Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2000 жыл: Cырдария облыста жеңімпаз атанды

2000 жыл: Cырдария облыста жеңімпаз атанды

Жаңа ғасыр белесінде жергілікті басылым «Жетпіс жылға бергісіз – 9 жыл» тақырыбында ҚР Тәуелсіздік күні мерекесінде арнайы бет арнаған. Тарих қойнауына енген 2000 жылы аудан өмірінде елеулі оқиғалар орын алды. Ең басты жылашар жаңалық – сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевтың өкімімен аудан басшысы болып Әріп Хожбановтың тағайындалуы еді.

Нарықтық ғасырдың алғашқы айларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялау туралы Жарлығы қабылданды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемін. Бұл ғасыр біздің тарихымыздағы жасампаз іске толы, бейбіт өткен ғасыр болып енеді деп сенемін» деген. 2000 жылдың, яғни ХХІ ғасырдың алғашқы күнінде аудан бойынша 3 ұл, 4 қыз дүниеге келген.

«Мәдениетті қолдау жылы» аясында өңірімізде «Әдебиетке, өнерге де бай елім» тақырыбында облыстық мәдениет қызметкерлерінің съезі өткізіліп, оған ауданнан арнайы делегаттар қатысқан. Сол жылы аудан бойынша 5 мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб жұмыс жасаған. Сонымен бірге «Құрақтың Досжаны», «Оңаша» ойын-сауық отауы, «Жадыра», «Ақдариға», әже­лер ансамбілі, «Көңілашар» ән-би ансамблі халықтың ыстық ықыласына бөленді. Өтірік өлең шебері, айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаевқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен ең­бе­гі үшін» медалі табыстал­ды. Аудандық мәде­ниет үйінің ұйымдастыруымен «Бал­дәурен» және «Әнші балапан» байқау­ларында топ жарған Зәуре Білісбаева Сыр­дария ауданының атынан өнер көрсету үшін Италияға жолдама алды.

Дағдарыстан кейін бетбұрыс жасаған Сырдария ауданының әкімі Әріп Хожбановтың қызметке кіріскеніне 100 күн толуына орай басылым бетіне Н.Жанұзақұлының «Бөлінгенді бөрі жейді» тақыры­бында мақаласы жарық көрді. Мақалада аудан экономикасы мен әлеуметтік дамуы жөнінде мол-мағлұмат беріледі. Осы жыл­дың күзінде облыс әкімі Серікбай Өрікбайұлы аудан­ға іссапармен келіп, шаруашылықтарды аралады. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таразылап, ардагермен дидарласқан. Аманкелді, Бесарық, Қо­ғалыкөл ауылдарында су құбырларының іске қо­сылғаны жөнінде аймақ басшысына ақпар беріл­ді. Шаған ауылындағы жаңадан ашылған шекаралық бекет, балабақша құрылысы назардан тыс қалмады.

Аудан еңбеккерлері бұл жылы қамбаға мол ас­тық құйды. 11 мың гектар егістікке кү­ріш дақылын орналастыруды жоспарлаған диқандар өзара озаттарды анықтады. Әр шаруашылықтың үздіктері «Орақ озаттары» айдарымен басылымға шықты. 2000 жылы облыс әкімінің шешімімен Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы өндірісінің аудандар арасындағы жеңімпазы болып, жарияланды. Негізінен, диқандар 11500 күріш егісінің әр гектарынан 43.26 центнерден өнім алып, барлығы 49,7 мың тоннан Сыр салысын жинаған.

Сырдариялық диқандар су тапшылығына қарамастан бидай ору науқанын табыс-ты аяқтаған. Жалпы, бидайдың егілген көлемі 2260 гектар құраса, одан 22834 центнер өнім алынды. Осы кезеңде мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Ауданда 21748 ірі қара, 50400 уақ мал есепке алынған.

Жаңа ғасырдың алғашқы жылын­да мемлекеттік марапат биігінен бірнеше сырдариялық көрін­ді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен «Құрмет» орде­ніне «Шаған» ЖШС-нің комбайншысы Өмір­бек Жаңабаев пен Қалжан ахун шаруа қожа­лығының төрағасы Алданберген Құлбаев ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Қалжан ахун шаруа қожалығының бригадирі Жарылқасын Ерташов марапатталды.
2000 жылы Түркістан қала­сының 1500 жылдығы респуб­лика көлемінде тойланған. Ал Шаған ауылында жаңа мешіт ашылып, оның лентасын аудан әкімі Әріп Хожбанов қиған. Мұсылмандыққа бет бұрған жамағатқа жол нұсқаушы имам Талғат Нұрманов болды. Осы жылы ақын Сейфолла Оспановтың туған жерінде 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің 60 жылдығы той­лан­ған. Өкініштісі, ауыл шаруашылығының білгірі «Шаған» агро фермасының директоры Қожабек Дәдікбаев 44 жасында бақилыққа аттанды.

Аудан көлемінде кәсіпкерлік саласында жаңа жобалар қолға алына бастаған. Мәселен, «Заңғар» демалыс кешені ашылып, жергілікті халыққа қызмет көрсеткен. Ауданда осы жылы әлеуметтік сала басшылары ауысып, білікті мамандар тағайындалған. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне ақын Асқар Кіребаевтан кейін Нұрлыбек Ғизатов басшылық жасаған.

Басылымның сол кездегі жарыққа шық­қан тігінділерінен байқағанымыз ауыл шаруа­шылығы, экономика, әлеуметтік мәселелер кө­терілген. Көпбалалы аналарға құрмет көр­­сетіліп, балалардың жазғы демалысына көңіл бөлген. Осыдан 21 жыл бұрын Тұмау инфекциясының таралуы жиілеген. Бұл ретте, аудандық СЭС мекемесі атқарылған жұмысы жөнінде аудандық газетке мәлімет беріп отырған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
22 мамыр 2021 ж. 488 0