Майдандағы жеңіс – тылдағы еңбеккердің жеңісі
ҰОС жылдарындағы ауыл тынысы жайлы облыстық мұрағатта сақталған құжаттарды зерттеу барысында мынадай ақпаратқа куә болдық. Соғыс басталғаннан кейін бас-аяғы үш күннің ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің V Пленумы өткен. Онда өндірістен бастап, колхоз, совхоздардағы еңбекті майдандағы жеңіске бағыттау шаралары қабылданып, нұсқау берілген. Ең бірінші кезекте партия, комсомол ұйымдарына тылда өнімді еңбек ету, жұмысты жеңісті қамтамасыз етуге бағыттап жүргізу жүктелген. Екіншіден, соғысқа кеткен азаматтардың орнына қыз-келіншектер тарапынан кадр даярлау, оларды оқыту міндеттелген. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жұмысқа жұмылдырылған.
Мұрағатта сақталған соғыс уақытында шығарылған газет бетіндегі мақалалардан сол кезеңнің тіршілігін айқын аңғаруға болады. 1941 жылдың 14 шілдесінде аудандық атқару председателі Нұрмаховтың облыстық комитетке жолдаған хатында «Тереңөзек ауданы бойынша 25 әйел тракторист мамандығына дайындалып, оның екеуі жұмысқа кірісті» делінген.
1941 жылдың 1 шілдесіндегі ақпар бойынша бес әйел комбайнерге көмекші, жетеуі шофер, бесеуі машинист, екеуі тракторист, он екі әйел моторист мамандығын үйреніп, Сұлутөбеге 13, Манкентке 19 адам көлік жүргізуді үйрететін курсқа жіберілген. Дәл осы кезде аудан орталығында контигентті 104 адамдық курста 33 әйел осындай мамандықтарды игерген.
Отан қорғау қорына 239 қысқа тон, 136 күртеше, 1112 пима, 928 жүн қолғап, 896 шұлық, 720 құлақшын, 72 қалың күртеше, 112 мақталы шалбар, 96 свитер, 96 көрпе, 320 сүлгі, 233 жастық тыс пен 153 төсек жаймасы жіберілген. «Майлықұм» колхозының председателі Маханбетов жеке өзі 1 мақталы шалбар мен қалың күртеше тапсырған. Мекеме және колхоз басшылары өздерінің жеке басының үлгісін көрсету керектігі атап көрсеткен.
Майданға жылы киім-кешек дайындау жұмысы туралы Орталық Комитеттің арнаулы нұсқауы болған. Республикадан бастап облыс, ауданда Қызыл армияға жылы киім жинау жөнінде күнделікті ақпарат беріліп отыру міндеттелген. Сонымен қатар тез арада жер-жерде тері, жүн өңдейтін цехтар ашып, военкоматтың берген үлгісіне сәйкес пима, тон, шұлық, қолғап дайындау жұмысына қыз-келіншектерді, комсомолдарды, оқушылар мен пионерлерді жұмылдырған. Оған қоса, қорғаныс қорына 56033 сом, танк колоннасына 24755 сом аударған. Елдегі жағдайға қарамастан, 1942 жылдың баспасөзге жазылу жоспары толық орындалған.
Сол тұста, Тереңөзек ауданына эвакуацияланған халық саны 2480 адамды құраса, балалар үйінен 400 жеткіншек қызметкерлерімен бірге қоныс аударған. Ауыл совет председательдеріне сырттан келгендерге жағдай жасау, оларды орналастыру және етпен қамтамасыз ету үшін арнайы аңшылар бригадасын құру міндеттелінген.
1943 жылдың 23 ақпанында егін шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарлы қыз-келіншектердің облыстық кеңесі болған. Кеңеске ақын А.Тоқмағамбетов қатысып, сөзі облыстық «Ленин жолы» газетіне «Елмен ер егіз, ермен ел егіз» деген тақырыппен басылған. Мақала жер-жерде, мектептерде, комсомол ұйымдарында қызу талқыға түсіп, іс-қимыл бағдарламасына айналған.
Майдандағы Жеңіс – тылдағы еңбеккерлердің де жеңісі болған. Қорғаныс қоры құрылып, республика еңбекшілері арасында қолдау тауып, соғыстың алғашқы жылында 854 тонна астық, 1883 центнер сүт, 43 центнер май, 18,8 тонна көкөніс пен 8985 мың сом ақшалай көмек жіберілген. Ауыл еңбеккерлері өздері ашқұрсақ жүрсе де майдандағы жауынгерлерді тарықтырмаған.
1942 жылдың 15 желтоқсанында «Жаңа ауыл» советінің жанындағы бастауыш партия ұйымының жалпы жиналысы болып, онда тылдағы жұмысты соғыс жағдайына бейімдеп қайта құрып, жандандыру мәселесі қаралған. Колхозшылар таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін, кеңсе қызметкерлері таңғы сағат 6.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін жұмыс уақытын бекіткен.
Соғыс жылдарының өзінде Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті оқу ойдағыдай жүргізіліп, мектеп жасындағы балалар 100 пайыз оқуға тартылған.
Ересектердің сауат ашу мектептері де жұмысын тоқтатпаған. «Майлықұм» колхозының оқу үйі меңгерушісі А.Досжанова, ХҮІІІ партия съезі атындағы колхоздың оқу үйі меңгерушісі Мұстафаевалар аудандық құрмет тақтасына ұсынылған.
Соғыс кезінде жас ұрпақты тәрбиелеуде мектептер ауқымды жұмыстар атқарып, облыс бойынша 46 мектеп жаңадан іске қосылған. Сұрапыл соғыс жүріп жатқанда елде қалғандар сауатсыз қалмай, сол жылдары мектептерде барлығы 26713 оқушы оқып шыққан.
1941-1945 жылдар аралығында 15 бала мектепті алтын медальмен бітірген. Мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап еңбекке араласқан. Тимуровшылар командасы барлық мектепте құрылып, майданға көрсеткен көмектері мен жақсы жұмысы үшін Мемлекеттік қорғаныс комитетінің председателі Сталиннің «Алғыс хатын» алған.
Соғысқа құрал-жабдық жасауға оқушылар 188201 сом, қорғаныс қорына 28815 сом және қосымша қажеттіліктер үшін ақша жинап, 200 тонна металл сынықтарын жинаған.
Мектепте еңбек тәрбиесіне ерекше мән берген. Елді мекенді көгалдандыру, металл сынықтарын, түрлі дәрілік шөптер жинауда жексенбіліктер ұйымдастырылған. Оқушылардың күшімен 761 тонна түрлі дәрілік шөптер жиналған. Жазғы демалыс кезінде мектепті, мектеп жабдықтарын жөндейтін оқушылар бригадасы құрылған.
Тылда да соғыстағыдай тәртіп орнатылған. Ол заманда техника да жоқ, тылдағы әйел, бала-шаға, қарттар жанқиярлықпен қолда бар мүмкіндікті жан-жақты пайдаланған. Ауылдағы күш көлігі есек болып, жылқыларды түгел майданға жіберіп отырған.
Майдан даласында соғыс қызу жүріп жатқанымен, ауылда түрлі мерекелер тойланып, конкурстар өткізілетін еді. Соның бірі – 1943 жылы октябрь айында өткен комосмолдың 25 жылдық мерекесі. Соның құрметіне жастар шығармашылығының облыстық байқауы өтіп, онда Тереңөзек жастары бірінші орын алып облыстық комсомол комитетінің көшпелі Қызыл Туын жеңіп алған.
Майдандағы азаматтарының жеңісіне барлық әйелдер лайықты үлес қоса білген. Нәтижесінде, бұрын-соңды болмаған еңбек өнімділігіне қол жеткізген. Ауыл шаруашылығының бар саласында социалистік жарыс жанданды. Социалистік жарыс сол қоғамның қозғаушы күші болды. Соғыс жылдары соғыстың алдындағы екінші бесжылдық жоспарының бес есеге артық өндірілуі сөзімізге дәлел.
Соғыс жылдарында мерзімді баспасөз беттеріне партия, комсомол ұйымының жиналыс протоколдарынан, түрлі ұсыныс пен берген мінездемелерінен озаттардың атын атап өтуге болады. Олардың ішінде Ж.Оңалова «Жаңа ауыл» ауыл советінің председателі қызметін атқарып, озат ауыл советтердің қатарында аталған. Ал Д.Нұрпейісова болса алғашқы әйел коммунист ретінде тарих парақтарында қалған.
Сонымен қоса, ХҮІІІ партия съезі атындағы колхоз әйелдері 1942 жылдан бастап сабын қайнатып, басқаларға үлгі болған.
Манат Есенбаева,
А.Тоқмағамбетов ауылының
еңбек ардагері
А.Тоқмағамбетов ауылының
еңбек ардагері