Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЕСІМ

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЕСІМ


Жақында Алматыдағы «Орхон» баспа үйінен «Сұлтан Қожаниязов» атты кітап жарық көрді. Кітап авторы зерттеуші – ғалым, этнограф-жазушы Тынышбек аға Дайрабай.
Кітапқа белгілі журналист, сықақшы, фельетонист Сұлтан Қожаниязовтың 1938 жылдан республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдарда жарияланған әртүрлі тақырыптағы мақалалары, очерктері мен сын-сықақ, фельетондары мен өлеңдері енген. Төрт тараудан тұратын бұл кітап көпшілік оқырманға арналған.
Кітап жайлы автордың өзі былай деп жазады: «Бұл кітапқа белгілі майдангер-журналист Сұлтан Қожаниязовтың Фин, Отан соғысына арнаған өлеңдері мен халық шаруашылығының түрлі салаларында басшылық жасаған ауыл, ауданның басшылары, мекеме, кәсіпорын басшылары жайлы, олардың жіберген кемшіліктерін басылым арқылы жариялаған шығармалары еніп отыр. Өзі аудандық газетте қызмет істей отырып аудандық прокурор, аудандық атқару комитетінің төрағалары мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларын да сынға алып отырған. Бұл тұста С.Қожаниязовтың батылдығы, турашылдығы, әділдікті жақтайтыны анық байқалады. Әрине, кейбір тұстардағы сол кезеңнің кемшілігін көрсетемін деп майдалап жіберген сын-сықақтары да бар. Оның қаламына өзі қызмет атқарған Жалағаш, Тереңөзек, Қазалы, Қармақшы аудандарының азаматтары көбірек ілінген.
С.Қожаниязов жазған дүниелер өте көп. Бүгінде тарихқа енгендіктен мазмұн, мәнін бұзбай сол қалпында біразын жариялауды жөн көрдік.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф-жазушы»
Сұлтекең сонымен бірге суырып салма, айтыс ақыны да болған. Кітапта шиелілік ақын Смайлов Қуанышпен айтысының толық нұсқасы берілген.
Архивтік мәліметтерге сүйенсек Сұлтан аға Қожаниязов 1917 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданы, Карл Маркс колхозында шаруа отбасында туған. 1920 жылы әкесі қайтыс болады. Жоқшылықпен күнін өткізген ол анасы екеуі тұрып жатады. Күнкөріс қиын болғандықтан сол ауылдағы Досай деген байдың жалшысы болады.
1930-1932 жылдары Қызылордадағы мемлекеттік интернатта, 1932-1934 жылдары Шымкенттегі ФЗО-да оқиды. Одан кейін Шымкенттегі қорғасын зауытына жұмысшы болып орналасады. 1935-1938 жылдары Қызылорда педучилищесінде оқиды. 1938 жылдың шілде-желтоқсан айларында облыстық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет жасаған.
1938-1941 жылдары Қызыл әскер, 1941-1942 жылдары Жалағаш аудандық «Қүрішшілер» газетінде жауапты хатшы, 1942 жылдың шілде, 1943 жылдың ақпан айлары аралығында 19 гвардиялық дивизияның 61 гвар­диялық полкында соғыста болған, әскери шені-саяси жетекшінің орынбасары. 1943 жылы ауыр жарақат алып, соғысқа жарамсыз болғандықтан елге оралады. 1943 жылдың аяғында «Ленин жолы» газетінің Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен. Өмірінің елу жылын осы салаға арнаған ағамыз 1977 жылы зейнет демалысына шықса да он жылдай осы салада еңбек етті. Ол әр жылдары Жалағаш аудандық «Күрішшілер» газетінде редактор, облыстық газеттің Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Терең­өзек аудандарындағы мен­шікті тілшісі қызметтерін атқарған.
С.Қожаниязовтың есімін қайта жаңғырту, оның еңбегін жарыққа шығару жолында жазушы Т.Дайрабай ағаның еңбегі ұшан-теңіз. Инемен құдық қазғандай, жан-жақта шашырап жатқан құжаттарын, мақалаларын, өлеңдерін, суреттерін, басқа да құнды құжаттарды архивтерден іздестірген ғалым көп тер төккені көрініп тұр.
Кітаптың жарыққа шығуына демеуші болған және алғы сөзін жазған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев. Кітап жайлы А.Жұмашұлы: «Оның қаламынан туындаған ауыл туралы толғаныстары, қарапайым еңбек адамдарының бейнеті, кемшілік жіберген ауданның бірінші басшыларын сынаған сықақ, фельетондарының тәрбиелік мәні жойылмағанын көрдім. Сондықтан С.Қожаниязовтың бұл жинағы көркем туындылар қатарынан орын алмаса да, талайлардың өмір жолынан хабар беретін, сол замандардың тыныс-тіршілігін сезінуге итермелейтін шығарма.
Қорыта айтар болсам, батырлар шыққан, әрі басқарған ауылдың түлегі, көрнекті майдангер-журналист, сықақшы Сұлтекеңнің шығармаларын жарыққа шығару тұтас Сыр елінің 1938-1990 жылдардағы өсу жолдары мен таныса алады. Сөз жоқ, С.Қожаниязов шығармалары еңбеккер қауымды өмірдің өзін бейнелейді»,-дейді.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
14 желтоқсан 2017 ж. 1 505 0