Жиырма жасында батыр атанған
Осыдан 77 жыл бұрын неміс басқыншыларына қарсы соғыста кеңес әскері Жеңіс туын желбіретті. Қан майданға аттанғандардың көбі елге ауыр жарақат алып, мүгедек болып оралса, Отан үшін шейіт болғандар майдан даласында мәңгілікке дамыл тапты. Кеңес жауынгерлері арасында қазақ жерінен аттанған қаншама боздақтармен қатар қазақтың қаршадай қыздары да ерлік көрсетіп, ер азаматтармен қатар етігімен қан кешті.
Биыл қазақтың Қаһарман батыры Мәншүк Мәметованың туғанына – 100 жыл. Осынау тарихи датаны күллі қазақ жұрты атап өтеді. Батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы тарихи деректер ұрпаққа мұра болып қала бермек. Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова туралы тарихшы, журналист Бақытжан Абдул-Түменбаев өзінің мақаласында баяндайды. Мақалада айтылғандай батыр атағы қайсар қызға қаза болғаннан кейін берліген.
Мәншүк Мәметованың өмірі туралы жазған қаламгер «Мәншүк 1922 жылдың 23 қазанында Батыс Қазақстан облысы Орда ауданындағы Жиенқұм елді мекенінде дүниеге келген. Анасы Тойылша, әкесі Жиенғали кішкентай қыздарын «Моншағым» деп еркелеткен. Негізінен шын есімі Мәнсия болса керек, бірақ кішкентай қыз өзін «Мәншүк» деп атағандықтан кейін құжатына да Мәнсияның орнына Мәншүк деп жазылған. Мәншүкті өз ата-анасы 3 жасында немере інісі Ахмет пен келіні Әмина Мәметовларға қолқалап сұрағандықтан берген екен. Саратов қаласында тұратын Ахмет «Мәншүкті өзім оқытамын» деп уәде бергендіктен қимастықтан беріп жіберген. Бұл кейін белгілі болғандай дұрыс шешім болған. Себебі 1932 жылы аштық кезінде Мәншүктің ата-анасы Жиенғали мен Тойылша Мәметовтер миллиондаған қазақтың бірі болып аштықтан өлген» дейді.
Мәншүкті бауырына басқан Ахмет отбасымен Алматыға қоныс аударып, онда 1931-1938 жылдары тұрды. Ахмет – жоғары білімді дәрігер, Әмина әдебиет пәнінің мұғалімі болатын. Мәншүк №28 мектепте үздік оқыған. Сталиндік репрессия бұл шаңырақты шайқалтты. Ахмет «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, атылып кетті. Сол жылы мектеп бітіріп медициналық институтқа түсемін деген арманы іске аспай, Мәншүк рабфакта екі жыл оқыды. Рабфакті бітірісімен «Қазақ ССР-нің» Халық комиссарлар кеңесінде хатшы болып, жатақханада тұруға мәжбүр болды. Себебі Ахмет «халық жауы» болып атылып кеткен соң Әмина өзгеріп кеткен болатын. Мәншүк комсомол қатарына өтіп, мединститутқа оқуға түседі.
1941 жылы соғыс басталғанда Мәншүк әскери комиссариаттың есігін тоздырып, майданға сұранумен болды. Мәншүк медициналық институттың 2 курсында оқып жүргенде жоғары жаққа өтінішті жазумен болды, ақыры өтініші қанағаттандырылды.
1942 жылдың 13 тамызында Алматыда жасақталып жатқан №100 атқыштар бригадасының штабына писарь-хатшы болып, екі қазақ қызы Мәншүк Мәметова мен Мәрзия Сарлыбаева алынды. Бригададағы 4890 адамның басым көпшілігі қазақтар болды, солардың бірі кейін жазушы болған Әзілхан Нұршайықов еді. Штабта Мәншүк көп болған жоқ. Медициналық институттың 2 курсын бітіргендіктен дала госпиталіне медбике болып ауыстырылғаны жазылған журналистің көлемді мақаласында.
Ұлы Отан соғысы туралы естеліктердің бірінде шайқас кезінде жаралы жауынгердің жарақатын байлап жатқанда Мәншүк фашистердің келіп қалғанын байқап, пулеметтен оқ жаудырып, жаралыны аман алып келеді. Мұны көрген бригаданың саяси жетекшісі подполковник Сақтаған Бәйішов Мәншүкті қысқа мерзімді пулеметшілер курсына жібереді. Курстан келген соң сержант М.Мәметова пулемет есебінің командирі болып, қарамағында оқ тасымалдаушы және оқтаушы көмекшісі болады. «Екі көмекшісінен артық емеспін» деп пулеметті бөлшектеп жорыққа шыққанда 120 келі тиісті жүкті үшке бөліп, 40 келі жүкті қыз болса да арқалап жүрді. Батальоннның комсоргі болып саяси жағынан да белсенді болып, қатарларын ақ жарқын мінезімен баурап алатын.
Бригадада қазақ жігіттері көп болғандықтан Нұркен Құсайыновты ұнатып, кездесіп жүрді. Екі жас бір-бірін сүйгендіктен «соғыс аяқталғанша үйленбей жүреміз» деп уәделескен.
Қазақтың қайсар қызының ерлігі туралы мына жазбада анық жазылған: «1943 жылдың 15 қазанында Псков облысының Невель қаласының түбіндегі Изочи станциясы үшін кескілескен шайқас басталады. Аға сержант М.Мәметова бекінген биіктікті басып алмақшы болған жау үсті-үстіне шабуылға шыққанмен ала алмаған соң минометпен снаряд жаудырады. Жердің астан- кестені шығады. Басына снаряд жарықшағы тиіп есінен айырылып қалған Мәншүк есін жиғанда екі көмекшісінен айырылып қалғанын көріп, пулеметпен жақындап қалған жауға оқ жаудырады. Гранат лақтыратындай жақындап қалған фашистер гранат лақтырып, пулеметтің үнін өшіреді. Алайда гранат Мәншүктің оң аяғының сүйегін жұлып кеткен болатын, дереу белбеумен байлап, қанын тоқтатып алған соң қайтадан пулеметтен оқ жаудырады. Бұл оның соңғы сәті еді. Совет жауынгерлері көмекке келгенде Мәншүктің екі қолы пулемет гашеткасына жабысып қарысып қалған болатын. Әрең ажыратып жансыз денесін плащқа салып, маңайында 72 фашистің жайрап жатқанын көрді. Осы шайқаста сүйген жігіті Нұркен Құсайынов та ерлікпен шайқасып, қаза табады».
Қаза болған жауынгерлерді Невель қаласында үлкен ор қазылып бірге көмеді. Кейін ол жерге бауырластар зираты салынып, Мәншүкке ескерткіш орнатылады. Осы соңғы шайқастан соң бір аптадан соң 23 қазанда Мәншүк 21 жасқа толған болатын. Ерлігі үшін Мәншүкті Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапаттайды.
Кейін бұл әділетсіздікке шыдамаған Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин: «Өз кеудемдегі батыр жұлдызымды берсем де Мәншүкке батыр атағын бергізбей қоймаймын» деп СССР Жоғары Кеңес төрағасы М.Калининге дейін шағым жазғаны мәлім. Ақыры аға сержант М.Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы берілгендігі туралы Жарлыққа 1944 жылдың 1 наурызында М.Калинин қол қояды. Шығыс халықтары ішінен қазақтың екі қызына ғана Мәншүк Мәметоваға 20 жасында, Әлия Молдағұловаға 19 жасында қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
Бибісара ЖАНӘЛІ