Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауқыметке толы тағдырлы жылдар

Тауқыметке толы тағдырлы жылдар

Жыл сайын көктемнің соңғы күні ел тарихында қаралы, қайғылы, қасіретті жылдарды «Ашаршылық және реп­рессия құрбандарын еске алу күні» деп белгіленіп, аталып келеді. Бұл күн елімізде 1997 жылдан бері атаулы дата ретінде күнтізбеге енді.

Қазақ халқын қынадай қырған зұл­мат жылдар туралы әр қазақтың бала­сы білуі тиіс. Себебі миллиондаған ха­лықты жұтқан қасіретті жылдардың құр­­баны – ата-бабаларымыз, қазақтың зия­лылары мен белгілі азаматтары болды. Тарихшылардың «Қолдан жасал­ған құрбандық, аштық, қуғын-сүргін болма­ғанда қазір қазақтың саны 30 миллионға жетер ме еді» деген пікірі шындыққа жанасатындай.

Бір емес, бірнеше мәрте қазақ даласына келген нәубет алғаш рет 1929 жы­лы болған. 1932 жылы қайталанған ашар­шылық жылдары халық қынадай қы­рылды. Аман қалғандары туған жерді тастап, өзге елге босып кетті. Қазаққа жа­сал­ған қиянат кезінде ел басқарған Го­ло­щекин алдымен байларға, содан соң жағдайы орташа шаруаларға, кейін­нен кедейлерге де салық салып, қия­нат жасағанын тарихи деректер растайды.

«Жұт жеті ағайынды» демекші, ашар­­шылықтан азып тозған халықтың ба­сына 1937 жылы репрессия келді. Реп­­рессия құрбандары ретінде егіннен қалған масақты теріп талғажау еткен қа­рапайым адамдар ұсталып, сотталып кетті. Оларға «халық жауы» деген ат та­ғылып, «Итжеккенге» айдалды. Ең ауыр жаза ату жазасына кесіліп, қарапайым халық жазықсыз жапа шекті.

Статистикалық деректер бойынша 4 мил­лионға жуық адам сталиндік репрес­сияның құрбаны болса, олардың 500 мы­ңы атылыпты. Қалғаны 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар 1921-1954 жылдар аралығында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, ату жаза­сына кесілген адамдар саны 25 мың екен. Бүгінде заңсыз қуғынға ұшырағандарды ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жыл сайын ақталғандар қатары көбейіп келеді.

Халқымыздың басына түскен қасіретті жылдарды мүмкіндігінше зерттеп, нақты ақпаратты ашып көрсетуді аталған комиссия қолға алды. Комиссия құрамындағы белгілі ғалымар мен тарихшылар саяси қуғын-сүргінге ұшарағандарды ақтау үшін жұмыла кірісті. Ел Президентінің бастамасымен әрбір өңірде де арнайы жұмыс тобы құрылып, бүгінде көптеген қуғын-сүргін құр­бандары ақталды.

Өкініштісі, қазақ зиялыларының қата­рын­да еліміздің біртуар азаматтары репрессия құр­банына айналды. Халқының болашағы үшін шыбын жанын құрбан етіп, жан берісіп, жан алысқан ақын-жа­зушылар М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, А.Байтұрсынұлы жазықсыз жан тәсілім етті, «халық жауы» атанды. Ең сорақысы, сұм саясат құрсағында нәрестесі бар әйелдерді де аямады. Олар­ға тағылған айып «халық жауы» атан­ғандардың жары болғандығында. Сол үшін темір торға тоғытылып, шақалақтары сонда дүниеге келді. Олардың барлығы «Ота­­нына опасыздық жасағандардың жар­ла­рының Акмола лагерінде» қамауда болды.

Тарих ешқашан өткенді ұмытпайды. Қазақ халқы үшін қастерлі кезеңді еске алу күні боздақтарға тағзым ету – парызымыз. Себебі олар қандай қиындық болса да ел мен жер үшін өздерін құрбан етті, сол үшін жандарын қиды.




Бибісара ЖАНӘЛІ






31 мамыр 2022 ж. 540 0