Ғасыр көпірінің салынуы – Тәуелсіздіктің жарқын жетістігі
Жаңа тыныс алып келер таң күліп,
Олай болса, алтын жүрек қазақтың
Таңбасынан күн шығуы заңдылық, – деп ақын Ақберен Елгезек жырлағандай, Тәуелсіздіктің әрбір таңының нұрлы шуақ төгіп атқаны ғажап. Қырандай текті қазақтың кең даласында осыдан 30 жыл бұрын еркіндік лебі есті. Тәуелсіздіктің жарқын көрінісі – сан қырлы соқпақты көрген ата-бабаның асқақ арманы орындалып, қазақ азат болды. Шын мәнінде, қалықтап ұшқан құстың қанаты талатын кең дала төсіндегі ұлтқа Тәңірі Тәуелсіздікті тарту етті. Тамыры тереңнен нәр алған халықтың негізгі мұраты орындалып, енді бабалардан аманат болып қалған қасиетті жерді көздің қарашығындай қорғау – негізгі міндеті.
Тәуелсіздік жылдары елдігіміздің бойтұмары саналатын Ата Заң айбары асқақтай түсті. Тарих сахнасында өзінің ұлтық Валютасы, Елтаңбасы, Әнұраны, көкте желбіреген көк Туы бар айбынды ел қалыптасты. Осы жолда талай боздақ қыршыннан қиылды. Туған елін тура жолға бастаған ұлы тұлғалар тағдыры таразыға түсті. Соның нәтижесі болар, Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі бейбіт ұланның ақ бесігі, алтын ұясына, жүздеген ұлттың панасына айналды.
Соңғы 30 жылда елдегі елеулі өзгерістер мен тың жаңалықтар қазақ елінің мәртебесін айшықтай түсті. Мәселен, талай алыптың қасиетті мекеніне айналған Сырдария ауданы толағай табыстарға жетті. Соның нақты бір айғағы аудан халқы жарты ғасыр арман еткен Сырдариия өзеніне үлкен көпірдің салынуы еді. Егемендік жылдардағы бұл жетістік «Ғасыр құрылысына» баланып, аудан тарихында алтын әріптермен жазылды. Ұзақ жылғы арғы беттегі сан мыңдаған халықтың арман-тілегі орындалып, қатынас жақсарды.
«Құрмет белгісі» орденінің иегері Алмагүл Божанова 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр еліне сапары барысындағы кездесуде халықтың көкейінде жүрген көпір құрылысы жөнінде мәлімдейді.
– «...Маған бүгінгідей Сіз қатысқан мәжілісте сөйлеу мүмкіндігі бола бермес, сондықтан аудан халқын толғандырып, арман болып жүрген мәселені бүгін айтпай кетуіме болмас. Қазіргідей қиын кезеңде осындай мәселені қозғаудың өзі қиын, бірақ бұл қажеттіліктен, мұқтаждықтан туып отыр. Сырдария өзеніне біздің аудан тұсынан көпір салу мәселесінің қозғалғанына 20 жылдан астам уақыт болды, бірақ бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қаржының жоқтығынан тоқтап қалды.
...Жыл ішінде құрастырмалы көпірді бірнеше рет бұзып, жинаймыз. Осыған жұмсаған қаражат далаға кетіп жатыр. Бұл көпірдің құрылысына ақша бөлудің қиын екенін түсінемін, бірақ басқа көздері бар. Жерімізден мұнай шығып жатыр, осыдан түскен қаржының белгілі бір мөлшері бөлінсе. Арал қорының қаражаты бар, шетел инвесторларының мүмкіндігін қарастырса. Бір сөзбен айтқанда, Сіздің көмегіңіз керек. Осы мәселе шешілсе, Тереңөзек халқының алғысы шексіз болар еді» деп сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанова өз ұсынысын айтқан. Міне, бірнеше жыл қордаланған мәселенің шешімі табылып, көпірі құрылысы 2012-2014 жылдары салынып бітті.
Тәуелсіздіктің жемісті жылдарындағы дәл осы жарқын жетістік – қырық мыңға жуық сырдариялықтың зор қуанышы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ