Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қабдеш пен Қалтай

Қабдеш пен Қалтай

Сол Алматы. Сол көше. Сол қыс. Жерді жапқан қырбық қардың жамылғысына дейін жұп-жұқа. Қыс деген аты ғана. Ақырған аязы да жоқ. Жұлқынған желі де жоқ. Қолды тоңдырмайды. Құлақты шымшымайды. Әріректе, яғни, қос классиктің ар жағында, көп қабатты үйдің бер жағында өңкей бір ақ «Волгалар» сап түзеп тұр. Демек, бүгінгідей молдасы көп емес, «Волгасы» көп ілгерідегі дәуір...

Әйгілі қаламгер мен көрнекті драматург кездейсоқ жолығысып қалды ма, әлде арнайы әңгімелесуге шықты ма, кім білсін, бірақ елге танымал екеудің арасында айтылып жатқан сөздің салмақты екені айдан анық. Оны қос қаламгердің бір-біріне қаздия қарап тұрысынан, бет-әлпетіндегі қозғалыстан, көздің қиығынан, қабақтың керілуінен байқайсың. Екеудің езуіндегі тек өздеріне ғана жарасатын мағыналы мысқыл да аңғарылмай қалмайды. Қазақтың сөзінің жілігін шағып, майын ішкен, ақ қағаздың бетіне әр сөйлемін ғана емес, әр әрпін әрлеп түсірген шын шеберлер не туралы пікірлесіп тұр екен?!


Тарихи тақырыпқа әлі келе қоймаған жас Қабдеш Жұмаділовтің алғашқы көлемді шығармасының бірі «Көкейкесті» романы еді. Мектепте оқып жүргенімізде жарық көрген бұл туынды біздің қатарластарымызды ару Алматыға ғашық етті. Бәріміз де қалада туған, ауылдың бесігінде тербелген, өзі қайратты, өзі білімді, өзі қыз-қырқынға өтімді Жәнібектей болғымыз келді. Темір тордың арғы жағында кейде тәуір адамдар да отырады деген түсінікті ой-санамызға алғаш рет осы Қабдеш ағам орнықтырды. Бұл романды оқысаң, өмірдің өрін де, төрін де көрген Дулат Шалғынбаевтай қадірлі қарияның әсерлі әңгімесін тыңдауға құштарлығың оянады. Оны айтасың, Жәнібектің ерке кластасы Жаннамен армансыз әзілдесіп, Мәскеуде оқып жатқан Қарлығаш сұлуды іздеп, тартып кеткің келеді. Соның бәріне қапысыз сендірді ғой Қабдеш ағамның қара қаламының құдіреті. Ал енді менің жұмыртқадан жүн қырқатын, содан соң қырқып алған жүндерін сол жұмыртқаның қыр арқасына түп-түгел қайтадан егіп бере алатын удай пысық курс­тасым Мұратбек Тоқтағазиннің атақты жазушы Қабдеш Жұмаділовтің үйіне қалаған уақытында емін-еркін кіріп-шығып жүргенін көргенімізде тіптен есіміз ауатын...

Қалтай Мұхамеджанов – өзіміз өскен Сыр елінің тумасы. Баршаға танымал дарынды драматург. Жас шағында жазған комедиялары жөнді-жөнсіз сынға ұшырап, арбасының тертесі терлей бастағанда әлем құлақ түрген Әуезовтің өзі араша түсіп, оны апайтөсімен қорғап, «Біз бұл күлкіге дән ризамыз!», – деп берекелі батасын берген. Қалтайдың қалжыңдары – әдемі әзілдің, тосын тапқырлықтың, шебер шымшыманың, мәнді мысқылдың, әрлі әжуаның үйлесімді үлгісі. Қалтайдың аудармасы кез-келген елдің туындысын қазақ топырағына тастай батырып, судай сіңіріп жібереді. Кейбір бірқақпайларының қалай туғанына өзіміз де куәміз. Бірде «Жас алашта» жұмыс істеп жүрген кезімде Қалекең шақырды. Араласпаған адамым. Кеңеспеген кісім. Өзі басқаратын «Түркістан» газетіне қызметке алғысы келетінін айтты. Онысын ойланып отырып, көзін сығырайтып, ернін сәл жымқырып, «Маған найзағайға нан пісіріп алатын жігіт керек болып тұр!», – деп жұқалап жеткізді. Тіркес ғажап! Лезде көз алдыма көп нәрсе елестеп кетті. Бірақ мен жарқ еткен найзағай түгілі кәдімгі қара табаның өзіне өмірі бірдеңе пісіріп көрмеген бейбақ едім. Сондықтан ардақты ағамен жылы қоштасып, босағада ілулі тұрған былғары курткамды ала қаштым. Шыққан соң «найзағайға нан пісіре алатын» еті тірі Тоқтағазин досыма айтып көріп едім, «найзағайың да, наның да, Қалтайың да - өзіңе!», – деді. Сөйтіп, қазақ қалжыңының атасы Қалтай ағамен қызметтес болудың реті келмеді.

Сонымен, Алматы, қыс, көше... Ел білетін екі алып... Осынау қайталанбас сәтті елгезек фототілші Шүкір Шахай суретке түсіріп алыпты. Қабдеші мен Қалтайы жоқ Алматыға тағы бір қыс таяп қалғанын сезген соң абзал ағалар еске түседі.


Бауыржан ОМАРҰЛЫ
29 қараша 2022 ж. 326 0