Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Роза Бағланованың Бақалыдағы концерті

Роза Бағланованың Бақалыдағы концерті

Өткен ғасырдың 70 жылдарының бас жағында Большевик колхозының партия ұйымының хатшысы Қошан Орынтаев С.Сейфуллин орталау мектебінің директоры болып жаңадан тағайындалған әкем ­Болатбекке кеп: - «Біздің колхозға ертең кешке Қазақстан мен КСРО-ның Халық артисі, «Қазақконцерттің» әнші-солисті, жетекші сахна шебері Роза Тәжібайқызы Бағланова келеді. Соған 4 ауылдан халық шақырылады. Концерт соңынан сіздің жаңа қызметіңіздің шашуы болсын, Алматыдан келген және колхоз басшыларын қарсы алып, күтсеңіз», – деген тілегін айтады. 

Қазақ мейман күтуден қашпаған. Әкем қонақ күтуге қызу әзірлік бастап, концерт өтетін орын етіп мектеп артындағы ойын алаңқайын таңдайды. Бақалы (О кезде ауыл «Қызыл диқан» аталған) ауылының мәдениет үйі тар, халық сыймайды. Әкем мен партия ұйымының хатшысы сол таза ауада баяғының көшпелі қазақтары секілді өткізуді мақұл көреді. Бұл шешімге колхоз белсенділері де тоқтайды. Колхоздың жүк мәшинесінің артқы қорабы төмен түсіріліп, астына кілем төселіп, әншіге жоғары көтерілу үшін арнайы саты әзірленеді. Алаңқайға қадалар орнатылып, алаң жарықтандырылады. Мынандай күздің қоңыр салқын кешінде Көктөбе, Қосбөлтек, Теріс, Нұрлыкент ауылдарынан кәрісі бар жасы бар халық ағылсын-ай келіп. Бір-бірімен қауқылдасып-көрісіп, күліп-ойнаған жастар алаңға толды.

Белгіленген уақытта Роза Тәжібайқызы қасында өзімен Алматыдан «Қазақконцерттен» ілескен нөкерлерімен дала сахнасына қазақы киіммен халыққа тағзым етіп иіліп сәлем беріп, халық та қошеметпен дуылдата қол соққан думанды сәт мәңгі есте қалыпты.

Әлемнің 54 елінде өнер көрсеткен қазақтың таңдайына «бұлбұл ұя салған» қызы концертті қазақтың «Желсіз түнде жарық ай», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» т.б. ескі әндерін құйқылжыта орындаумен бастады. Бұдан өзге орыс, венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан және бірнеше тілдегі әндерді де нақышына келтіре орындады.

Әнші қай елге барса да, жергілікті халықтың әнін міндетті түрде орындап, үлкен ықыласқа ие болған. Біздің колхозда да аталған ұлт өкілдерімен қоса, неміс, шешен, татар ұлт өкілдері де қатысқан еді. Ел концертке дән риза. Тынымсыз, ұзақ шапалақпен кей әндерді қайталатып орындатып жатты. Апамызға қос бұрым мен үкі таққан жырға, қазақы киім керемет жарасым беріп тұрып еді. Концерт кемі екі сағатқа созылды. Ел-жұрт Роза апамыздың мәнді концертінен рухани ләззәт алып, күліп-ойнап, жарқылдап-жайнап дабырласып тарасып жатты.

Келісілген уәде бойынша  колхоз партком хатшысы Роза апаны Болатбек әкеміздікіне бастап әкеледі. О кісінің шашбауын көтеріп, колхоздың басқарма төрағасы Л.В.Кисилев жұбайымен, бұрынғы партком хатшысы А.И.Попов әйелімен, әкім, соғыс ардагерлері Төрен Сейтаев, Райымбек Сатыбалдиев, Тұрмағамбет Мықтыбеков, бас экономист Шайділда Исмаилов, ферма меңгерушісі Әмірсейіт Шойбекұлы т.б. көп кісілер мектеп қожайынының үйіне қонаққа келеді. Жамырай қошеметпен қарсы алу сәтінде әкем есік ашып «Келіңіз, төрлетіңіз!» деп ізет көрсетіп тұрғанда, екі әйел баласы Роза апаны қолтығынан демеп, баспалдақпен көтерілуіне қолғабыс еткендердің бірі білімді апамыз Қаршыға (жұрт Нәлше дейтін): – Нешедесіз? – деп сауалдап үлгірді. – 50-демін, – деді Роза апа. Қаршыға Аңламасқызы апамыз: – Құрдасым, қызымдай екенсің ғой! – дегенде, Роза апа ризашылықпен жалт бұрылып, әдемі жымиғаны көз алдымызда, бүгінгідей еді...

Ішкі төр бөлмеге бағыт сілтеп, есіктерді ашып жүрген әкемнен Роза апа оң жақ бөлмеде қазақы зерленген кимешекпен, биік әдемі күндікпен аппақ шағаладай боп отырған Тындықыз (Сары деп атайтын жұрт) әжемізді көріп, кілт бұрылды.

Әжемнің көргенде ақ кимешегін,
Еркебұлан күй кешемін.
Жайылған мейірімдей ақжаулыққа,
Астасып ақ көңілмен үйлесемін.
Кимешек киесіндей салтымыздың,
Ақ жаулық пейіліндей халқымыздың.
Арындай қазағымның әжелері-ай,
Жанына ең жақыны жалпымыздың –деп, Роза апа әжеме әдемі де әсерлі жылы сөз айтып, қасында біраз аялдады.

Әжем де қарап тұрмады: – Бұлағың ағып тұрсын, шырағың жанып тұрсын! – деп, әрі қарай жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас, жәннаттың пісіп тұрған алмасындай. Иә, Алла, тура жолға өзің баста! – деп, ізгі ниет тілек айтқан еді. Ата салтың халықтық қалпың! – дегендей, Роза апа мен әжемнің қысқа сұхбатының өзі тағылым алатындай еді!

Халыққа, оның ішінде өзінің туған қазағына қалтқысыз қызмет еткен Роза Бағланова әкемнің төрінен кеп осылай орын алып, жайғасқан еді. Қазақтың «екі шәй, бір етінің» алғашқысына ден қойды қонақтар.

Роза апа ауыл ағаларымен түйдей құрдас та болып шықты.

– Мен Қызылорда облысының Қазалы шаһарының тумасымын, 1922 жылы 1 қаңтар да туғанмын. Әкем Тәжібай бақуатты, қос некелі  кісі болған. Екі әйелі қатар босанып, татар қызы Мәриямнан Ыдырыс есімді ұл, екінші әйелі қазақ қызы Ақкүріштен мен туғанмын. Руым 12 атаның бір атасы жағалбайлы, «жылқысын көптігінен баға алмайды». Мектеп тәмамдаған соғыс алдындағы жылдарда Қызылорда пединститутына оқуға түскенмін. Әкем кенет дүние салып, о шаһардағы оқуды жалғастыра алмадым. Ташкент тоқыма институтына ауысып, оқу орнында даусым ерекше көзге түсті. Өзбек филармониясының директоры Кари Якупов есік алдын сыпырып ыңылдап ән салған мені әйелдер ән-би ансамбліне әншілікке қабылдады. 1941 жылы  Мәскеу консерваториясына жолдама алдым, – деді Роза Бағланов. 

Әкем Болатбектің кең дастарханындағы қадірлі қонақтарға басиелікті партком хатшысы Қошан Орынтаев жасап, қонақтарға кезекпен сөз беріп отырды. Әншімен бірге отырған ауыл ағаларының бірі майдангер Шайділда ата  Роза апаға: - Сіз осы отырған ұрыс майданында болғандардың баршасымен құрдас екенсіз. Сіз де біз секілді ұрыс даласында жауынгерлер алдында ән айтып, жауынгерлерді рухтандырған деп естігенбіз, осы туралы айтсаңыз, –деді.

– Иә, «Тірлік басқа болса да – тілек бір, Бармақ басқа болса да, білек бір» деген қазақтың нақышына сай мен әлемді аралап жүріп, мың түспен әрленген декоративті сахнада ғана емес, ашық майдан алаңында да қайсарлықпен оқ пен от ортасында күн-түн қатып жаумен айқасып, қар төсеніп, мұз жастанып жүрген жауынгерлер алдында оларды рухтандыратын ән айттым. 1943 жылы соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде, көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен, – деді Роза Бағланов. 

Роза Бағланова осы жарақатқа байланысты көзіне бірнеше мәрте ота жасатады. Кейде мүлде көрмей қалатын кездері де болған.

1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жүрген қазақ әншісі туралы Мәскеуде жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп жырлайтын ақын Жұбан Молдағалив естіп, оның елге оралуына себепкер болған.

Анам Күлайнаның әзірлеген қызыл күрең шәйі мен қонаққа арнап сойылған қой еті балбырап пісіп, қонақ алдына тартылды. Сол дәуірдегі қазаққа жат «орыстың ақ ащы суы» да қойылып еді, Роза Тәжібайқызы шыны аяқты қолға алып, тілек сөз айтқанымен, әлгі «ащы су»-дан татып алмады.
1957 жылы Америкада Елизаветаның   алдында ән салған Роза Бағланованы патшайымның өзі: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ, олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» деп бағалаған екен. «Әзербайжанның екі байлығы бар. Оның алғашқысы – мұнай, екіншісі – Мүсілім Магомаев», – деген екен Гейдар Алиев.

«Иә, әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім. Маршалдар – Г.К.Жуков, Р.Я.Малиновский  бәрі де әніме, үстімдегі қазақтың қынама бел жарасымды ұлттық киіміме қызықты, «дала қызғалдағына ғашық болдық деді», – дейді Бағланова.

Бақалы ауылында өткен «Дала қызғалдағы» Роза апаның ән кеші осылайша есте қаларлық, тағылымды, әсерлі өтіп еді. Біздің үйде тікесінен тік тұрып қошемет пен қызмет көрсеткен жандар мен күні кеше майданнан қан кешіп оралған өз құрдастарына, үй иелері Болатбек пен Күлайна, Рақыманбек пен Құрманкүл, Айдар, Беріктермен әсіресе Тындықыз әжеме Роза апа алғыс айтып, ризашылық сезімін білдірген еді.

«Отырыс есте қаларлық боп өтіп, бір-бірімізбен қимай қоштасқан едік. «Әйел – қоғамның қозғаушы күші» дегенге имандай сенген сәт еді бұл» деп еске алады әкем.

Ол халық алдына шыққанда әнді ­микрофонсыз айтып, өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтерді, жан жүрегін жадыратты, елге қуаныш сыйлаған еді.

Роза Бағланова «Халық қаһарманы» атағына ие болған қазақтың жалғыз әншісі.  Роза Бағланова ұзақ жылдық еңбегі үшін «Тарлан»  қоғамдық  және «Дәнекер» халықаралық сыйлығымен, «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен марапатталды, «Халық қаһарманы» атанды. Ұлы Тәжен мен келіні Марал өсіп-өніп, қаһарман қызға Ақерке, Тәжібай, Үрбибі есімді ­немерелер сыйлаған.

«Дүние – керуен, өмір – жол, жолмен жүрген керуеннің алды да, арты да біз емес!» дегендей, Роза Бағланова 90 жыл ғұмыр кешіп, 2012 жылы дүние салды. Тірі болғанда биыл 100 жылдығын тойлар едік. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, қазақтың таңдайында бұлбұл құс ұялаған Роза апа рухы пейіште шалқысын!

Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА,
29 қазан 2022 ж. 327 0