ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ
Шахмат – ой-өрісті дамытып, әрбір қадамды есептеп алатын ойын түрі. Бұған ерекше ұтқырлық керек. Қарсыластың әрбір жүрісін аңдып, алдын орағыту қажет. Оған қоса, бұл ойын түрінде ұтқырлықпен қатар шыдамдылық та сыналады. Міне, осындай күрделі ойын түрінен жерлестеріміз түрлі жарыстардан жүлделі оралуда.
Жақында Шымкент қаласында Д.Қонаевты еске алуға арналған 14 жасқа дейінгі қыздар арасында республикалық турнир өтті. Оған барлық облыстан 165 жас шахматшы қатысып, өзара бақтарын сынады. Аталмыш турнирге аймақтың, оның ішінде ауданның жас спортшылары қатысып, жүлде еншіледі. Атап айтқанда, шіркейлілік Айдана Жұмаділдақызы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Жас шахматшы Айдана бұл ойын түрімен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Алдымен, аудандық жарыстарға шығып, кейіннен облысқа таныла бастады. №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы өзінің шеберлігін көрсетіп, облыстың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан кубогінің жүлдері атанып та үлгерді. Биік белестерді бағындырып келе жатқан шіркейлілік жас спортшы Шымкент қаласында да өзінің біліктілігін көрсетіп, жүлдемен оралды. Жас шахматшының додаларда жеңіске жетуіне №12 Сырдария ауданы балалар мен жасөспірімдер мектебінің шахмат бөлімінің спортшысы және бапкері Үсен Маханбетов жаттықтырып жүр. Республикалық турнирдің үшінші орын иегеріне жарайсың деп, биіктерді бағындыруына тілекшіміз!
Е.БЕРКІНБАЕВ