2012 жыл: Ұлу жылындағы ұлы істер
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық айтулы мерейтойы мазмұнды іс-шаралармен, тағылымды зерттеулермен есте қалуы қажет. Осы ретте, аудандық газет «Тәуелсіздік шежіресі» атты айдар ашып, егемендік жылдарында ауданда жүргізілген жұмыстар мен жаңалықтарды тұрақты түрде ақпараттандырып келеді. Бүгін ұлу жылындағы ұлы істер жөнінде қалам тербейтін боламыз.
Сырдариялықтар үшін Тәуелсіздіктің жиырма бірінші жылы жағымды жаңалықпен басталды. Жылдың алғашқы айында Елбасының «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Тереңөзек кентінен бой көтерген 1200 орындық білім ордасы салтанатты түрде пайдалануға берілді. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі Б.Қуандықов арнайы қатысып, аудан халқының қуанышына ортақтасты. 2012 жылы аталған мектеп-лицейдің директоры қызметін атқарған Г.Байдушева салтанатты іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтады.
– «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы біздің ауданымыз үшін ғана емес, еліміз үшін өте тиімді болды. Осы бағдарлама аясында республика бойынша жаңа білім ордалары бой көтеріп, пайдалануға берілді. 2012 жылдың қаңтар айында аймақ басшысы мектебімізге келіп, ауданның білім саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен А.Әзқожаевамен және ардагер-ұстаз А.Пірімбетовпен бірге мектебіміздің лентасын қиды. Акт залда өткен жиналыста аудан әкімі С.Тәуіпбаев ауданның даму белестерінен ақпарат берді. Аймақ басшысы Сырдария өзеніне салынатын көпір құрылысының толық шешілетінін айтып, сүйінші жаңалықпен бөлісті. Ал ұлағатты ұстаз Г.Әбілова білім саласына көрсетілген қолдаулар үшін алғысын айтты. Бәрі көз алдымызда, көңілімізде сайрап тұр. Бұл күн ауданның білім саласы үшін тарихи күн болды десем қателеспеймін. Бәрі Тәуелсіздіктің арқасында келген игілік, – дейді осыдан тоғыз жыл бұрынғы салтанатты іс-шараны ой елегінен өткізген ұлағатты ұстаз Гүлмира Серікбайқызы.
Жыл жаңалығы ретінде 2012 жылдың 15 қаңтарында аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өткенін айтуға болады. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, сол жылғы сайлауға 18566 азамат қатысып, дауыс берген. Жалпы, 30 үміткер тіркелген болса, оның 29-ы дауысқа түсіп, 13-і депутаттық мандат иеленген. Атап айтқанда, Оразбек Сейтмұратов, Сламбек Қаюпов, Шәріпжан Ерімбетов, Шынтас Зетов, Расул Есенов, Бисенкүл Пржанова, Батырбек Маншарипов, Аббас Камалатдин, Дархан Ералиев, Бердібек Қадыров, Марат Бисенов, Иса Абдукаликов, Сапар Көзейбай аудандық мәслихаттың V шақырылым депутаты атанған.
Жаңалыққа толы жыл ауданға жаңа әкімнің тағайындалуымен де есте қалды. Тәуелсіздік жылдарындағы ауданның бесінші әкімі Ғизат Әбілтайды аудан халқына облыс әкімі Б.Қуандықов таныстырып, жұмысына сәттілік тілеген. Жаңа аудан басшысы қызу да қарқынды жұмысқа тез кірісіп, мекеме басшыларын қабылдап, ауылдарды аралап, халыққа есеп беру жиындарына қатысқан.
Наурыз айында Үкімет мүшелері Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, ауданның Н.Ілиясов және Шаған ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысқан. Алқалы жиынға облыс әкімі, облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысқан. Мерекеге толы наурыз айында аудан басшысы мерекелік қабылдау жасап, әйел-аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетсе, Ұлыстың Ұлы күнінде ауданда тоғыз күндік іс-шаралар ұйымдастырылған. Жылдың алғашқы тоқсанында ауданды дамыту бағытында шаруашылық төрағаларымен екіжақты әріптестік меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ ауданның 100 ардагеріне шипажайда демалуға тегін жолдама берілген. Ардагерлерге құрмет жөніндегі ақпараттардан 2012 жылы ауданда көзі тірі 8 майдангер болғанын аңғаруға болады.
Осыдан тоғыз жыл бұрын, маусым айының жиырмасында «Ғасыр құрылысы» аталған көпірдің құрылыс жұмыстары қайта басталып, облыс әкімі Б.Қуандықовтың және жерлестер мақтанышына айналған Ж.Асанов бастаған Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Арада екі жыл өткеннен кейін, яғни 2014 жылдың 24 қыркүйегінде бірліктің нығаюына, берекенің артуына дәнекер болған алып көпір пайдалануға берілді. Көпір құрылысы толық аяқталамын дегенше аудандық газетте жерлестерінен қолдан келген көмегін аямайтын Ж.Асановтың онға жуық ұсынысы, ақпараттық мақалалары жарияланды.
2012 жылы ауданда Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Аудан әкімі Ғ.Әбілтайдың бастамасымен идеологиялық маңызы бар тағылымды іс-шаралар ауданның барлық ауылдық округінде ұйымдастырылды. Мерейтойлық іс-шаралар аясында діни қайраткер атындағы мешіт-медрессе жөндеуден өтіп, Қалжан ахунның бюсті ашылып, көше атауы берілді. Республикалық ғылыми-танымдық конференция, ақындар айтысы, жазба ақындар мүшәйрасы өткізіліп, жаңа кітаптың тұсауы кесілген.
Айтулы жылда ауданның спорт саласында да жақсы жұмыстар жүргізіліп, сырдариялық спортшылар толағай табыстарға қол жеткізді. Таеквандошы жас М.Көпболсынова Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанса, 24 келілік гір тасын 30 минутта оң қолымен 300 рет көтерген сырдариялық О.Медетбаев әлем рекордын жаңартты. Сонымен бірге көгалдағы хоккей спортының көшін төрге сүйреген тереңөзектік Сұлтан Қобландинға «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызеткері» атағы берілді. Тоғызқұмалақшы Б.Бостандықов Қазақстан чемпионы атанды.
Жыл қорытындыланар тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын арнады. Негізгі үш бағытты қамтыған Жолдауда егемен елдің 2050 жылға дейінгі жоспары айқын жазылды. Жолдаудан туындаған мақсат-міндеттерді орындауға күш салған сырдариялықтар ұлу жылын жемісті қорытындылап, Тәуелсіздіктің жиырма екінші жылына толағай табыстармен қадам басты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ