Испания құрамасы Аргентинаны жеңіп, әлемнің екі дүркін чемпионы атанды
Испания құрамасы футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Egemen.kzКездесудің негізгі уақытына қосылған үшінші минутта Аргентина жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес өрескел ереже бұзғандығы үшін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Қарсыластың бір ойыншыға кеміп қалғаны Испанияға мүмкіндік берді.
Кездесудің негізгі уақытында қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Ойынның тағдыры қосымша уақытта шешілді. Матчтың 106-шы минутында Ферран Торрес соққан гол Испанияға жеңіс әкелді.
Осылайша, Испания құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатынан кейін араға 16 жыл салып қайтадан әлем чемпионы атанды. Бұған дейін Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері 2024 жылы Англияны 2:1 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатында да топ жарған болатын.

Испания құрамасына жеңіс голын сыйлаған Ферран Торрес әлем чемпионаттары тарихында алаңға қосалқы құрамнан шығып, финалда жеңіс голын соққан екінші футболшы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке 2014 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина қақпасына 113-минутта гол кіргізген Германия құрамасының ойыншысы Марио Гетце ғана қол жеткізген еді.


Испания құрамасының қақпашысы Унай Симон әлем чемпионатының үздік қақпашысы атанды. 29 жастағы голкипер турнир барысында сегіз матчқа қатысып, олардың жетеуінде өз қақпасына гол жіберген жоқ. Ол әлем чемпионаттары тарихындағы 649 минут қақпаны голдан сақтаған қақпашы ретінде рекорд көрсетті. Бұған дейінгі үздік нәтиже италиялық Вальтер Дзенгаға тиесілі болған. Ол 517 минут қақпаға гол жібермеген.

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе чемпионатының ең үздік сұрмергені атанып, «Алтын бутса» жүлдесіне ие болды. 27 жастағы футболшы турнир барысында сегіз матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына 10 гол соқты.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орынға Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси жайғасты. Ол әлем чемпионатында 8 гол соқты. Үздік үштікті Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд түйіндеді. Оның еншісінде бес матчта соғылған 7 гол бар.
Мбаппе әлем чемпионаттары тарихында екі бірдей мундиальда үздік сұрмерген атанған алғашқы футболшы болды. Ол 2022 жылғы әлем чемпионатында да сегіз гол соғып, «Алтын бутса» жүлдесін жеңіп алған еді.Сонымен қатар француз шабуылшысы әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Қазір оның еншісінде 22 матчта 22 гол бар.

Бұл көрсеткіш бойынша Лионель Месси екінші орында тұр. Аргентина капитаны әлем чемпионаттарында 34 матч өткізіп, 21 гол соққан. Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатында Килиан Мбаппе мен Лионель Месси Германия құрамасының аңыз ойыншысы Мирослав Клозеге тиесілі болған 16 голдық рекордты басып озды.

Испания құрамасының қорғаушысы Пау Кубарси әлем чемпионатының үздік жас ойыншысы атанды. 19 жастағы футболшы турнир барысында сегіз матчтың барлығына қатысып, олардың әрқайсысын негізгі құрамда бастап, бірде-бір рет алмастырылған жоқ.

Аргентина құрамасы әлем чемпионаттары тарихында төртінші рет финалда жеңіліс тапты. Бұған дейін аргентиналықтар 1930, 1990 және 2014 жылдардағы финалдарда да жеңіліп қалған еді. Ал 1978, 1986 және 2022 жылдары әлем чемпионы атанды. Осылайша Аргентина құрамасы әлем чемпионатының финалдық бәсекесінде төрт рет жеңіліс тапқан Германия құрамасының антирекордын қайталады.










