Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕКЗАТТЫҢ ЖОЛЫН ҚУАМЫН...

БЕКЗАТТЫҢ ЖОЛЫН ҚУАМЫН...

Аудандағы іргелі ауыл­дың бірі Шаған елді мекені. Ауыл іргесіндегі музы­ка­­лық және спорттық мектеп­терінде тәлім алып жүрген жас жеткіншектер жетерлік. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей мұндағы бала­лар түрлі үйірмелердің озат­тары. Халықаралық, рес­пуб­ликалық, қалаберді облыс­тық жарыстардың жеңімпаздары. Бүгін біз сөз өткелі отырған жеткіншек спорттан оза шапқан ауыл мақтанышы. Ол кішкентайынан бокс үйірмесіне қатысып, талай сайыстарда жүлдемен оралған. “Мен үшін тек жеңіс болуы керек” деген қағиданы ұстанып келе жатқан, жасы небәрі он үште болса да, арманы асқақ, мақсаты айқын – Мейрамбек Керейтбаев. Ауыл арасында “боксер жігіт” атанған Мейрамбек бүгінде облыс орталығындағы спорт мектебінде оқып жатыр. Отбасында үш ұл баланың кенжесі. Шаған ауылдық спорт мектебінде Асхат Қасымбековтің шәкірті болған. Кішкентайынан осы бокс үйірмесіне жаттығуды жібермейтін. Балалардың ішіндегі шоқтығы жарық Мейрамбектің жеңіске деген ынтасы мен жігері мықты. Рухты боксшы. Болашақта кәсіби маманы боларына сенемін, – дейді жаттықтырушысы.
Олимп шыңын бағындыруды армандайтын жас жеткіншек Бекзат Саттарханов, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов секілді спорт саңлақтарына еліктейді. Бір сөзінде, мен Бекзат Саттархановтың жолын қуып, әлемді мойындатамын деп нық сеніммен айтты. Жақында ғана Семей облысының Аякөз қаласында М.Кешкіловты еске алуға арналға республикалық турнирден бірінші орынмен оралды. Қазақстанның 17 қаласынан 150-ден астам спортшы жиналған додада үш бірдей қарсыласын үлкен басымдықпен жеңген. Былғары қолғап шебері атануды мақсат еткен жас спортшының бұл алғашқы жеңісі емес әрине.
Иә, жас болса да аққан жұлдыздай жарқ еткен Бекзаттың ізін жалғап, ол жетпеген жетістікке жетуіне біз де тілекшіміз.

Майя ҚОЖАБАЙ
18 мамыр 2019 ж. 789 0