Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын жұлдызды диқан

Алтын жұлдызды диқан

Талдырмаш келген қараторы қыз он сегіз жасында колхоз жұмысына араласты. Масақ терді, қырман күзетті, егін екті. Ол кезде қазіргідей самсаған техника жоқ. Бәрі қолымен атқарылатын. Еңбек десе жанып түсетін Күләнданы колхоз басшылары нан атасы – бидай егуге тартып, баулыды. «Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» деген мақал сол кездің еңбек адамының іс-әрекетіне сай келетін. Егістік жер кетпенмен өңделіп, арық қолмен қазылды. Соғыс кезінде бар ауыртпалық Күләнда тәрізді қыз-келіншектер мен жасөспірім балалардың және қарттардың мойнына түсті.

Сол кезең туралы Жалғасбек Аманов пен Кендебай Сейітовтың «Батырлар басқарған ауыл» атты кітаптың 43 бетінде мынадай жолдар бар. «Сонау бір соғыс жылдары жер қыртысына түрлен түспеген Құндызды қойнауындағы кең алқапты игеру сөз бола бастады. Бірақ бұл кезде техника мүлдем жетімсіз еді. Оның үстіне ер азамат майданға кеткен, жұмыс қолы да тапшы. Дегенмен Құндыздыға егін егу керек, ол үшін арық қазу керек. Міне «Карл Маркс» колхозындағы «Дәурен» арығы осылай қазылды. Соған алғаш кетпен ұрушылардың бірі – Күләнда Әбдіраманова еді» деп суреттеледі.

«Дәурен» арығы қазылып болғаннан кейін Құндыздыға 50 гектар бидай егіледі. Өзіне бекітілген 18 гектар бидай алқабының әр гектарынан 34 центнерден өнім жинаған Күләнда Әбдіраманова өңір бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осы ерен еңбегі үшін бидай өсіруші КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1949 жылғы 20 мамырдағы Жарлығымен ең жоғарғы марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.

– Облыс бойынша егінжайдан әйелдер арасында бірінші болып Социалистік Еңбек Ері атағын алған осы Күләнда Әбдіраманова апамыз. Кейін өткен ғасырдың 70 жылдары жас жақаевшылардың тәлімгері болды. Ол кезде күріш өсіріп, жақсы жетістіктерге жетті, – дейді мектеп директоры, ауыл әкімі болған, бүгінде зейнеткер, тарихшы Нұрмағамбет Қуандықов ағамыз.

Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіра­мано­ва 1952 жылы Орал қаласындағы кол­хоз төрағаларын дайындайтын орта ауыл­шаруашылығы мектебін бітіреді. Одан соң колхозда 10 жылдай агроном болып еңбек етті. Уақыт жылжып өте берді. Жеңістен кейінгі тірлік түзеліп кете қоймады. Тек қана ақ егіспен колхоз көтерілмейтін еді. Сырдың күнбатыс жағалауына күріш егілді. Жаңа кеңшар орталығында ақшаңқан үйлер бой көтерді. Жаңадан ашылған шаруашылыққа осы елдің азаматы, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов директор болып тағайындалды. Ол өзіне дейінгі басшылықтың «кетпеннің дәурені өтті» деп Социалистік Еңбек Ерін шеттетеді екен. Кемшілігін жедел түзетіп, Күләнда Әбдіраманованы шаруашылықта еңбек етуге шақырды. Бір ауылдан шыққан сыйлас, әрі құрдас азаматтың қолқалауымен ауылға келді. Күріш екті. Басшы сенімін ақтады. Басында диқан болса, кейін звеноға жетекшілік етті. Оның еңбекте қол жеткізген жетістіктері туралы «Батырлар басқарған ауыл» атты кітапта былайша суреттеледі:

«Қатар түскен қос комбайн дестеде жатқан жал-жал күрішті ертегінің дәулеріндей жалмап барады. Шашау шыққанын көмекшілері айырмен іліп, қайта дестеге салады. Екінші айналымда комбайн арасы алшақтай берді. Бұл Конс­тантин Ким басқаратын бөлімшенің егістігі. Комбайншылар Шәймен Орынбаев пен Николай Кан шық кепкенше осылайша қарқынын үдете берді. Бұл Күләнданың күріштігі. Соңғы бункерді қырманға жібергенмен, механизаторлар жата қоймады. Күткені дұрыс болған екен. Шаруашылықтың бас агрономы Әбілхайыр Тәуекелов келді.

– Құттықтаймын, Күләнда. Гектарына 70,5 центнерден келді, – деді. Моншақ тер маржан дәнге осылай айналды.

Бұрынғы қоғамда оқушыларды еңбекке бау­лу мақсатында күріштің арамшөбін отауға, егін жинасуға алып баратын. Осы жолдардың авторы 1971 жылдың алтын күзінде, яғни бұдан 49 жыл бұрын сегізінші сыныпта оқып жүргенде Күләнда Әбдіраманованың егістік алқабында сынып болып еңбек еткен еді. Апай сондай мейірімді, қарапайым жан болатын. Ықшам киініп, иығынан орағы түспейтін. Отағасы Әлібай аға екеуі егіс алқабын аралап, жатып қалған күрішті бізбен бірге оратын еді. Бала болсақ та алқаптың мол өнім беріп жатқанын пайымдайтынбыз. Ұмытпасам ескі «Карл Маркске» жақын орналасқан №9 бригада егістігі. Бригада жетекшісі Мауқан Дос­танов болатын. Қазір бұл кісінің немересі «Мағжан және К» ЖШС-нің директоры Дархан Ералиевтің орынбасары. Ұрпақтар сабақ­тастығы осы болар, бәлкім.

Өткен жылғы егін орағында іскер басшы Дархан Жұмашұлымен бірге кезінде Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова еңбек еткен алқапта болдық. Тоқырау кезінде ит тұмсығы батпайтын тоғай екен. Бұл аумақтан 70 гектар алқап қалың тоғайдан тазартылып, инженерлік жүйеге келтірілген. Оған су апаратын арна да қазылған. Бұл егістік Күләнда алқабы аталып, осында Социалистік Еңбек Ерінің есімі жазылған арнайы тақтайша қойылмақ. Сонымен қатар «Егін орағы – 2020» алғашқы лентасы осы алқаптан қиылмақшы.

– Бұл игі шараны біз күні бұрын ойластырып отырмыз. Күләнда апа қандай құрметке де лайық жан. Ескі Карл Марксте Әлібай аға мен Күләнда апаның отбасымен көрші тұрдық. Ол кісілерден алған тәліміміз мол, – дейді шаруашылық басшысы Дархан Жұмашұлы.
Көп жыл «ҚазССР 50 жылдығы» атындағы кеңшардың жұмысшылар комитетін басқарған Төребек Жұмабекұлы Социалистік Еңбек Ері туралы жарқын естеліктер айтты.

– Ол кісі ерен еңбек иесі еді. Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың, одан кейін Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтың қарамағында жұмыс жасады. Күріштен мол өнім алды. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанды. Шаруашылық директоры А.Бисенов Әбдірамановтар отбасына орталықтан коттедж үй берді. Қарттық кезеңдерінде облыс орталығында тұратын ұрпақтарына қарай қоныс аударды. Кейін де байланысымыз үзілген жоқ. Биыл Күләнда апаның туғанына 100 жыл толады. Шаруашылық басшысының ол кісінің алқабын жасақтап, алғашқы орақты сол жерден бастауды ұйғарып отырғаны өте құптарлық, – дейді ауыл ардагері.

– Күләнда Әбдіраманова жас жақаев­шылардың тәлімгері болды. Сол кездегі күріш өсіретін комсомол жастар бригадасының жетекшісі еңбек жолын тракторшылықтан бастаған ғалым-агроном Кенжебек Әнәпия­ұлы еді. Күләнда ападан тәлім алған Кен­жекең шаруашылыққа 50 жылдан астам еңбек сіңіріп, қазір құрметті зейнет демалысында, – дейді ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Н.Қуандықов.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей ерлі-зайыпты Әбдірамановтар 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Тұрсынбай Қазалы ауылшаруашылығы техникумында мұғалім, Қызылорда қаласындағы «Риссовхозстрой» тресінде автобаза директоры болды. Одан Ғалымжан, Бауыржан атты екі ұл бар. Үлкені – Алматыда, кішісі – Қызылорда қаласында тұрады. Ал қызы – Тыныштыкүл Әбдіраманова жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ҚазССР астық және астық өнімдері министрлігінің облыс бойынша мемлекеттік инспекциясында еңбек етті. Кейін осы инспекцияның бастығы болды. Қазір зейнеткер, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Үш ұлы бар. Жамбыл, Сәкен, Руслан атты ұлдары түрлі салада еңбек етеді.
14 шілде 2020 ж. 780 0