Халықаралық турнир жеңімпазы
Аз ғана уақыттың ішінде жас та болса, білікті жаттықтырушылар қатарына қосылып үлгірген Данияр Жүсіпбаевтың шәкірттерін жаттығу залынан табасыз. Панкратион, араша ММА, грэпплинг, қоян-қолтық ұрыс, ережесіз жекпе-жек спортын меңгерген бапкердің тәжірибесі толысып, спортшылары халықаралық дәрежеде чемпиондық атағын қорғап жүр. Алғаш жаттығу залына келгенде ережесіз жекпе-жекке ебі бар екенін байқатқан Мадияр Болатов оның мақтаулы шәкірттерінің бірі саналады.Аудан атын шығарып жүрген Мадияр Болатов Қызылорда қаласында аралас жекпе-жектен «SFC4», «SYR BATYRLARY» жауынгер клубының ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық турнирде топ жарды. Жас спортшының қарсыласы Алматы облысынан келген ҚР чемпионы Мүсілім Насырмен жекпе-жек өткізді. Негізінен, 62 келі салмақта қарсыласынан басым түскен сырдариялық спортшы осы жарысқа 1 ай бойы дайындық жүргізген. Күнделікті жаттығу залында бапкер қойған әдіс-тәсілді игеріп, салмақты түсіруге жұмыс жасады.
– Сырдария аудандық спорт клубының спортшысы Мадияр Болатовтың қарсыласы осал емес. Осы кезге дейін бәсі биік бәсекелерде жеңімпаз атанып жүрген спортшы саналады. Әрине, шәкіртім үшін тақым қысып, барынша қолдау көрсеттім. Спортшы жарысқа шығар алдында өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауы тиіс. Физикалық, моральдық тұрғыдан дайындық жүргіземіз. Қарсыластың әдіс-тәсілін зерттейміз. Бұған дейін талай рет қарсылас шақ келтірмеген спортшының жарысқа қатысуына фитнес-тренер Шадияр Бақыт демеушілік жасады, – дейді Данияр Жүсіпбаев.
Аталған жарысқа елімізге қарасты өңірлермен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекетінен келген спортшылар жеңімпаз болуға ұмтылды. Жалпы 22 карт өткізілген жарыста тереңөзектік өреннің жеңісі жерлестеріне қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта Мадияр Болатов халықаралық дәрежедегі жарыстарда сәтті өнер көрсетеді деп сенеміз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











