Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ҚОРҒАНЫ АТАНҒАН БАТЫРЛАР

ЕЛ ҚОРҒАНЫ АТАНҒАН БАТЫРЛАР


Өткен ғасырда адамзат баласына өлшеусіз зардабын тигізген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 73 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда ауданымызда жеңісті жақындатқан майдангерлер қатары сиреп, үш қариямыз ел арасында бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешуде. Олардың екеуі кескілескен отты жылдар аяқталғаннан кейін елге оралып, ішкі істер органында зейнетке шыққанша табанды еңбек етті. Бар жастық шағы мен есейген күнін ел тыныштығын күзетуге жұмсаған майдангерлер М.Бержанов пен Д. Сақтағанов ерлігі ел ісінде.
Бұрнағы күні облыстық ішкі істер департаменті мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қос майдангердің шаңырығында болды. Өз кезегінде ОІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қ.Қобландин мен Қызылорда ОІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тұңғышбаев сөз алып, ардагерлерді айтулы мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Майдангерлеріміз ішкі істер саласында қызмет етіп жүріп, ел іргесінің сөгілмеуіне барынша еңбек етеді. Бүгінде олардың бейбіт өмірдегі ізбасарлары ел тыныштығын күзетуде абырой биігінен көрінуге ұмтылуда. Қос ардагерге құттықтау сөзін арнаған меймандар сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, сала мамандары небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған Т.Қозыбаевтың шаңырағына барып, ата-анасын аталмыш мерекемен құттықтады. Т.Қозыбаев қызмет бабында адам өміріне араша түсіп, қаза тапты. Ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» орденімен марапатталған батырдың ата-анасы қонақтарға риясыз алғысын айтты.
«Елдің атын ер шығарады» демекші сонау қиын-қыстау күндері кеудесін оққа тосқан батырлар ерлігі ұмытылмақ емес. Жастық ғұмырын елді қорғауға арнаған ардагерлердің өмірі кейінгілерге әрқашан үлгі-өнеге.

Б.ОРДАБЕКОВ
15 мамыр 2018 ж. 1 807 0