қ.Мырзалиев ағамыз айтқандай, әр халықтың өзінің кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді естен шығармай, көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жалғастырып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтығымыз бен салт-санамызды еш уақытта сарғайған тарих беттерінде қалдырмаған жөн.


Фатима МАРАТҚЫЗЫ

26 мамыр 2020 ж. 1 366 0