Еріш аға жайлы естелік

Ерекең мінезге бай, байсалды, сабырлы, ақпейілді, әділ, турашыл, өтірікке жаны қас кісі болатын. Өзінің осындай адамгершілік қасиетімен кісіні өзіне баурап алатын. Ерекеңмен аупарткомда бірге қызмет істеп жүрген кезімізде демалыс күндері де бір мезгіл кеңсеге барып отырып, ертеңгі істейтін жұмыстарымызды жоспарлап, қол босаған соң Ерекеңнің кабинетіне барып әңгімелесетінбіз. Әңгімеден әңгіме туындап, Ерекең майданда бастан кешкен оқиғаларын айтып беретін. Әңгімелерінен ол кісінің майданда радист-телефонист болғаны, соғыста байланыс сымы үзілетінін, үзілген байланысты қалпына келтіру аса қауіпті екендігін, мұндайда аңдыған жау мергендерінің оғынан аман қалудың өзі екі талай екендігін, талай рет осындай жағдайларды басынан кешіргенін айтып, елге аман оралғанына тәубә дейтіні есте қалыпты.
Демалыс күндерінің бірінде Ерекең екеуіміз түс кезінде қызмет орнынан үйге бірге қайттық. Ерекең өз үйіне қарай көше бұрылысына келгенде:
– Рақымжан біздің үйге барып, шай ішіп отырып әңгімелесейік, – деді.
Ерекеңнің үйінде шай ішіп әңгімелесіп болғаннан кейін, мен рақметімді айтып кеткелі жатқанымда, Ерекеңнің жұбайы Райля келіп, өзінің қазанға ас салып қойғанын айтып, қайтуыма рұқсат бермеді. Асылып жатқан асты тастай алмай отырысты онан әрі жалғастырдық. Мен Райляның күйеуін өз атымен атамай, сыйластықпен «Ереке» деп аялайтынын есітіп, разы болдым. Ол кісімен кейін аудан мекемелерінде басшы болып қызмет істеген жылдарында да сыйластығымыз жалғаса берді. Ерекең қай қызметті де біліктілікпен басқарып, абыройлы болды. Ерекеңмен зейнетке шыққаннан кейін де әрдайым кездесіп, хал-жағдай сұрасып тұратынбыз. Сонда Ерекең: – Қандай қырғын майдандағы от пен оқтан аман қалып, елге оралып, отбасын құрып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бұйырған қызметтерді абыроймен атқарып, қарттық жасқа келіп, немере, шөбере сүйіп отырғаныма шүкірлік етемін. Алла тағаланың берген нығметіне разымын. Алланың берген аманат жанын бүгін аламын десе де разымын, мен даярмын, – деп отыратын.
Еріш ағаның Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдарымен, ал бейбіт өмірде ауданымыздың экономикасын дамытудағы сіңірген еңбектері ескеріліп, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ерекеңе көп жылдар бойғы мінсіз, қажырлы еңбегі үшін «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ерекең мен Райля жеңгеміз өздерінің ұл-қыздарына жақсы тәлім-тәрбие беріп, әлеуетке жеткізді. Олардың Серік атты ұлы «медицина ғылымының докторы» ғылыми атағына қол жеткізіп, қазірде Алматыда республикалық медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында кардио-хирургия кафедрасының меңгерушісі болып, жоғарғы санатты дәрігер ретінде танымал болып, халқына адал қызмет атқарып жүр. Ерекеңнің өзге балалары мен қыздары да ата-ана дәстүрін жалғастырып, еліміздің дамуына өз мамандықтары бойынша қызмет етіп, үлес қосуда. Ерекең қазірде арамызда жоқ, бірақ оның жарқын бейнесі жүрегімізде сақтаулы.
Біздер – замандастары Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Еріш Тұрсынбаевқа Тереңөзек кенті жаңа қоныс аймағынан көше атауы берілуін дұрыс деп санаймыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ерекеңе көше атауын беру жөнінде онамастикалық комиссияның шешімі де шыққан болатын. Алайда бұл шешім белгісіз себептермен орындалмай қалған екен. Сол шешім қайта жаңғыртылып, Е.Тұрсынбаевқа көше атауы тездетіп берілсе дұрыс болар еді.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының құрметті азаматы