Аргентина екі дүркін әлем чемпионы атана ала ма?
Екі күннен кейін биылғы жылдың басты додасы – футболдан әлем чемпионаты басталады. Футбол жанкүйерлері асыға күткен әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Бұл жолғы дода – FIFA тарихындағы ең ауқымды турнирлердің бірі болмақ. Себебі алғаш рет әлем чемпионатына 48 ұлттық құрама қатысып, жарыс үш мемлекетте – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.Теледидар алдында телміріп күткен кез келген жанкүйердің өз фавориті бар. Әлем чемпионатына қатысатын барлық ұлттық құрамалар кеңейтілген ойыншылар тізімін жариялады. Футбол мерекесі бір айдан астам уақытқа созылады. Миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күтіп отырған финалдық кездесу 19 шілде күні АҚШ-тың Истер-Ратерфорд қаласындағы әйгілі MetLife стадионында ұйымдастырылады. Дәл сол күні әлемнің жаңа чемпионы анықталады.
Осыдан 96 жыл бұрын Уругвайда өткен алғашқы әлем чемпионатына небәрі 13 құрама қатысса, осы жолғы дүбірлі додада ұлттық құрамалар саны айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Турнир аясында жалпы саны 104 ойын өткізіледі. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жаңа формат та көпшіліктің назарын аударып отыр. Құрамалар төрт командадан жасақталған 12 топқа бөлінеді. Әр топтан алғашқы екі орын алған құрамалар мен үшінші орын иеленген үздік сегіз команда плей-офф кезеңіне жолдама алатыны белгілі болды. Осылайша, шешуші ойындар 1/16 финалдан басталатынын ұмытпаған абзал.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе турнирдің тартысын арттыра түспек. Әсіресе әлсіздеу саналатын құрамаларға келесі кезеңге шығуға мүмкіндік көбейеді. Дегенмен фаворит командалардың топтық кезеңнен сүрінбей өту ықтималдығы да жоғарылай түспек.
Осы жылғы футболдан әлем чемпионаты тек рекордтарымен емес, эмоциялық салмағымен де ерекшеленгелі тұр. Себебі бұл дода әлем футболында дәуір қалыптастырған жұлдыздардың соңғы мундиалі болуы ықтимал. Миллиондаған жанкүйер үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты – бір буын аңыздарымен қоштасу турнирі болмақ.
Әсіресе, футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі саналатын Лионель Месси мен Криштиану Роналду назардың басты ортасында болмақ. Екі футболшы да мансабындағы алтыншы әлем чемпионатына қатысуға жақын тұр. Бұл – футбол тарихындағы сирек кездесетін көрсеткіштердің бірі.
Хорват футболының символына айналған Лука Модрич, Германия құрамасының тәжірибелі қақпашысы Мануэль Нойер және бельгиялық шебер Кевин де Брёйне секілді ойыншылардың да бұл турнирден кейін ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін екені айтылуда.
Футбол әлемі соңғы жиырма жылда дәл осы буынмен бірге өсті деуге болады. Месси мен Роналдудың бәсекелестігі тұтас бір дәуірдің символына айналды. Ал Модрич, Нойер және де Брёйне секілді шеберлер өз құрамаларының көшбасшысы ретінде әлем футболының дамуына үлкен үлес қосты.
Мамандардың пікірінше, бұл әлем чемпионаты жаңа буынның қалыптасуына да жол ашады. Өйткені қазіргі футбол сахнасына Килиан Мбаппе, Эрлинг Холанд, Джуд Беллингем және Ламин Ямаль секілді жас жұлдыздар көтеріліп келеді. Алайда жанкүйерлер үшін Месси мен Роналду дәуірінің аяқталуы – футбол тарихындағы үлкен өзгерістің белгісі болмақ.
Еліміз бойынша жанкүйерлер әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Өз кезегінде Qazaqstan.tv, Qazsporttv.kz сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн көрсетілетінін айта кеткен жөн.
Әлемдік рейтингтің көшбасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы – Аргентина құрамасы тұр. Осыған дейін әлем чемпионаттарында рейтинг көшбасындағы құрама чемпион атанып көрмеген. Қатаң қағиданы бұзып, Аргентина екі дүркін әлем чемпионы атана ала ма? Бұл – басы ашық сұрақ.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ









