Жеңіске жетудің жолы – шыңдалу
Бірнеше жылдан бері қол күресінен шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Жасұлан Өмірбаев жақында жағымды жаңалығымен бөлісті. Оның қос шәкірті еліміздің басты бәсекесі – ҚР чемпионатында табысты өнер көрсетті. Алматы облысы, Талғар қаласында өткізілген жастар арасындағы чемпионатта 60 келі салмақта Нұрсәт Смат алтын жүлде алса, 80 келіде Нұрлы Мәліков күміс медаль иеленді. Бұған дейін бірнеше жарыста топ жарған қос өреннің спорттағы жетістігі жөнінде қалам тербемекпіз.Шын мықтыға тұсау жоқ екенін жақсы білеміз. Жасұлан Өмірбаев екі спортшысын спорт залына алғаш әкелгенде олар оқушы болатын. Қол күресіне баулып, машықтандырған бапкердің кәсібилігінің арқасында жалынды жастар аудан спортының тарихындағы ерекше жетістікті жазды. Үнемі тұрақты түрде жаттығып жүрген Нұрсәт Смат биыл 19 жасқа толды. Ол қол күреске досының кеңесімен келген. Бүгінде Алматы қаласында оқып жүрген жас спортшы бапкер ұсынған барлық ережені қалтқысыз орындайды, жаттығуға ерекше ықыласпен көңіл бөледі. Дұрыс әдіс-тәсіл мен сауатты дайындықтың нәтижесінде талай қарсыластан басым түсіп жүр.
– ҚР чемпионатына бірнеше мәрте қатысқаныммен, осы жолы жолым болды. Чемпион атанып, спорт шебері атағын алдым. Аудандық спорт клубқа алғаш келгенде жаттықтырушы айтқан барлық талапты орындауға тырыстым. Талпыныс бар жерде еңбектің ақталатынын көріп жүрміз. Чемпионатта аудан мерейін асырғаныма қуаныштымын. Үйде төрт ағайындының үшіншісімін. Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің түлегімін. Финалда Батыс Қазақстан облысынан келген спортшыдан басым түстім, – дейді жас спортшы.
Өз кезегінде спорт шеберіне үміткер атанған Нұрлы Мәліков 21 жасында чемпионаттың күміс жүлдесін жеңіп алды. Сәкен Сейфуллин ауылының өрені білікті бапкердің қарамағына келгеніне төрт жыл болыпты. Қол күресті өмірлік дағдысына айналдырған спортшы медицина саласында қызмет етеді. Жұмыс пен спортты қатар алып жүрген ол – мықты жастардың ауылдық жерден шығатынын дәлелдеп жүр.
– Сырдария аудандық спорт клубында қызмет еткеніме биыл алты жыл толады. Бұған дейін де қол күрестен шәкірт тәрбиелеп келдім. Тынымсыз еңбектің арқасында қос шәкіртім жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта болашағынан зор үміт күттіретін екеуінің халықаралық жарыстардан да олжалы оралуын қалаймыз. Білекті жігіттер өз жас ерекшелігіне сай мықтылық танытып келеді. Біз олармен мақтанамыз, – деді Жасұлан Өмірбаев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










