Ұлағаты мол ұстаздар әулеті
Қарбалас тіршілік кейде жоспарлаған жұмысты тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Әйтеуір таң атады, кеш батады. Оның үстіне дәл қазіргі заманда уақыт бұрынғыдан да жылдам жүріп жатқан секілді. Бірақ ескірмейтін естеліктердің, ұмытылмайтын жақсы істердің санада ғана емес көңілде, жүректе мәңгі жаңғырып тұруы заңдылық. Айтайын дегенім, құт қонып, бақ дарыған бұл отбасы туралы мақала жазу туралы ойдың санамда жүргеніне бірнеше жыл өтіпті.
Қайбір жылы аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев ағамыздың шақыруымен Нағи Ілиясов ауылында ұйымдастырылған іс-шараға қатыстық. Іс-шарада ауыл ардагерлері мен сырттан келген меймандар елді мекеннің тарихы мен еңбегі ерен тұлғалар туралы айта келе, ұлағатты ұстаз Әбілда Әлиев пен Қатира Байманова жөнінде жақсы-жақсы сөздер айтып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. «Ердің бағасын, еңбектің бағасын ел береді» демекші, сырттай айтылған жақсы пікірді естіп, құрметке лайықты кісілер туралы міндетті түрде мақала жазамын деп іштей бекінген едім. Міне, соның сәті бүгін түсіп отыр.
Жалпы ұстаздық қызметті атқару үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Шәкірт жүрегіне жол табу да оңай жұмыс емес. Ал қос ұстаз бас қосып, шаңырақ көтеріп, еңбек жолында да, өмір жолында да өзгелерге үлгі-өнеге көрсетсе, ұстаздардың ұстазы деген атқа лайықты болады. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің өмір жолымен таныса отырып, қос тұлғаны да нағыз ұстаз деп санадым.
Әуелі отбасының тірегі, ұлағатты ұстаз Әбілда Әлиев туралы тарқата жазсақ. Кейіпкеріміз 1947 жылы Н.Ілиясов ауылындағы Сәдуақас есімді майдангер-ұстаздың отбасында дүниеге келген екен. Әкесі сұрапыл соғыстың өрті мен отын көзбен көрген, жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер болған. Үйдің үлкені болған Ә.Сәдуақасұлы майдангер әкесі мен анасы Күләштан тараған бауырларының бәріне қамқоршы аға болып, ертерек ер жеткен. Бүгінде отбасының барлық баласы – бір-бір отбасының мәуелі бәйтерегі, тірегі. Бәрі де жоғары білім алып, түрлі мамандық меңгеріп, өмірден өз орнын тапқан, ұрпақ өрбіткен ардақты жандар.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Иә, соғыс көрген адамның бойында кездесетін ерекше бір қасиет, ол – тәртіп. Ә.Әлиев әкесінің бойындағы жинақылықты, тәртіп пен тазалықты көріп, әкеге қарап бой түзеп, тәртіппен қатар тәрбиені де бітім-болмысына сіңірген. Сөйтіп жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруді мақсат етіп, әкесі секілді ұстаздық жолды таңдаған.
Ә.Әлиев 1965 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын мұғалімдік қызметтен бастайды. Кейін, яғни 1970-1972 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтейді және әскерден оралған соң ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 1976 жылдан бастап әскери жетекші болып еңбек жолын жалғастырады. Еңбек ете жүріп, оқушыларға патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін «Азаматтық қорғаныс ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Бұл оның ұстаздық жолдағы алғашқы жетістігі болатын.
– Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметті мамандық атаулының төресі десек, Ә.Әлиев пен жұбайы Қ.Байманованы еселі еңбегімен дараланған ұлағатты ұстаздар дер едім. Ауыл халқының құрметіне, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген қос ұстаз өмірінің ең қымбат кезеңдерін білім беру саласын дамытуға арнады. Әбілда Әлиев еңбек жолын қарапайым ұстаздық қызметтен бастап, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, жүктелген жұмысты зор абыроймен атқарды. Еңбек жолында адамгершілік, парасаттылық, тазалық жолын ұстанып, талай шәкірттің өмірден өз орнын табуына жол ашты. Бір сөзбен айтқанда, білім саласының білгірі болған өнегелі өмір иесінің ғұмыры ғибратты істерге толы еді, – деп еске алады ардагердің замандас әріптесі, бүгінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанып отырған қазыналы қария Нұрмағанбет Қуандықов.
Ұстаздық қызметте қарапайымдылық пен кішіпейілділік жолын нық ұстанған Ә.Әлиев үлкен-кішіге үлгілі азамат болған. Ол жалынды жастық шағын жақсы істерге арнап, қазақ жігітіне тән қасиеттерді түгел дерлік бойына сіңірген. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демей ме?! Кейіпкеріміз ауылдағы білім ошағында еңбек етуге облыс орталығынан жолдамамен келген әріптесі Қ.Баймановамен сөз жарастырып, көңіл қосып, 1973 жылы шаңырақ көтереді. Берік отбасының негізін қалаған қос ұстаз еңбек ете жүріп ұрпақ өрбітіп, өнегелі отбасы атанады. Бүгінде үлкен әулеттің отанасы, ұл-қыздарының ардақты анасы, немерелерінің қадірлі әжесі Қатира апа өткен күнге көз тастап, бәріне шүкіршілік етеді.
– Өзім Ташкенттің Шыршық деген қаласының тумасымын. Әкем Нұрділда мен анам Пернекүл бар өмірін балаларына арнаған аяулы жандар еді. Мен де жолдасым Әбілда секілді үйдің үлкені болдым. Фатима, Асқар, Абзал, Қалима атты іні-сіңлілерім қазіргі уақытта түрлі саланың тізгінін ұстаған, бір-бір әулеттің иелері. Саналы ғұмырымыз ел балаларын оқытуға, тәрбие беруге арналды. Ұстаздық жолды таңдағаныма, ауыл мектебінде еңбек еткеніме қуанамын. Барлық игілік пен жетістік еңбекпен, ізденіспен келді деп есептеймін. Ұл-қыздарыма да жас кезде еңбек ету қажеттігін айтып, өмірлік тәжірибеммен бөлісіп отырамын, – дейді Қатира апа.
Осыдан 50 жыл бұрын ауыл мектебіне қызметке орналасып, жастық жалынмен жаңа да жарқын еңбек жолын бастаған ұстаз Қ.Байманова Н.Ілиясов ауылындағы үлгілі мұғалімдердің бірі болыпты. Тапсырылған істі тиянақтылықпен, жауапкершілікпен уақытылы әрі сапалы орындайтын ол қызметтің барлық сатысынан өткен. Талай басшының тәрбиесін көрген. Ұжымда өзіндік орны бар білікті маман болса, отбасында тектілігімен, ептілігімен ибалы келін, ардақты ана атанған. Адал еңбегінің нәтижесі болар, 1992-2004 жылға дейін №132 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Еңбегі бағаланып, көптеген жетістіктерге де қол жеткізген.
– Ауылымыздағы Әбілда Әлиев пен Қатира Байманованың отбасын біз «Ұстаздар отбасы» деп атаймыз. Себебі бұл отбасында мұғалімдік қызмет ұрпақтан-ұрпаққа лайықты жалғасып келе жатыр. Әділда аға мен Қатира апай ата-аналар мен оқушылардың шынайы құрметіне ие болса, ұрпақтары да ұжымда сыйлы, қоғамда қадірлі. Ұлағаты мол қос ұстаз – ауданның, ауылдың қоғамдық-саяси дамуына айрықша үлес қосқан, білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен көрнекті тұлғалар. Тағдырдың жазуы шығар, Әбілда ағай өмірден өткеннен кейін отбасының бар ауыртпашылығы, балаларды өсіріп-жеткізу Қатира апайдың мойнына жүктелді. Апай сабырлы да салмақты болмысымен еш мойымастан әке орнына әке, ана орнына ана болып, ұрпақтарын қияға самғатты. Талай белестерден табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ғана емес ауылымыздың ардақтысы атанып отыр. Ғибратты ғұмыр иелерін үлгі-өнеге етіп, өзімізге ұстаз санаймыз. Ел ертеңі үшін жасаған еңбектерін жоғары бағалап, іргелі ізденіске толы тағдыр жолдарын құрмет тұтамыз, – дейді №132 орта мектебінің директоры Ілияс Анафияев.
Адам ұрпағымен, ұлағатты ісімен мың жасайды. Ұстаздар отбасының төрт бірдей перзенті бүгінде ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, ұрпақтар сабақтастығы атты ұлы ұғымға адалдық танытып келеді. Үйдің үлкені Айгүл Әлиева Қызылордадағы №9 мектептің технология пәнінің мұғалімі болса, екінші қыз Айнұр Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ал қарашаңырақтың иесі Ғалымжан кәсіпкерлік саласының көрігін қыздырып жүр. Оның жұбайы, яғни ұстаздар әулетінің келіні Перизат Жәлімбет – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Отбасының үшінші қызы Айжан аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде еңбек етеді. Үйдің кенже қызы Ақжан – Н.Ілиясов ауылындағы мектепте биология пәнінің мұғалімі. Ұлағатты ұл-қыздардан өрбіген ұрпақтардың алды бүгінде жас маман атанып, ел дамуының түрлі салаларында еңбек етіп жатса, кейінгілері үздік студент, болашағынан көп үміт күттіретін озат оқушылар. Арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған спорт саңлақтары да бар.
Айта кетуіміз керек, Қ.Байманова бірнеше рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Облыс, аудан әкімдерінен алған «Алғыс хаты» да көп. Облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі де жыл сайын еңбегін елеп, құрмет көрсетіп келеді. Ең маңыздысы, ұстаздың баға жетпес байлығы – шыңға шыққан шәкірттерінің көптігі. Сірә, нағыз ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Білім саласының білгірі Қатира апайдың өзі де мұғалімдік қызметпен өрілген өмір жолына шексіз риза екенін айтып, ұрпақтарының ұстаздық жолды жалғағанына шүкіршілік етеді. Ал ұлағатты ұрпақтары әке сенімін, ана үмітін ақтау жолында жемісті еңбек етіп келеді. Сондықтан бұл отбасыны «Ұстаздар отбасы» деп ғана емес, өнегелі отбасы, іргелі әулет, берекелі шаңырақ десек жарасады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Пікір 1