1997 жыл: аудан атауы өзгерді
Тәуелсіздіктің жетінші жылы ауданда іргелі істер қолға алынып, жұртшылық игілігі үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Ең бастысы, Президент Жарлығымен Тереңөзек ауданының атауы Сырдария болып өзгертілді.
Аудан атауының өзгертілуі ҚР Президентінің 1997 жылғы 10 қыркүйектегі №3627 Жарлығы негізінде жүзеге асты. Облыс аумағында әкімшілік аймақтарды оңтайландыру мақсатында қабылданған шешім негізінде Аманкелді, Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендері жаңа Сырдария ауданына, ал Қызылөзек ауылдық округі Қызылорда қаласы құрамына қосылды. 1997 жылы облыстық мәслихат пен әкімшіліктің шешімімен Құндызды, С.Сейфуллин ауылдық округтері таратылып, Аманкелді, Қызылдихан, С.Сейфуллин ауылдық округтері Тереңөзек поселкелік округіне қарады. Сәйкесінше, кейбір ауылдық округтердің атауы өзгертіліп, жылдың екінші жартыжылдығынан бастап аудан құрамында 1 кент пен 14 ауылдық округ болды.
1997 жылғы 6 наурыздағы Президент Жарлығына сәйкес жергілікті жерлерде шағын кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осы жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша ауданда 271 шағын және орта кәсіпкерлік нысан салық органдарына тіркелсе, дала диқандары 11 мың гектарға күріш еккен. Егін егу жұмыстарының барысы аудандық газеттің «Көктем егісі» тұрақты айдары бойынша жарияланып отырған. Ауданның бірінші жартыжылдықтағы жетістіктері мен жалпы тыныс-тіршілігін сол кездегі аудан әкімі А.Божанованың аудандық газеттің бас редакторы А.Кіребайұлына берген сұхбатынан аңғаруға болады. «Ел несібесі – ертеңде» атты сұхбатта аудан басшысы жекешелендіру жұмыстарын ұйымдастыру оңайға соқпағанын ерекше атап, зейнетақы төлемдері бойынша қалыптасқан қарыздың өтелгенін жеткізген. Сұхбатта 10500 гектар күріш суға бастырылғаны, ауданда 19346 ірі қара, 69850 қой-ешкі, 1529 түйе, 5252 жылқы бар екені айтылған. Осы жылы «Іңкәрдария» өндірістік кооперативі мен «Қызылөзек» серіктестігі әр жүз аналық саулықтан 102 қозыдан алыпты.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1997 жылы сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ауданға бірнеше рет жұмыс сапарымен келгенін байқаймыз. Мысалы, тамыз айында аймақ басшысы сырдариялық ардагерлермен кездескен. Мұнан бөлек, зейнетақының берілуімен, егін және жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысып, бірқатар ауылдарды аралаған. Тамыз айының орта шебінде ауданға екінші рет келген облыс әкімі облыстық семинар кеңеске қатысқан. Атап өту керек, облыс әкімінің Тәуелсіздіктің жетінші жылында ауданға жасаған жұмыс сапарларының барлығын аудандық басылымда журналист Д.Құмақбайқызы ақпараттандырған. «Тереңөзек тынысы» газетінің архивтегі тігіндісіне зер салсақ, сол кезеңде жақсы үрдіс болыпты. Шаруашылық төрағалары «Егінге аттаныс оң болсын!» тұрақты айдары бойынша өздері жетекшілік ететін шаруашылықтардың жетістіктерін ақпараттандырып, авторлық мақалалар жариялаған.
Осы жылы аудандық газеттің атауы да өзгертілген. Бұл жұмыс бойынша сол кездегі бас редактор А.Кіребайұлы жергілікті басылымда бірнеше рет мақала жариялап, оқырмандармен ой бөліскен. Нәтижесінде, «Тереңөзек тынысы» газетінің атауы «Тіршілік тынысы» болып өзгертіліп, тиісті шешім қабылданған. Ал тағайындаулар жөнінде айтар болсақ, Тереңөзек поселкесінің әкімі қызметін атқарған Мэлс Қосмамбетов жаңадан ашылған аудандық бизнес орталығының бастығы қызметіне кіріссе, аудан орталығының тізгіні Нақып Алматовқа тапсырылған. Қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғалар қатарына облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған А.Кәмішовтің төрағалығымен ауданда өткен актив жиналысын айтуға болады.
Аудан атауы өзгертіліп, жаңа белеске қадам басқан аудан Тәуелсіздіктің жетінші жылын осындай жаңалықтармен қарсы алған. Бүгінде мұның бәрі тарихқа енді. Біз бүгінгі ұрпақ үшін тарихи шежіре болып табылатын оқиғаларды «Тәуелсіздік шежіресі» айдары бойынша жариялауды жалғастыратын боламыз. Ордалы отыз жылдық мерейтойда өткенге көз тастап, естеліктерді жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болады. Осы ретте ардагерлер мен оқырмандардан да аудан тарихына қатысты естелік мақалалар мен пікірлер күтеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ