Eл үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар
«Өз ұлын өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан тапсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, сұрапыл соғыстың куәгері, отты жылдары елі үшін аянбаған майдангер жауынгер Құлманов Бөрібай атамыз Жеңістің 75-ші таңын қарсы алып, биыл 100 жасқа толады.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ- нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының жеке тектік қор иесі Құлманов Бөрібай атамыз жайлы баяндасақ, 1920 жылы 15 қарашада Сырдария ауданының Амангелді кеншарының, «Зіңкетер» ауылында дүниеге келген. Отбасының Қызылорда қаласына көшіп келуіне байланысты қаладағы 1-май мектебінде оқиды, 1931 жылы ата-анасы қайтыс болғасын балалар үйінде тәрбиеленеді.
1934-1940 жылы Қызылорда ауылшаруашылығы техникумын бітіріп, агроном-химизатор мамандығын алады. Алғаш еңбек жолын Сырдария ауданы ауылшаруашылық басқармасында бастайды.
1940 жылы 1 қыркүйекте Москвадағы Ресей Жоғарғы Кеңесі атындағы жаяу-әскер училищесіне курсант болып қабылданды.
1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдары Москва, Ржев, Польшаның Бреслау, Ченстакова, немістің Штеттин қалаларын жаудан азат етуге, Белорус, Калинин майданында болған ұрыстарға қатысып лейтенат атағын алады, 373 атқыштар дивизиясының 1256 полкінің рота командирі болды.
Соғыс аяқталысымен 1945 жылы маусымда Кеңес үкіметінің ерекше тапсырмасымен «Хоргос» арқылы қытай шекарасынан өтіп, «Синьцзянь» провинциясындағы жергілікті халықтың егемендігін алу үшін Оспан батыр бастаған көтеріліске қатысып «Шығыс Түркістан» республикасын орнатуға қатысады.
1946 жылы елге оралып, 1986 жылға дейін облыстық, Қазалы, Сырдария аудандық партия комитетінде, ауылшаруашылық басқармасында халықтық бақылау комитетінде қызметтер атқарады.
1947-1949 жылы Республикалық екі жылдық партия мектебінде оқиды. 1986 жылы республикалық дәрежедегі құрметті зейнетке шықты.
Соғысты Москвада бастап Берлинде аяқтаған соғыстағы ерліктері, еліміздің, облысымыздың экономикасын, ауылшаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін жоғары наградаларға ие болды.
Омырауындағы ордендер мен медальдар оның жүріп өткен жауынгерлік және еңбек еңбек жолының жемісті екенін көрсетеді.
Көп жыл қатарынан мемлекеттік, халықтық, партиялық бақылау жүйесінде басшы қызметтерді үлкен абыроймен атқарды. Қай салада қызмет атқарса да әділдіктің ақ жолынан тайған жоқ. Оған біріншіден туа бітті тура мінез негіз болса, екіншіден оның жас кезінен әскери қатаң тәртіпке баулығандығы, адалдықты әрқашан қасиет тұтқандығы.
Соғыс және еңбек ардагері Құлманов Бөрібай өзінің адалдығымен, әділдігімен еліне сыйлы азамат. Бейбіт елдің ұландары сіздей ел қорғаны болған батырлардың қайсарлығына бас иіп, тағзым етеді, ерліктеріңізді ешқашан ұмытпайды.
Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқында анық түсінген, қандайда қиын қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де дәйім жұртының азаматы болып қала бермек.
Д.Қалтаева,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві»
КММ- нің қоғамдық- саяси тарихы бойынша
филиалының бөлім басшысы
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві»
КММ- нің қоғамдық- саяси тарихы бойынша
филиалының бөлім басшысы