Елге еңбегі сіңген
Артына өшпестей із қалдырып, есімі жұртшылық жадында жатталып қалған тұлғалар жетерлік. Олар ел ісіне араласып, өңірдің, өлкенің дамуына қажырлы қызмет қылған. Қызмет барысында туралықты ту етіп, елдік мүддені жоғары қоя біліп, елдің құрметіне бөленген. Олардың есімін жас ұрпақ жаттап өсуі тиіс. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ерекше аталған. Сондықтан біз саналы ғұмырында елге қызмет қылған Оспан Мәлібаев туралы айтпақпыз.
Оспан Мәлібаев 1899 жылы қазіргі Сырдария ауданындағы өзінің атымен аталатын ауылда дүниеге келген. Ол 15 жасынан бастап еңбекке араласып, байларға жалшы болады. Жас кезінен бастап небір нәубетті бастан өткереді. Ал 1920-1925 жылдары Ташкент, Бұхара қалаларында жұмыс жасап, кейін Қызыл әскер қатарында Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысады. Содан соң елге оралып, түрлі мекемелер мен өндіріс орындарында жұмыс істейді.
Еңбекпен есейген жан «Қызылдихан» колхозына колхозшы болған. Ол 1940 жылға дейін осы колхозда бригадир, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сол жылдың желтоқсанында колхозшылардың есеп-беру сайлау жиналысында колхоздың шаруашылық қорытындылары талқыға салынады. Колхоз басқармасын және басқарма төрағасын сайлау мәселесі қаралғанда колхоздың көпсалалы шаруашылығын басқаруға колхозшылар бірауыздан Мәлібаев Оспанды атады. Осы салада өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылған тәжірибелі маман шаруашылық төрағасы болып сайланады.
Колхозды басқарған жылдары елді мекен экономикалық жағынан нығайып, мәдениеті көтерілді. Колхозда электр станциясы, диірмен жұмыс істеді. Колхозшылардың көпшілігі стандартты үйде тұрды. Колхоз клубы, монша және басқа құрылыстар іске қосылды. Бұл ұтымды іске жұртшылықты ұйыстыра білгеннің нәтижесі болған.
Соғыс жылдары «Қызылдихан» ұжымшарының колхозшылары Отан қорғау қорына 2516 центнер астық, 185 центнер ет, 151 мың дана жаңа жылы киім, танк колоннасын жасауға 145 мың сом ақша берді. Бұл жылдары әр колхозшының үйіне жылына 52 келі ет, 6 келі сары май, жүн, жұмыртқа салығы салынды. Жыл сайын мемлекеттік заемға бір ірі қарасын сатып, ақша төлейді. Мұның өзі колхозшыларға өте ауыр тиді. Бұдан қосымша Отан қорғау қорына ақша астық, жылы киімдерін берді. Оспан Мәлібаевтың ұйымдастыруының арқасында егілетін жер көлемі, одан алынатын өнім көбейіп, мал басы өсті. Бидайдың гектарынан 10 центнердің үстінде өнім жиналды, мемлекетке 2259 центнер астық өткізілді. Төрағадан бастап бірнеше адам Бас қолбасшы Сталиннің «Алғыс хатын» алды. Колхозда жақсы еңбек етудің арқасында адамдар ашыққан жоқ.
Соғыстан кейінгі жылдары МТС-тен техниканы алғаш сатып алған да осы «Қызылдихан» колхозы болатын. Ауылда дизельді электр станциясы жұмыс істеп, «Ильич шамы» жарқырады. Қиыр Шығыстан жер ауып келген Шин Хегай деген корейге темір-терсектен күріш ақтайтын, ұн тартатын диірмен құрастырып, осы жерде алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімі өңделді. Ал одан бұрын Мун және К.Телғозиевтің шеберлігімен 200 орындық клуб үйі салынған.
Колхоздың табысы 1956 жылы бір миллион 400 мың сомға асты. Колхоздың экономикасының нығайып, табысының молаюы колхозшылардың еңбеккүнінің құнын арттыруға мүмкіндік берді. Колхозшылар әрбір еңбеккүнге 5 сом 25 тиыннан ақша, екі жарым келіге жуық астық алды.
1956 жыл – Тереңөзек ауданының өмірі үшін үлкен өрлеу жылы. Әсіресе, ауданда «Қызылдихан» бастаған «Ақарық», «Контон коммуна», «Қызыл ту» атындағы колхоздар жыл сайын қой өсіру жоспарын артығымен орындады. Жүн мен ет тапсыруда, малды өз төлі есебінен өсіруде табыс еселене түсті. Аталған шаруашылықтар табыс есебінен жыл сайын 500 мың сомның үстінде таза пайда таба бастады. «Көкем ауылға арнап мектеп және тұрғын үй саламын деп қамшылап жүр. Пайданың көзі малда екенін білгесін шопандарды қадағалайды, жағдайын да жасайды. «Қараөзек» төңірегіндегі қоралардың астын барған сайын бақылайды. Қи қалыңдап кетсе малды шығарып жібереді де, ауыл адамдарын жинап, оны шығаруға кіріседі. Қидан малдың іш тастайтынын әр шопан біледі. Бұл алдағы жылдың төліне зиян. Кімде қанша қой бар, өлгені қанша, күйекке түскені нешеу, күйі қандай, бәрін жатқа біледі. Ауылдағы партия ұйымының хатшысы Халықов Төлеген де солай. Міндеттерін бөлісіп алған секілді, бірі егінде болса, екіншісі қой ауылда жүреді. Тыным жоқ. Шопыры Орынтай жас та болса тынымсыз тіршіліктен сүрініп-жығылып жүр» деп еске алады ұлы Темірхан.
Тәжірибесі мол, білікті жетекші басқарған колхоздың дәулеті шалқып өсті. Колхоз шаруашылығының өрге басуының басты себебі еңбек ұйымдастыру мәселесінің дұрыс жолға қойылғанынан деп білу керек. Бригадаларда, звеноларда, фермаларда, еңбек тәртібі қатаң сақталды. Колхозшыларға еңбек жазу және еңбекке ақы төлеу тәртіпке келтірілді.
1963 жылы колхоздар мен совхоздарды шоғырландыру кезінде О.Мәлібаев құрметті еңбек демалысына зейнетке шықты. Ол басқарған колхоз «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозға айналды. О.Мәлібаев зейнетке шыққанымен, совхозда бөлімше басқарушысы қызметін абыроймен атқарды. Оспан Мәлібаев лайықты құрметке ие болып, колхоз бірнеше мәрте Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелеріне қатысты. Кейін «Ленин», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.
1992 жылы 30 қазанда совхозға Оспан Мәлібаев есімі берілді. Кейіннен ауылдық округ Тереңөзек кентіне қосылды. Қазір елді мекен кентке қарасты мөлтек аудан болып саналады.
Әділбек ШӨЖЕЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері