2007 жыл: Сырдария ауданы республикалық турнирдің жеңімпазы атанды
Тәуелсіздіктің он алтыншы жылын, яғни 2007 жылды сырдариялықтар қалыпты әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бәсеңдетпей өткерді. Аграрлы ауданда сол кездегі аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаевтың басшылығымен көптеген жүйелі жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет және спорт салаларында нәтижелі істер атқарылды.
Ауданның 90 жылдығына орай жарыққа шыққан «Сырдария ІІ» кітабындағы деректерге зер салсақ, жинақтың 205-бетінде мынандай ақпарат келтірілген:
«2006-2007 жылдары аудан үшін табыссыз болған жоқ. Ауданда 29353 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары себіліп, егіс көлемі өткен жылдармен салыстырғанда 946 гектарға артты. 17500 гектар күріштік әр гектарынан 35 центнерден өнім алынды. Аудан орталығында өкпе ауруларына қарсы күрес ауруханасының жаңа ғимараты, әскери комиссариат, әуез мектебі пайдалануға берілді. 2007 жылы ауданның спорт саласында 2 спорт мектебі, 1 аула клубы, 1 спорт кешені, 1 стадион және 48 спорт алаңы жұмыс жасады. Осы жылдың қыркүйек айында ауданда 1998 жылдан бері ұйымдастырылып, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ІХ республикалық турнирі жалауын көтерді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысқан тартысты сайыста сырдариялықтардың мәртебесі үстем болды. Аудан командасы финалда кездескен шымкенттік команданы айқын басымдықпен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды».
Бұдан біз Сырдария ауданының республикалық турнирдің жеңімпазы атанғанын аңғарамыз. Атап өту қажет, сырдариялық спортшылардың жеңісті жолын 2007 жылы жергілікті дала еңбеккерлерінің жемісті еңбегі еселей түскен. Осы жылы диқандар мол өнім жинап, ел қамбасын алтын дәнге толтырған. Нәтижесінде, «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Д.Ералиев, «Мәді-Қажы» ЖШС төрағасы А.Камалатдин, «Қалжан ахун» ЖШС төрағасы А.Ақмырзаев аудан шаруашылықтары арасында озат шығып, алғашқы үштіктен көрінген. Жыл озаттарының да мерей-мәртебесі үстем болып, олардың еңбегі аудандық басылым арқылы кеңінен насихатталған.
2007 жылдың қорытындысы бойынша Марал Кенжеғұлов «Озат бригадир», Талғат Искендиров «Озат комбайншы», Дархан Нұрымбетов «Озат жаткашы», Бақтияр Әбдікерімов «Озат күрішші», Жұманазар Смайлов «Озат астық тасымалдаушы» атанса, Төлебай Мейірманов «Озат жоңышқа өсіруші», Берік Нұрманов «Озат картоп өсіруші», Тәттімбет Темірханов «Озат бақташы» аталымымен марапатталған. Ал «Озат кәсіпкер» атағы Расул Есеновке берілген.
2007 жылдың қаңтар айында облыс әкімі М.Құл-Мұхамед ауданға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандардың жұмысымен танысқан. Аймақ басшысы әдебиет алыптары А.Тоқмағамбетов пен Қ.Мұхамеджановтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, тұлғаларға тағзым еткен. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде пікірлескен. Қаңтар айында аудан орталығына қарасты О.Мәлібаев ауылының Құндызды ауылдық округі аппаратына жаңа ғимарат пайдалануға берілген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылы аудан бойынша барлығы 3085 зейнеткер болған. Оның ішінде, 21 Ұлы Отан соғысының ардагері, 313 тыл ардагері, 28 ауған соғысының ардагері және 22 Чернобыль апатына қатысушы есепке алынған. Ардагерлерге қамқорлық қаңтар айының соңында Тереңөзек кентінде ұйымдастырылған облыстық ардагерлер кеңесінің семинар-кеңесінде кеңінен талқыланған. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов бастаған аймақ ардагерлері қатысқан жиын жалағаштық Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың ақ бата беруімен басталған.
Аудан тарихында алтын әріппен жазылған естеліктер қатарында 2007 жылдың наурыз айында Бесарықтағы мектептің пайдалануға берілуін де атауға болады. Білім ордасының ашылуына сол кездегі облыс әкімі М.Құл-Мұхамед қатысқан. 360 орындық қос қабатты мектептің құрылысының аяқталуына орай ауыл халқының атынан еңбек ардагері Мауыты Сыздықова сөз сөйлеп, рақметін айтса, облыс, аудан басшыларымен бірге білім саласының ардагері К.Рахметова мектеп лентасын қиған. Мамыр айында бесарықтықтар 140 орындық «Бөбек» балабақшасының ашылуына куә болған. Ал С.Сейфуллин ауылында жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашқан.
Бір топ жас маманға тұрғын үй кілттерін табыстаудан басталған жағымды 2007 жылды сырдариялықтар Елбасының стратегиялық жоспарларын түсіндіріп, жүзеге асыруды мақсат еткен республикалық, облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерімен өткен кездесумен қорытындылаған. Осылайша, аудан дамуы бірқалыпты арнаға түсіп, бірлік пен ынтымақты ту еткен аудандағы жұмыстар өз ретімен жалғаса түскен.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ