Жаны жұмсақ, көпшіл азамат еді
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, есімі әдебиет әлеміне, қалың оқырман қауымға кеңінен таныс, азаматтық көзқарасы бүгінгі заманмен үндескен белгілі ақын Әскербек Рахымбекұлының өмірден өткеніне, міне, көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты. Әріптестері, өзге де қаншама оқырман қауым тумысы бөлек, үлкен талант иесінің өмірден өткенін есіне алып, соңында қалған ұрпағына тек жақсылық тілеп отыр.
Ә.Рахымбекұлы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда дүниеге келді. Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірді. 1965-1969 жылдары аудандық «Сырдария» газетінде еңбек етті. 1970 жылдан облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде және Қызылорда облыстық телерадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Қарымды қаламгер әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің Бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші қызметтерін үлкен абыроймен жүзеге асырды.
Ә.Рахымбекұлы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда дүниеге келді. Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірді. 1965-1969 жылдары аудандық «Сырдария» газетінде еңбек етті. 1970 жылдан облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде және Қызылорда облыстық телерадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Қарымды қаламгер әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің Бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші қызметтерін үлкен абыроймен жүзеге асырды.
Кеңестік дәуірде баспасөздің ноқтасы партияның қолында болғаны көпке аян. Сондықтан ол кезде бұл сала қызметіне жұмысқа тұру өте-мөте қиын еді. Соған қарамастан араға уақыт салып Әскербек беріде 1970 жылы облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетіне қызмет ауыстырып келді. Біздің достығымыз осылай жалғасын тапты. Содан бері біз жұбымыз жазылмай бірге қызмет істедік. Жас кезіміз ғой, кейін бірте-бірте қаламы қарулы журналист ағалар салған сара жолға түстік.
Әріптесім Әскербек Рахымбекұлы өзіне берілген тапсырманы әрдайым мінсіз орындайтын, өз ісінің кәнігі маманы болатын-ды. Мінезі жібектей, сөзі жұп-жұмсақ, ызылып тұратын-ды. Ешкімнің бетіне келіп қарсы сөз айтпайтын-ды, біреуді ренжітпейтін, аузынан адамның көңіліне келетін ауыр сөз шықпайтын, өзі де жайдары әрі сабырлы, биязы қалпында жүретін, бостекі сөз, өсек-аяңнан бойын аулақ ұстайтын асыл азамат еді. Соны байқаған біздің ардагер ағалар, көбі Ұлы Отан соғысына қатысқан жасы үлкен кісілер жанын қинағысын келмейтін, көбіне жастарды жұмсайтын, жиі-жиі тапсырма беріп, тіпті кезекшіліктің өзін аптасына екі кейде үш рет атқаруымызға тура келетін күндерді бастан өткіздік. Есімізде қалғаны Әскербектің бойындағы ең жақсы әрі үздік қасиет еңбекқорлығы, тілалғыштығы, кісінің бетіне қарап сөйлеместен не айтса, соны тап-тұйнақтай етіп дер кезінде орындауы таңғалдыратын еді. Қаншама жыл бірге жүрсек те оғаш іс-қимыл жасағанын, адамға орынсыз кінә тағып, аузынан дөрекі сөз шығып, ренжігенін құлағымыз шалған емес.
Елгезектігі, еңбекқорлығы, ұқыптылығы, білімі мен біліктілігі, өзге де бойына терең дарыған өте жақсы қасиеттері Әскербекті үлкен құрмет биігіне көтеріп жіберді. Кез-келген тапсырманы мұқият әрі дер кезінде сапалы орындаудың өзі зор жауапкершілікті көрсетеді. Бұл адам бойына мықтап дарыған аса тегеурінді һәм керемет қасиеттер ұдайы оны биіктен-биікке көтерді, өзі де еңбектің рахатын көрді, жемісін жеді. Өзгеге, әріптестеріне жақсы үлгі болды. Сыпайылығы, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, өзге кісіге құрметі, жолдас-жораға өте зор ыстық ықыласпен, ілтипатпен қарауы байқаған адамды таңғалдыратын еді.
Тағы бір ойға оралып тұрған мәселе, айталық, өлең жазу оңай нәрсе ме? Жоқ. Жұрт шырт ұйқыда жатады. Ал, Әскербек болса көз майын тауысып, түнімен жыр жолдарын ақ қағаз бетіне төгіп-төгіп тастайды. Бірақ, демалған соң әлгі жазғандарына қайта көз қиығын салып, бір жазып, бір өшіреді, толықтырады, қысқартады, өлең жолдарын ауыстырады, әдемі, ойлы сөз тіркестерін, ұйқасын, көркемдігін іздейді. Осылай өзімен-өзі бойын шымыр ұстап, оймен арпалысып отырғанда таңның қалай демде атқанын да көбіне білмей қалатын еді. Міне, Әскербек еңбектің осындай ырғағымен, қажымай-талмай, үнемі ізденіп, ойланып, толғанып отырып дүниеге қанша оқысаң да құмарың тарқамайтын жыр шумақтарын төгіп-төгіп тастайтыны бар еді. Қараңыз, ол жазған кез-келген шығарманың мазмұны, көтеріп отырған өзекті мәселесі, туындының терең ойы, өткір тілі, ойға қонымдылығы, тың тақырып екені сізді еріксіз таңғалдырады, оны айтасыз қайта-қайта көз қиығын салып жіберіп оқуға құмарыңды қоздырады. Ақын Әскербек Рахымбекұлының табиғи таланты талай адамды тамсандырып, таңғалдырып, таңдай қақтырып жүрді. Мен көп әзілдесіп, көптеген күлдіргі сөздер айтып, жиі ойын құшағына тартып жүретін едім. Өйткені, жасымыз қатар, құрдаспыз, ұдайы бірге жүретінбіз. Екеуміздің де әкелеріміз Ұлы Отан соғысына қатысты. Оның әкесі – қоймашы, менің әкем – кетпенші еді. Өте қарапайым адамдар болатын-ды. Соғыстан жаралы оралып, соған қарамастан еңбекте үлгілі болды, барлық ізет-құрмет жасалды, марапатталды, мадақталды. Қарапайым еңбектері үшін Отанымыздың жоғары наградаларын омырауына тағып, әттең, жарықтық әкелеріміз өмірдің барлық қызығын толық көре алмай, бірде – аш, бірде – жалаңаш дегендей күй кешіп, соған қарамастан еліміздің жоғары наградаларын омырауына тағып, елге үлгі көрсетіп кетті. Екеуміздің тағдырымыз да, талантымыз да осы әкелеріміздің арқасында жаман болған жоқ. Бізге деген пейілдері кең, құшақтары ашық еді. Сол әке сенімінің, үлкен қамқорлығының үдесінен шықтық деп ойлаймын. Әйтеуір, бізді алақандарына салып өсірді. Шүкір, соған біз екеуміз өмір-бақи риза болып жүрдік. Әкелеріміз салған жолды әрі қарай созу әдісін тек оқу, оқығанды көңілге тоқу әдістеріне бағыттадық. Сөйтіп, екеуміз де бір мамандыққа, бір бағытқа түбегейлі бет бұрдық, адалдықтың, оқудың және еңбектің жолына түстік те, соның жемісін жедік, қызығын ұзағынан көрдік.
Мәселен, Әскербектің «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің екі дүркін жүлдегері атануы, көптеген жыр жинақтарының авторы болуы оңай шаруа ма? Жоқ. Сонау 1978-1984 жылдардың өзінде «Тұсаукесер», «Шығыс», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айрылған Аралым-ай», «Алтын арай», «Тұлпарлар тағдыры», «Жыраулар», «Тағдырдастан», «Ғұмырдария», «Ақ махаббат адастырмайды» атты, өзге де шығармалары кезінде Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көріп, оқушылар тарапынан ең жоғары бағасын алуы аса үлкен ерлік іс емес пе? Бұл оңай шаруа ма? Жоқ, әлбетте! Демек, Әсекең көз майын тауысып жазған сол дүниелер қазір алтынның сынығындай өте қымбат, қастерлі, қасиетті. Оны жаны сүйіп оқыған адам терең түсінеді, әрқашан өте жоғары бағалайды. Ә.Рахымбекұлы «Сырдария» кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі.
Заманымыз қанша жақсарса да өткенді еске алу, жастардың құлағына ұлағатты өмір салтын жеткізу аға буын өкілдерінің қасиетті борышы саналуы тиіс. «Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» дейді дана адамдар. Бұл қағида өмірі ескірмейді. Сондықтан байлықты да, билікті де, бақыты мен өз бағын да жалынды жырларының алтын арқауына айналдырған әріптесіміз Ә.Рахымбекұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған мәңгілік мұрасына жастар әрдайым көз қырын салып, зерделеп, зерттеп, жаңғыртып отырса, біздің әруақтарға жасаған ең үлкен міндетіміздің іске асқаны деп тұжырымдауға толық негіз болады. Демек, ұлағатты өмір сүрген, жақсы сөз жазған, соңына өшпес мұра қалдырған ақынның есімі әрдайым жадымызда жүруі тиіс.
«Өткен іске өкінбе» деген қағида бар. Десек те біз алдыңғы буын ағалар жүріп өткен жолда кедергінің де, қиыншылықтың да көп кездескенін естен шығара алмаймыз. Кешегі Кеңестік дәуірде қалаған мамандығың бойынша қызметке орналасу қиямет қайым еді. Мұны сол кезде талай адам басынан кешіргені мәлім. Оны Әскербек те, мен де өз көзімізбен көрдік, таңдайымызға татыды. Әсекең алғашқы еңбек жолын аудандық газеттен бастаса, мен облыстық газеттің редакциясына әуелі еңбекші хаттары бөліміне хат тіркеуші болып орналастым, арада екі-үш ай уақыт өткенде ғана осы бөлімнің әдеби қызметкеріне тағайындалдым. О заманда редакцияға хат көп түсетін еді, маңыздыларын газетке пайдаланып, жарамайтын хаттар жөнінде авторға себебін түсіндіріп жауап жазу қатаң бақылауды болатын-ды. Осы жұмыстың жәй-күйі туралы әр апта, ай сайын редакторға жазбаша түрде баяндау хат жазып отыру талап етілетін еді.
Бірде еңбекшілер шағымына байланысты анық-қанығын тексеріп, мақала жазу мақсатында Сырдария ауданына іс-сапарға аттандым. Дәл сол жолы аудандық газетте еңбек етіп жүрген, өлеңдері жұрт назарын өзіне ерекше аударып келе жатқан жас ақын Әскербекпен танысқаным есімнен әлі екі елі кеткен емес. Бәрі күні кеше тәрізді. Осы шынайы достықтың арқауы ширап, бүкіл саналы өміріміз баспасөз саласында ұзақ жылдар өзара жақсы сыйластықта өтті, қоян-қолтық жүріп аянбай еңбек еттік. Кейін қатарымызға белгілі ақын, жазушы Махмұтбай Әміреұлы қосылды. Оның да әкесі соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан екен. Досымыз әке мейірімін көріп, құшағын ашып еркелеп, ойнап-күле алмаған көрінеді. Десек те, бізге қарағанда әкесінің соғыста болған жерлерін аралап, сол орынға барып ескерткіш орнатып, елге оралды. Оны біз лайықты мадақтап ақпарат құралдарында көрсеттік. Қолдан келгені осы болды. Ал, зер салсақ мұндай қайырым көрмеген талай боздақтар есімі мүлде ұмыт қалды. Кейінгі ұрпақтары да жұмған аузын ашқан жоқ. Құдай осындай балалардан сақтасын. Махмұтбай досымыздың әкесіне арнап жазған шығармалары көкейімізде сайрап тұр. Таңғаламыз. Не деген мейірімділік! Бұл біздің қанатымызды бұрынғыдан да нығайтып, көңіл-хошымызды бірден көкке көтеріп жіберді. Өйткені, Махмұтбайдың мінезі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, әзіл-қалжыңы, терең ойлы ұстанымы, досқа, қатар-құрбыға жанашырлығы, сыпайы қарым-қатынасы, елгезектігі, өмір жайлы ой-толғаулары көңіліме өте қатты ұнайды. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» дейді атамыз қазақ. Үшеуміздің әкеміз де кеуделерін оққа тосып, елін-жерін қорғап, қан майданды бастан өткерсе, біз соларды тек жырға бөлеуді, марапаттауды ғана білдік. Өзімізден кейінгі замандастардың, жас ұрпақтың есіне салдық. Менің әкемнің атында Қызылорда шаһарында бір көше бар. Сол жылдары қатарымыз талантты жастармен, жаны жайсаң, мінезі жібектей ылғи жыр толғайтын, мақаланы өндіріп жазатын қатар-құрбыларымыз мүлде көп еді. Тағдырдың жазуы ғой, толығудың орнына Алла тағаланың жазмышы шығар көбі оттай лаулап тұрған шағында өмірден өтті...
Менің әріптесім, жыр жайсаңы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Махмұтбай Әміреұлының досы Әскербекке деген үлкен ынта-ықыласын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұлар өте адал азаматтар, ақындығымен елге сыйлы әріптестер, ізденгіш, еңбекқор жандар. Бірін-бірі көрмесе іздеп, көңілдері алаңдап тағат таппайды. Сосын ең бір жақсы ғажап қасиеті жолдасқа, әріптеске бүйректерін үнемі бұрып жүретіні қатты ұнайды. Өзара сыйластықтың бұл көрінісі өзгеге үлгі, өнеге болмақ. Жырлары да сондай түйдек-түйдек ойлары арқылы тұла бойыңды шымырлатады, балқытады, жақсы іске қанат қақтырады. Тағы бір керемет тамаша қасиеті жолдас-жораға, әріптестеріне әрдайым терең құрметпен қарайды. Әсіресе, Махмұтбайдың соғыстан оралмаған әкесі жайлы тебірене жазған жырларын оқысаңыз бойыңыз босап, көздің жасы іркіліп қоя береді...
Жасымыздан егіз қозыдай тел өскен, аяулы досымыз Әскербектің кенеттен көз жұмып, мәңгіге аттанғанда қатар-құрбылары қатты қайғырдық. Осындай аяқ астынан болған аса қиын жағдай кезінде әріптесіміз Махмұтбай үлкен ерлік жасады. Ол Әскербек жайлы қатар-құрбылары бұрын жазған барлық жазбалардың басын құрастырып, тығыз іске кірісті. Сөйтіп, Алматыдағы «Арна» баспасынан /Бас директоры Б.Ойса/ «Тұлпар тұрпатты тұлға» атты 15,7 шартты баспа табақ кітап шығарып үлгірді. Таңдап алған жазбалар көңілді тербейді, кітаптың көркемдігі де жақсы. Бұл кітап 19 маусым күні Әскербектің дүниеден өтуінің бір жылдығына арнап Қызылорда шаһарында жаңадан ашылған үлкен мешітте ас беру кезінде келушілерге естелік ретінде үлестіріледі. Мұндай тәрбиелік те, адами тұрғыдан алғанда да аса маңызы үлкен шара әрі қаламгерді ұзақ уақыт есте сақтауға бағытталған ізгілікті іс және ескерткіш кітап болмақ. Бұл Сыр бойы қаламгерлерінің журналистерге деген зор құрметі.
Қызылорда облыстық қоғамдық-саяси «Сыр бойы» газетінің еңбек ұжымы: «Сыр журналистикасы орны толмас ауыр қайғыға душар болды. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, көрнекті сыршыл ақын, публицист Әскербек Рахымбекұлы ағамыз 78 жасында фәнидің қақпасын жапты», – деп жазыпты көңіл айту хатында.
Қаламы қуатты қаламгер Ә.Рахымбекұлы руханияттың алып бəйтерегі, айналасына жыр-шуақ шашқан, Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, ойы терең, сөзі сұңғыла ақын көркем əдебиеттің де көрнекті өкілі еді. Аймақ мəдениетінің дамуына айрықша атсалысқан беделді азаматтың бірі еді. Оның айтысты дамытуға, əн жанрына қосқан сүбелі үлесі ел жадында ұзақ сақталатыны аян. Тіпті тек келіндерге арнап жазған таңғажайып өлеңдерінің өзі өнер əлемінде əлі де шарықтап жүргені жұртқа жақсы мәлім. Турасын айтқанда қарымды қаламгер Әскербек Рахымбекұлы шын мәнінде әділеттің ақ жолынан айнымай, шығармашылық мұратының шыңына құлаш жайып, көркем өнердің төріне жарқырап шыққан жан.
Ә.Рахымбекұлы ұзақ жылдар бойы «Сыр медиа» серіктестігі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ізінен ерген рухтас іні-қарындастарының ғана емес, Қызылорда облысындағы ақын-жазушылардың ақылшы ұстазына айналғаны жұртқа жақсы мәлім. Ардақты ақын, асыл азамат өте қарапайым, биязы мінезі және үлкен адамгершілігімен, сыпайы, әзіл-қалжың араластыра айтатын әңгімелерімен жүректе ұзақ уақыт сақталады. Әріптесіміздің жарқын бейнесі, құнды мұрасы әрдайым ұрпақ жадында жүреді. Әсекеңнің алды жарық, жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын!
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі