Сыр бойындағы Садық ахун мұрасы
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы мен Qyzylorda телеарнасы бірлесіп қолға алған «Құнды жәдігер» жобасы аясында атақты діни қайраткер Садық Қодарұлы жайлы құнды мәліметтер мен ел арасында емшілігімен де танымал болған ахун пайдаланған заттар жинақталды.
Садық ахун қазіргі Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылында 1860 жылы дүниеге келіп, осында 1937 жылы қайтыс болған. Бозбала күнінде Тапал ахунға шәкірт болған Садық кейіннен Қармақшыдағы Ораз ахун Бекетайұлынан дәріс алып, білімін жетілдіреді.
Көкілташ медресесінде төрт жыл білім алып, «ахун» дәрежесін иеленген Садық медресе жанындағы дәрігерлік мектепте оқып, талап-зейінімен талайды таңғалдырады. Ибн Сина ілімдерін үздік оқыған оған ұстаздары білімін Иран мен Францияда жалғастыруға кеңес беріпті деседі. Бірақ ахун өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады.
Садық ахун 1898 жылдан бастап мешітте имам болған. Көп ұзамай Қармақшыдағы Иіркөл маңына көшіп келіп, дәулеттілер көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Қазір «Садық ахун мешіті» атанған сол имандылық үйінің орны сақталыпты.
– Ел аузында Садық ахунның атақты академик Қаныш Сәтбаевты емдегені туралы айтылады. Ахунның жеке қорында сақталып, кейін ұрпақтары Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген заттарының ішінде екі кітаптың жалпы мазмұны аударылды. Құнды дүниелерді тәржімалауға белгілі дінтанушы Мәлік Төлебай мен Қармақшы ауданындағы Жаңақала ауылының имамы Ербол Тағыбергенұлының көп көмегі тиді. Кітаптың аты «Уафа, у-Альуафа, Биахбари Дарильмустафа», авторы – Абул Хасан ибн Абдуллах әл-Самғуди. Зерттеулер нәтижесінде Абул Хасан әл-Самғудидің Мысырдағы Самғуд елдімекенінде 1440 жылы дүниеге келіп, 1505 жылы Мәдина қаласында дүниеден өткені, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы екендігі, көбінесе тарихи тақырыптарға қалам тартқаны белгілі болды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.
Екінші кітап Құран тәпсірлеуге арналған. Туындының жалпы мазмұнын Отырар мемлекеттік қорық музейінің қызметкері Ералы Шоқай анықтапты. Авторы Мухиддин Әбу Абдуллах Мұхаммед ибн Әли әл-Андалуси (1165-1240 жж.) Ислам әлемінде «Ұлы ұстаз» атағын алған ғұламалардың бірі. Осман империясында жарық көруі мүмкін туынды елімізде өте сирек кездеседі. Бір өкініштісі, екі кітаптың да баспа бетін көрген жылдары жайлы мәліметтер жойылып кеткен. Алдағы уақытта бұл толық зерттеуді қажет етеді.
Экспедиция барысында Садық ахунның ұрпақтарының қолында сақталған аса таяғы, дәрі үккіші туралы мәліметтер жинақталды.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,