РОЗА БАҒЛАНОВА АТЫНДАҒЫ ІV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АҚМАҢДАЙЛЫМ» ӘНШІЛЕР КОНКУРСЫ БАСТАЛДЫ
Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы ІV республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсы 6-7 қараша күндері өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, Роза апамыздың келіні, «Алтын Сақа» қайырымдылық қорының төрайымы Марал Бағланова қатысты.
Қазақ елінің мақтанышына айналған, ән падишасы, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова бар ғұмырын ұлттық ән өнерінің өркендеуіне арнады.
Қазақтың халықтық музыка өнеріне өшпейтін із қалдырған Роза Тәжібайқызының орындаушылық шеберлігі тұрғысында жас әншілерді табу, ескі халық әндері мен қатар қазіргі заман композиторларының әндерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған конкурсқа Алматы, Астана, Шымкент, Көкшетау, Семей қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда облыстарынан барлығы 20 үміткер қатысып, бақ сынайды.
Конкурста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ержан Абдрахманов, Сембек Жұмағалиев, Р.Бағланованың келіні Марал Бағланова, Күләнда Қалымбетовалар төрелік етеді. Конкурстың гала-концерті әншінің туған жері Қазалы ауданында өтеді. Ереже бойынша конкурста әншілер екі ән орындайды (І-турда әнші Р.Бағланованың репертуарындағы әндерден бір ән, ІІ-турда Қазақстан композиторларының қазіргі таңдағы заманауи жазылған бір ән).