Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қолөнер құрдымға кетпесін

Қолөнер құрдымға кетпесін

Ұлы даланың ұрпақтары сақ, ғұн, түркілер мен оғыз-қыпшақтарға жылқыны тізгіндетіп, оған ат әбзелдерін, үстеріне алтынмен апталған киім, аяғына өкшелі етік, қолына бес қаруын дайындап, әлемге өркениет нұрын себуге жағдай жасады. Табиғи шикізаттарды өңдеп, одан адамзаттың тұрмыс қажетін өтейтін бұйымдарды шығарды. Ұлттық өнерді қалыптастырған қолөнер шеберлері заманынан озып туып, бүгінгі заманның ғылым жетістіктерін сол кездің өзінде жете білген. Олардың ізбасарлары – бүгінгі шеберлер сол ізгі дәстүрді жалғап келеді ме?
Алдымен бағзыдан келе жатқан бабалар қалыптастырған өңдеу түрлеріне аз-кем тоқталып өтсек. Кезінде ұсталар металл, ағаш, тері, жүн, сүйек-мүйіз, тас, керамиканы қолданып түрлі бұйымдар жасаған. Оны дайын­дағанда ұлттық нақыштағы ою-өрнек­термен безендіріп, эстетикалық талғамға сай етіп орындаған. Оны жіктейтін болсақ, әуелі металл өңдеу арқылы ауыл шаруашылық құрал-саймандарын әзір­леген. Қара темірді отқа қыздырып, қамырша илеген шеберлер әскери қару-жарақ, басқа да дүниелерді металды өңдеу арқылы іске асырған. Осындай дүниелерден зергерлер асыл тас, алтын, күмістен сәндік бұйымдар жасап шығарған.
Ұсталарымыз ағаш өңдеу тәсілін өте шебер меңгерген. Ер-тұрман, музыкалық аспап, ыдыс-аяқ және өзге де қажеттіліктерді ағаштан жасап, керегіне пайдаланған. Ағашпен қоса тері өңдеуді де алтын қолды шеберлеріміз қалыптастырып, киім-кешек тігу өнері, етікшілік, ат әбзелдерін жасауға машықтанған.
Ерте кезде ақ жаулықты аналарымыз жүн өңдеудің қыр-сырын жетік білген. Сол арқылы кілем тоқу (тақыр кілем, түкті кілем, қоржын, алаша, басқұр, т.б) мен киіз басу өнері (текемет, киіз үй жабдықтары, ердің тоқымдары, т.б) дамыды. Ұлттық өнерді өркендетуге себін тигізіп, әйел-аналар үйді жабдықтады. Сонымен бірге сүйек-мүйіз өңдеу, тас өңдеу де бізге ежелден келе жатқан құндылық саналады. Бұл сол заманда бабаларымыз мен аналарымыздың ашқан өнер жаңалықтары, ал қазіргі буын әлі ешқандай жаңалық аша алмауда.
Қолөнер сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжіри­бесі және табиғатты түсіне білудің, сонымен қатар шеберлік пен суреткерліктің құдіретті туындылары десек, шебер ұсталардың жан дүниесінен өзіндік ерекшелігімен өріліп шыққан өнер туындысы – адам жанын рухани байытып, талғам тынысын, көңіл көкжиегін кеңейту құралы. Ал көрерменнің өнер туындысынан алған ләззаты шеберге деген ризалық сезімге ұласпақ.
Қазақ қолөнер шеберлерінің орындаған өнер туындылары, адам өміріне керекті тұрмыс­тық және шаруашылық құрал-жабдықтары экологиялық тазалық жағынан әлемде теңдес­сіз болды. Теңдессіз дейтініміз, қолөнер ше­бер­­лері жасаған дүниелердің талғамға сай жасалуын, оның ұзақ қолданыста болуын, эс­тетикалық әсемдігін ешбіреумен салыстыруға болмайды. Міне, осындай ертеден жеткен ұлт­тық өнерді әрі қалай жалғастыруға қазіргі буында кемшін тұстар жетерлік. Бұл арада тек бүгінгі шеберлерді кінәлауға болмас. Оған тұтынушы ортаның да үлесі айрықша ықпал етеді. Яғни ұлттық өнер туындысына деген сұраныстың төмен болуы құндылықтарды дә­ріп­теуге кері әсерін тигізуде.
Жасыратыны жоқ, бізде аға ұрпақ өзінен кейінгі жастарына үнемі көңілі толыңқырамай, оларға сыни көзқараспен қарайтынымыз анық. Алайда қателік өзімізден екенін кейбіріміз біле бермейміз. Әрбір ата-ана өз ұрпағының бағбаны десек, олар ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп, санасына сіңірту қажет. «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» демекші, аталы сөзді айтып қана қоймай, соны іспен дәлелдеп, өнеге етуі тиіс. Қолөнерге деген баланың құлшынысын арттырып, құнды­лықты қастерлеуге дағдыландырған жөн. Себе­бі сол өнерді қазақ баласы үйренбесе, өз­ге біреу дәріптемейтіні бесенеден белгілі. Жана­шырлық танытпасақ, ұрпақтар сабақтас­тығында қолөнерді жеткізу дәстүрі үзіліп қал­мақ.
Бүгінгі таңда біздер ұрпақ тәрбиесінде біраз нәрседен ұтылудамыз. Мәселен, дене еңбегі мен ой еңбегі арасындағы байланыс ажырап қалды. Оған дәлел қазір бізде теориялық бі­лім басым. Тәжірибеге келгенде шорқақпыз. Одан кейін икемсіздік пен шыдамсыздық пай­да болды. Бұл арада кей жастарымыз іске икемсіздігімен қатар қиыншылыққа төзе ал­мауы, әр нәрсеге байыппен қарай алмауы опық жегізуде. Сондай-ақ қазіргілер істен гөрі сөзге бейім болып алған. Себебі кейбіреулері жақ­сы қолөнер туындысын «Мен де жасай ала­мын, бірақ оған уақытым жоқ» деп құр сылтау сөзге үйір болып алған. Ал осындай теріс қылықтардан аулақ болғанда қолөнердің ұрпақ тәрбиесіне берері көп. Атап айтқанда, жастардың бойындағы теориялық білімін, еңбекпен ұштастырып, белгілі нәтижеге жетуге, шыдамдылық пен төзімділікке бейімделуге дағдыланады. Сонымен бірге айналасындағы дүниелердің көркемділігі, нәзіктілігіне мән беріп, жауапкершілікті сезінеді. Өзгенің еңбе­гіне құрметпен қарауға бейімделеді. Оған қоса қолөнерге деген ынтасы артып, сол арқылы құндылығымыз жандана түседі, оған деген сұраныс та арта түспек.
Жалпы бұл тақырыпты қаузағанымыз – ұлтымыздың өнері өркендеп, оған ел жастары атсалысса дейміз. Осыған қатысты аға буын мен кіші буын арасындағы сабақтастық үзілсе, ұлт үшін қайғы болмақ. Сондықтан қолөнерге деген құрметіміз болып, шебер ұсталарды дәріптеу – бізге міндет. Оның өрісі кеңейіп, сұраныс артып жатса ұлт өнері алға қарай дами беретіні сөзсіз. Тек немқұрайлылық танытып, барымызды бағамдай алмай қалмасақ болғаны.

Жәнібек Маханбет,
қолөнер шебері
25 ақпан 2020 ж. 765 0