Садық ахунның шапағаты
Сыр елінде есімдері қазақтың кең даласына тегіс жайылған ғұламалар ахун-ишан, мақсұмдар туралы ел әңгімелерінде, деректер мен құжаттар да көптеп кездеседі. Арада 2-3 ғасыр өтсе де бүгінгі ұрпаққа жетіп, қайта жаңғырып келеді. Ірі діни оқу орындары саналған «Мір араб» пен «Көкілташ» медреселерінде білім алған санаулылардың бірі Садық Қодарұлы болатын. Дін мен ділді, руханиятты қатар ұстаған Садық ахунның шапағаты тимеген адам кемде-кем болар.
Ол – бұрынғы Түркістан өлкесі, Сырдария облысына қарасты Ақмешіт уезі, қазіргі Сырдария (Тереңөзек) ауданындағы Ақжарма ауылында 1860 жылы «Алтыбас Алаша» Қодар батырдың отбасында дүниеге келіп, осында 1937 жылы қайтыс болған. Қодар баба мен Жалайыр Құлман бидің қызы (шешесі) Танатай Садықтан көп үміт күтіп, қожа Тапал ахунға 14-15 жасында шәкірт етіп береді. Кейіннен Садық Сыр бойындағы діни адамдардың ұстазы атанған Қармақшы жеріндегі Ораз ахун Бекетайұлынан (16 жасынан) дәріс алып, өзінің алғырлығы арқасында ұстазы мен замандастарын таңқалдырады.
Бірде Ораз ахун үйіне бүкіл Кете-Шөмекейдің төбе биі атанған Қалдан (1819-1912ж.) Талқанбайұлы қонаққа келіп, әңгіме үстінде еліне имам қажеттігін, Аққыр маңында мешіт үйін соқтырып жатқанынан да хабардар етеді. Биге Ораз ахун Садық атты шәкіртінің өте қабілеттілігін айтып, батырды шәкіртімен таныстырады.
Шәкіртті ұнатқан Қалдан батыр Садықты ауылына алып келіп мешіт ұстатады. Білімдарлығымен ұнаған Садыққа немере ағасы Қарабастың Тұрғын атты (1876-1940) қызын қосып той жасап, отау етіп шығарады. Осы мешітте С.Қодаров 1884 жылдарға дейін имам болып, біраз шәкірттерді тәрбиелейді. Көкілташ (Көкалташ) медресесіне түсіп, онда төрт жыл оқып «ахун» дәрежесін алады және медресені бітірді деген шатырхатты қоса алып келеді.
С.Қодарұлы медресе жанындағы Иранның дәрігерлік мектебінде де оқып, діни білімімен қатар Әбу Ғали Ибн Сина ілімдерін оқыды. Ұстаздары: «Садық, сенен үлкен дәрігер шығады, Иран, Франция елдеріне барып оқуыңды жалғастыр» деген ақыл-кеңестерін береді. Бұл ұсынысты әуелде құп алғанымен, өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады. Және өзімен бірге үлкен оқымысты Дәулетназарды ерте келіп, ел-жұртпен таныстырады.
Садық ахун 1898 жылдан бастап мешітте имам болған. Ал оның есімі емшілігімен кеңінен шығады. Күні бүгінге дейін оның есіміне «Садық ахун», «Садық емші» деген атау жалғасып келеді.
1900 жылдары Төрелер және он екі Ата Байұлы ұрпақтарының шақыртуы бойынша Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңына көшіп келіп, ел дәулеттілерінің көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Бұл кезде де бала оқытумен бірге емшілікпен айналысады. Ол мешіт – «Садық ахун» мешіті деп аталады. Бүгін де орны бар.
Садық ахун 1930 жылдардағы елді коллективтендіруге қарсы көтерілген Ақмырза ишан көтерілісіне тілектес болып хат жазып хабарласып тұрған. Елдегі белсенділердің көрсетуімен 1930-1933 жылдары әуелде Қармақшы, Қазалы, кейіннен Алматы қаласындағы түрмелерде қамалады. Түрмеде отырғанда С.Есқараев (республика прокуроры) ауызша деректерде жасырын емделіп, дертінен жазылып шыққан көрінеді. Сондықтан оның кеңес үкіметіне қарсы еместігін дәлелдеп, Садық ахунды түрмеден босаттырыпты.
Бұрындары да кейінде де Қармақшыдағы дәрігерлер С.Қодаровқа қырын қарап, маза бермейді. Осы жағдайларды сезіп жүрген Ақжармадағы ағайындары ахунды көшіріп алады.
С.Қодаров белгілі академик Қаныш Сәтбаевты да емдеген. Өзінің ат арбасымен Қ.Сәтбаевты бірнеше рет алып жүрген Бәкір Оспанұлы Балғабаев және Жосалы зауытының директоры Сорокиннің тапсырмасы бойынша апарғанын айтқан-ды. Оқиға (1927-1929) жылдары болған. Ел басқарған ағалар КСРО-ның үш дүркін депутаты болған Қашақбай Пірімов, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшылары болған Көлбай Қалыбаевты емдесе, дипломат болған Маңдай Тілеулиевті 1928 жылы ауруынан Садық ахун емдеп жазады.
Ахунның балалары Әбжан мен Тәждин мақсұмдардың айтуынша емші бабамыз алдына келген науқастың тамырын ұстап, қандай аурумен ауырып жүргенін дәл табады екен. Кейде биотокпен емдеп, қарпу, қан алу сияқты әдістерді жиі пайдаланған. Емшінің көбірек пайдаланған шөптері «пұл-пұл терази», «жән-жебіл», «иір», «көкнәр суы», жалбыз майы, «талшын», «мушкат» тамыр дәрі сияқты қоспаларымен жасап, сол дәрімен емдеген. Ал қарақұрт пен жылан шаққанды, талма қояншық ауруларын дем салу арқылы жазыпты.
С.Қодаров әсіресе жаз айларында науқас адамдарды үйімен көшіріп алып емдейді екен. Діни оқу арасында күніне 10-15 ауруды қарап шығады. Қыс мезгілінде мешіт жанынан арнаулы салынған үйде ем жасап отырып, «тазалық – денсаулық кепілі», жұқпалы аурулардың шығуы тазалықтың жоқтығынан деп үйретіп отырады екен. Қысқы қоныста ел жайланған соң, үйді сілті жағып, ыстаттырып, 2-3 күн есігін бекітіп қойып, мерзімді күннен кейін «гаж» деген ақ топырақпен жудырып, есік-терезелерді ашып барып, науқастарды емдейтін болған.
Садық Қодаровтың үлкен ұлы Әбжан –әке қасында көп болған, емдеу тәсілдерін үйренген. Кешегі кеңес кезеңінде тіптен, 1965 жылдардың өзінде Ә.Қодаров қуғындалып, дінге қарсы жазылған мақалаларда емші-молда ретінде есімі жиі мысалға алынатын. Садық ахунның екі баласы Әбжан, Тәждин де әкесінің көптеген ауру түрлерін, терапиялық ауру, терімен тамыр және сал, самал мен көз құяң ауруларынан емдеп жазғанын айтады.
1953 жылы Садықтың үлкен ұлы Әбжан Қармақшыда үй салып, соған ағаш жетпегендіктен әкесінің ескі үйі бұзылғанда үй төңірегінен үлкен-үлкен кітаптар мен қолжазбалар табылады. Бұл кітаптардан басқа 1997 жылдың ақпанында «Шағала» тамы маңынан сексеуіл отын алып жүргендер ескі қыстаудың орнынан құрым киізге оралған 2 сандық кітап тауып алады. Ондағы латынша «Жадақов» деген жазуды оқып, отыншылар кітап иесін іздестіреді. Сөйтсеү бұл кітаптар Садық ахундікі болып шықты. Бүгінде Садық ахун (емші) ұрпақтарында әртүрлі (1894-1902) жылдарда басылған үлкен қазына болып табылатын 30-дан астам ислами кітаптар мен Садық ахунның қолтаңбалары сақталуда.
Садық ахун мешіт ұстаған оқымысты ғана емес, үлкен дарын иесі де болған. Сыр бойындағы кеңінен дамыған айтыс өнеріне де белсене қатысқандардың бірі. 1890 жылдары Тәуелебайлық Аспан руының қызы Ырысты қыз Сыр елі ақындарына жұмбақ-өлең жазып жіберіпті. Осы айтысқа он алты ақын қатысқан. Соның бірі – С.Қодаров.
Садық ахунның емшілігін атақты ақын Шораяқтың Омарының «...Келіп кет бізге Сәке жан барында, жан жатыр жергілікті аңғарында» деген өлеңінен-ақ өзін емдеуге шақырғанын аңғару қиын емес.
1970 жылдардан бастап ғалымдар мен зерттеушілер С.Қодаровтың өмірін, дәрігерлік игі істерін іздестіріп, жаза бастады. Республикалық музейдің директоры медицина ғылымының кандидаты Болат Әбдікәрімов халық емшілерін іздей жүріп, Садық Қодарұлының өмір жолына кезігіп, қызығушылық танытып, Сәуле т.б. қызметкерлермен Сәкеңнің ортаншы ұлы Тәждин мен кездесіп С.Қодаровтан қалған қолжазбалар мен кейбір кітаптарды музейге қояды. Міне, осыдан бастап Садық ахун Қодарұлы жайлы зерттеулер басталды десек болады. Олардың басында ақын, жазушы Сақтаған Есмаханов, журналист Қаршыға Бүркітбаев және осы жолдардың авторы да бірнеше мақалалар жазды.
Республикалық (денсаулық), Қызылорда облыстық медициналық мұражайда және аудандық музейлерде ахунға арналған бөлімдер бар. 1991 жылы Садық ахун туралы «Ақталған ахун» атты деректі телехабар түсіріліп, «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді. «Айтыс» кітабы мен «Қазақ жерінің зиялы азаматтарын Ұлттық және Сыр елі, Тереңөзек энциклопедиялары, «Келмембет батыр», «Сырдың сырлы сыры» кітаптарымен қоса аудандық, Қызылорда облыстық газеттерінде ол туралы мақалалар жарияланған.
Артына мол мұра қалдырған қазақ халқының алғашқы дәрігерлерінің бірі Садық Қодарұлы 1937 жылы Ақжармада қайтыс болып, сонда жерленді.
Ақын есімін Өзбекстан, Қарақалпақстан республикалары мен Қазақстанның Шымкент, Түркістан, Қызылорда аймақтарының азаматтары біледі, қастерлейді.
Әр жылдардағы қуғындау кезінде Садық ахун мұралары қолды болып кеткен. Балаларында сақталынған 30 шақты кітаптарынан басқа, 1997 жылы «Шағала» тамы маңынан құрым киізге оралған 40-қа жуық кітап табылды. Олардың ішінде 1892, 1893, 1894, 1902, 1903 жылдардағы діни кітаптармен қатар, медициналық кітаптар және ежелгі әдебиетінің інжу-маржандары «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты қиссалардың ертеректе шыққан нұсқалары сақталынуда.
Өткен жыл ішінде Садық Қодаровтың туған ауылында ахунға арналған жазба ақындардың айтысы өткізілсе, 25 желтоқсан күні ахунның жамбасы тиген жерде ахунның рухына арналып жас ақындардың аймақтық айтысы өткізілді. «Туған жерге тағзым» акциясына орай Сырдария аудан әкімдігінің қолдауы және ахун ұрпақтарының демеушілігімен үлкен айтыс ұйымдастырылып, көпшілік көңілінен шыға білді.
«Қоғам және руханият» қайраткері Садық ахун Қодарұлы атындағы «Сырдың сырлы тұлғасы» атты айтысты Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова ашып, айтыскер ақындарға табыс тіледі.
Айтыстың қорытынды бәсекесіне төрт ақын шығып, өнерлерін ортаға салды. Б.Орынбасаров пен М.Мансұров айтысса, Р.Доңбай мен С.Әділбеков жұптасты. Аймақтық жас ақындардың аймақтық айтысына республикалық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері атанған Замаддин Ибадуллаев бастаған қазылар өз шешімін жариялады. Айтыстың бас жүлдесін Тараз қаласынан келген Рай Доңбай, І орынды қармақшылық Сырым Әділбеков, ІІ орын аралдық Бексұлтан Орынбасаров. ІІІ орынды М.Мансұров (Сырдария), Н.Тілеуқұл (Ақтөбе) жеңіп алған. Жалпы, айтысқа келген жас ақындардың барлығына сыйлық беріліп риза етті. Айтыстан кейін қатысушыларға арналып ас беріліп, Садық ахун Қодарұлының рухына құран бағыштады. Осылайша, «Туған жерге тағзым» аясында өткен үлкен шара тағы бір қайраткердің жолын ашты десе болғандай.
ҚР Президентінің ұсынысымен еліміздегі қасиетті, киелі өңірлердің картасы түзілуде. Сол киелі орын иелері болған Садық ахун Қодарұлы сияқты киелі адамдар есімі құрметтеліп, туған ауылына оның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болмақ. Мұны туған ел азаматтары да қолдауда. Қызылорда облысының бірнеше аудандарындағы ауылдар мысалы Қалжан ахун, Алдашбай ахун, Сунақ ата болып аталған. Демек, нақты істер де бар. Оның өзінен бастап шөберелеріне дейін 30-дан астам дәрігерлер қызмет етуде. Олай болса, жұртшылық құрметтеп, ел сыйлаған ғұлама ахун, дәрігер, халық емшісі Садық Қодарұлының ел жадында мәңгі жатталып қалуы заңдылық.
Тынышбек Дайрабай,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, зерттеуші,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, зерттеуші,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері
Пікір 2