Заманның заңғар жазушысы
Шығармашылық саласы жаныма жақын әрі негізгі қызметім де әдебиетке қатысты болғандықтан, газет-журнал не кітап көрсем парақтамай өтіп кете алмайтыным бар. Әдеттегідей, әлеуметтік желіні қарап отырып, «кітап сатамын» деген хабарландыруды көзім шалды. «Білу» батырмасын басып, шолып шығайын дедім. Сөйтсем, өзімнің құрбым өзі оқып болған кітаптарын сатылымға шығарыпты.
Бұл бір жағынан тиімді екен. Кітабыңыз сөреде шаң басып тұрмайды, өзіңізге болашақта қажет бола қоймайды-ау деген кітаптарды дүкен бағасынан сәл арзанға сатып, өзгелердің де сол кітаптарды оқуына себеп боласыз. Сонымен не керек, «бар кітабыңды әкел, сатып аламын» дедім. Құрбым да құп көріп ертесіне сіңлісінен бір дорба кітапты жолдап жіберіпті. Соның өзінде маған дейін әлемдік деңгейдегі бірнеше кітаптың сатылып кеткенін және ескертіпті.
Қысқасы, он шақты кітаптың ішінде ерекше қызығушылығымды оятқаны белгілі жазушы Сафуан Шаймерденовтің шығармалар жинағы болды. Автордың есімі бұрыннан таныс болғанымен, шығармалары есімде жоқ, тіпті, бұған дейін көп оқымаған екенмін. Жаңа «достарыммен» Сафуан Шаймерденовтің шығармаларынан бастап танысуды жөн көрдім. «Қарғаш», «Ит ашуы» повестері мен бірнеше пьесасы топтастырылған кітап қолға алғаннан өзіне еріксіз баурап әкетті. Жазушы тілінің көркемдігі мен баяндау шеберлігіне сондай тәнті болдым. Негізінде, Сафуан Шаймерденов – кезінде оқырман мен көрерменнен өз бағасын алып, өзін дәлелдеп кеткен жазушы. Әдебиет әлемінде жүріп мұндай шебер жазушымен енді танысқан өзімді кінәлі сезіндім. Шеберлік пен тілдік көркемдікті кейінірек, алдымен ҚР Халық жазушысы Сафуан Шаймерденов туралы бірер сөз жазсам.
Жазушы 1922 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиет сыншысы, Қызылжар қаласының құрметті азаматы. Жазушы тек әңгіме, повесть сияқты жанрларда ғана қалам тербемеген. Әдебиет әлеміне тереңінен енген ол драматургия, сын және аударма айдынында еркін жүзген. Алғашқы романы 1953 жылы жарыққа шыққан жазушының талай пьесасы театр сахналарында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.
Әдебиетке М.Әуезовтің ақ батасымен, тәлімімен келген жазушы еңбегі еленіп кезінде Қазақстан Жазушылар одағының, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Сондай-ақ «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендері де төсінде жарқыраған. Жазушы шығармашылықтан бөлек, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамаған. Саяси жағдайларға орай өз пікірін білдіріп, халықтың жоғын жоқтаушысы болған. 1986 жылғы оқиға кезінде де салқын саясаттан жасқанып қалмай, қазақтың басына төнген зауалды ашық айтқан. Одан бөлек, өзі туған Солтүстік Қазақстан облысында бірде-бір қазақ мектебінің болмауын тиісті орындарға жеткізіп, 1996 жылы тұңғыш ұлттық мектептің ашылуына септігін тигізген. Жазушы Сафуан Шаймерденов әдебиет әлеміне енгенде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар «Жас буыннан талантты жазушы шықты» деп сондай қуанып, сүйінші сұрасқан екен деседі.
Замандастары мен қаламгер інілерінің естелігіне сүйенсек, Сафуан Шаймерденов көп жазғанымен көп кітап шығара бермейтін, кім көрінгенді мақтап, өзі де мақтана бермейтін, салқынқанды, бірбеткей адам болған. Індете зерттеуіміз барысында Төлен Әбдіковтің заңғар жазушы туралы көп жақсы пікірін кезіктіргенімізбен, екеуінің ағалық-інілік қарым-қатынасы бейбіт түрде басталмағаны туралы бір сұхбаттан оқығаным бар еді. Жазушы Төлен Әбдіков пен Сафуан Шаймерденов бір себептермен келіспей қалып, тіпті амандық-саулық сұраспайтын күйге жеткен екен. Сол кездер Т.Әбдіковтің қазір көпке танылған «Оң қолы» талқыға түсіп жатқан кез болса керек. «Арада біраз уақыт өткенде жыл қорытындысы болды. Шеткеріректе Қабдеш екеуіміз отырғанбыз. Кекшіл деп естуші едім, азар болса жамандар деп отыр едім. Сөз кезегі тигенде Сафекең менің шығармамды талдап, мақтап ала жөнелді. Әбден ұялдым. Шыққаннан кейін Сафекеңнен кешірім сұрадым, содан кейін ағалы-інілі дос болып кеттік» деп жазады Т.Әбдіков сол кездерді еске алып. Бұл оқиғадан Сафуан Шаймерденовтің нағыз азаматқа тән мінезін айқын аңғаруға болады. Біздіңше, сол жерде осалдау біреу болса, жеке мәселені аралыстырып, тәп-тәуір шығарманың шырқын бұзар ма еді. Бірақ әдебиетті бөлек әлем деп біліп, сөз қадірін бәрінен биік қойған жазушы өзінің көргендігімен, көрегенділігімен оңды оң деп бағалағаны – нағыз азаматтық. Осы оқиғадан кейін бір дәуірдің қос жазушысы әдебиетте де, өмірде де дос болып, өмір бойы сыйласып өткен екен.
Шығармашылығы ерекше ұнап, авторды зерттей бастағанымда небір дерекке кезіктім. Расында да, өмірде таза, әділ адамдар болады ғой. Тура, тік айтқанымен арғы жағы, түпкі көңілі кіршіксіз. Біздіңше де, Сафуан Шаймерденов осындай тұлға болған. Оны жазушының замандастарының қалдырған естеліктерінен айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ заңғар жазушы өзінің кім екенін, әдебиеттегі орнын да жақсы білген. Сонысымен бірге, өте қарапайым. Жазушылар арасында ең алғаш «Волга» машинасын мінген де Сафуан Шаймерденов екен. Ол туралы Қабдеш Жұмаділов өз естеліктерінде жазған. «Жазушы, шығармашылық адамы» десе, техникалық салаға ебі жоқ адам елестеуі мүмкін. Бірақ Сафуан Шаймерденов көлік тізгіндегенімен бірге, қаламның ғана емес техника тілін де жетік меңгерген адам болған. «Біз көргенде жеке көлік Мұхаңда, Сәбеңде, Ғабеңде ғана бар болатын. Әрине, ол кісілер машина рөліне отырған жоқ. Жүргізуші қызметін пайдаланды. Ал өз машинасын өзі айдаған «шопыр жазушының» алғашқысы – Сафуан ағамыз еді. Және ол кісі машинаны қалай айдайды! Сафекең рульде отырғанда «Волганың» көркі арта түскендей болатын. Сафуаннан қалғысы келмей оның достары Тахауи, Әбдіжәміл, Бердібектер де көп кешікпей машина алды. Бірақ олардың көлігін көрсетіп, кеңес сұрайтын «автомеханиктері» – Сафекең еді» деп жазады Қабдеш Жұмаділов. Бірде Әбдіжәміл Нұрпейісов су жаңа «Волгасының» жол ортасында қалып қойғанын хабарлап Сафуан досын көмекке шақырыпты. Не болғанын сұрағанда, «Білмеймін, қай жерін шұқыласам да жөнге келмей қойды» деп көліктің «бұзылғанын» және қосыпты. Сафуан Шаймерденов аптап ыстықта бәрін тастап, жолда қалған Волганың жайын білуге асығып жетпей ме. Сөйтсе, машинаның құр бензині бітіп қалған екен. Сонау жерден алқындырып шақырғанына ызаланса да, «Әй, Әбдіжәміл, машина жанармайсыз жүрмейді ғой. Бакті неге бензинге толтырып қоймайсың?» деп сабырлы қалыппын дәріс оқыпты. Мұндай қызықтар техниканың тілін жетік білген жазушының басында талай өткен шығар...
Жазушы тілінің қарапайым, сол ретте өте көркемдігі мені ерекше жақын тартты. Шығармаларды оқып отырып, кітапқа еріксіз «кіріп» кетесің. «Енді не болар екен?» деп келесі беттерді асыға парақтайсың. Сол кітапты оқып бастағалы кешкілік жұмыстарымды ерте бітіруге асығатын болдым. Сондағым, үй шаруасынан қол қалт еткенде сүйікті кейіпкерлеріммен «қауышу». Бірде күлдіріп, бірде ерекше күйге бөлейтін шығармаларды бірінен кейін бірін оқи түскің келеді. Қысқасы, шығармаларын оқып көру керек.
Айта кетейік, өз заманының шындығын айтып, халықтың сөзін сөйлеген, көпшілікпен сыйлас болып, үлкенге де, кішіге де құрметті болған, әдебиет айдынының түрлі жанрында еркін бой жазып, оқырманына өшпес мұра қалдырған Сафуан Шаймерденовтің туғанына биыл 100 жыл толды. 2007 жылы дүниеден озған алып таудың құлағанына – 15 жыл.
Айтпақшы, бұрын-соңды есімі таныс болғанымен жазушы шығармашылығымен етене танысып, шабыттануыма себеп болған құрбыма арнайы алғыс білдіруді естен шығармадым. Ол да қуанып қалды. Есесіне, өз ойымдағы сүйікті жазушылар мен шығармалар қатарының толыққанына мен де қуаныштымын.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ