Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерен еріктіліктің жемісі – жоғарғы жетістік

Ерен еріктіліктің жемісі – жоғарғы жетістік

Бозкілемде ойнақ салып, қарсыластың жауырынын жерге тигізген жастар арасында Данияр Жүсіпбаевтың есімі ерекше аталады. Бір жылдары қазақ күресімен тұрақты түрде айналысып, байрақты бәсекеде аудан мерейін асырған спортшы көптің қолынан келе бермейтін ізгі істі өзінің шама-шарқы жеткенше атқаруда. Анығын айтқанда, Данияр Бақытұлы бүгінде бапкерлік қызметті қолға алған. Ол ауылда жүрген балаларды жаттығу залына әкеліп, тегін жаттықтырып жүр. Жекпе-жек спорт түрлерінен 30-дан аса спортшыны қанатының астына алған бапкердің еңбегі орасан. Әрбір жылдары ерік-жігерін шәкірттерінің жеңіс тұғырынан көрінуіне жұмсаған бапкер ерікті қызметі арқылы ел алғысына бөленіп келеді.

БАПКЕР ЖЕКПЕ-ЖЕК СПОРТЫНА ҚАЛАЙ КЕЛГЕН?

Әрине, бозкілемді 8 бұрышты октогонға алмастыру – қиынның-қиыны. Қазақ күресінен, жекпе-жек спортының техникасы мүлдем бөлек. Осыдан бірнеше жыл жүректі жігіт білектің күшіменқарсыласын қапелімде сұлатып салады. Спортшының бойындағы күшін байқаған тәжірибелі жаттықтырушы Батырхан Умаров қол астында жаттығуға шақырады. Сол кезден бастап Данияр Бақытұлы жекпе-жек спортында өзіндік қолтаңбасын қалдыра бас­тауды жөн көреді. Қазіргі уақытта панкратион, араша ММА, грэпплинг, қоян-қолтық ұрыс, ережесіз жекпе-жек спортын меңгерген Да­нияр Жүсіпбаев 2017 жылы алғашқы ең жоғарғы жеңісіне қол жеткізеді.

– Қазақ ұлтының ұландары қашанда өзінің жаужүрек мықты екендіктерін өзгеге дәлелдеп келген. Ұлттық спорт түрімен айналысқан сәтімде қайтсем де, жеңіске жетсем деген арман-мақсат болды. Шыбықтай денені шынықтыру арқылы кез келген спортқа бейімдеуге болатыны дәлелденген. Осы күні аудан және облыс көлемінде жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Осындай бәсекелерде қарсыласпен күш сынасып, мықтылық танытуға тырысып келемін. Өз кезегінде араша ММА-дан ҚР спорт шебері атағын қорғадым. Білікті бапкер Батырхан ағайымыз жол нұсқаушы болып, жігерімізді жани білгені өмірлік сабақ болғаны жасырын емес, – дейді Данияр Жүсіпбаев.

Жас спортшы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Қарсыластан қаймықпайтын, жарыс жолында осалдық танытпайтын жігерлі жас 6 жылға жуық уақытта спорттың 5 түрінен кәсібилігін шыңдап келеді. Өзі секілді саңлақтарды жанына жиып,әрқайсысына бағыт-бағдар берді. Бүгінде бапкердің  күні-түні жасаған жұмысы өз жемісін беруде. Шын мәнінде, биік белеске ұмтылып жүрген аудан мақтанышы жетістігінің бастауында қазақ күресінен алғашқы бапкері болған Жасұлан Каусовтың тұрғанын жақсы біледі.

Үнемі спорттасенімді серігіне айналған замандасы Еркебұлан Бедебеков ережесіз жекпе-жек шебері жөнінде өз пікірін айтты.

– Данияр екеуміз жекпе-жек барысында қарсыласты  жан-жақты зерттеп алуға тырысамыз. Жаттығу залында жіберілген қателікпен жұмыс жасап, біліктілігімізді арттырамыз. Қазіргі уақытта облыс аумағында ережесіз жекпе-жекпен айналысатын спортшылар қатары аз емес. Қай кезде де, бәсекелестік жоғары болған жерде алға қарай жылжу болады. Мен Даниярдың ынтасын, спорттағы шеберлігін жоғары бағалаймын. Әлі талай  жарыс жолына бірге шығып, жеңімпаз қатарынан көрінуге ұмтыламыз, – дейді Еркебұлан Бедебеков.

ШӘКІРТТЕРІ ШЫҢҒА ШЫҚҚАН

Расында, панкратион, араша ММА, грэпплинг, қоян-қолтық ұрыс, ережесіз жекпе-жек спортының өзіндік қалыптасқан ережесі, қалыптасқан қатаң қағидасы бар. Күнделікті оның барлығын игеріп, психологиялық тұрғыдан дайын болудың өзі – асқан мықтылық пен жауапкершілікке жатады. Осы күні су шаруашылығы саласында  еңбек ететін Данияр Жүсіпбаев бос уақытындаспортшыларының жанынан табылады. Әрине, негізгі жұмысына жауапкершілікпен қарап, бапкерлікті жолға қойған Даниярдың күні бойы әрбір баланың бабында болуына көңіл бөлуі – өте ыждағаттылықты білдіреді. Әрине, алынбайтын қамал жоқ секілді үкілеген үміттері жарыста алмаздай жарқырап келеді. Ата-ананың қолдауының арқасында бапкерлік қызметті жетілдіріп келеді.

Тек нақты нәтижеге жұмыс жасайтын бапкердің  спортшыларыел аумағында  есім­дерін әйгілей білген.  Мәселен, жекпе-жек спортынан ҚР чемпионатынан Мадияр Болатов пен Ерасыл Мұратов панкратионнан ІІ орынды жеңіп алған. Сонымен қатар болашағынан зор үміт күттіретін Мадияр сынды жас спортшы қоян қолтық ұрыстан ҚР чемпионатынан ІІ орын еншіледі. Оның араша ММА-дан жеңімпаз атанған және грэпплингтен ІІ орын алған сәті бапкердің әлі есінде. Ал осы спорттан  Азамат Серікбаев, Ерасыл Мұратов,  Нұржас Ертілеуов, Мадияр Нұрғазы, Нұркелді Нұрғазы, Ғалымжан Мейрамбек ел біріншілігінде топ жарған. Сонымен қатар грэпплингтен Мадияр Нұрғазы мен Нұркелді Нұрғазы І орынды қанжығасына байлаған.

–  Ең алғаш ерікті түрде жаттығу залына келе бастағанспортшыларым көп жерде тайсалатын еді. Кейіннен, көптеген әдіс-тәсілді  үйреніп, одан сайын жетілдіре түскен олардың көзінен жалынды ұшқын көрдім. Қаншама бала қоғам өмірінде қылмысқа барып немесе ұрлық жасап, темір торға тоғытылуда. Енжарлық танытып, спорттан тысқары жүрген жігіттерді байқаймыз. Осындайда спортқа бейім жастарды жаттығу залына әкелгеніме қуаныштымын. Қазіргі уақытта бірнеше спортшым ҚР спорт шебері атағына қол жеткізіп үлгерді. Біз серік еткен 5 спорт түрінің әдіс-тәсілі бір-бірінен өзгеше. Отызға жуық баланың  жүріс-тұрысы, тәрбиесі жаттығуға үйренісуі бір күннің аясына сыйып кетпейді. Өз басым баламен тыңғылықты, тиянақты жұмыс жүргізуге күш саламын. Көптеген спортшыдан болашақ жарық жұлдыздарды шығаруға тырысамын. Балғын жекпе-жек шеберлері арасынан Шыңғыс Нұрбекұлы мен Арсен Бауыржанның талабы таудай екенін айта кеткен жөн, – дейді білікті бапкер.  

Ерен еріктілік үлгісін көрсете білген бапкердің қолға алған бастамасына ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіреді. Мәселен, талай жарыста атой салып жүрген Мадияр Болатовтың әкесі Болат Бегімбаев жас бапкердің еңбегін жоғары бағалайды.

– Ата-ана қашанда баласына алаңдаулы болатыны жасырын емес. Кез келген жекпе-жекке шыққан перзентімнің тілеуін тілеп отырамын. Жас бапкердің  спортшылар үшін жасап жатқан еңбегін мен секілді  барлық әке қолдайтынына сенім мол. Себебі, қаншама баланың болашағын қалып­­тастырып берген Даниярдың табан­дылығы мақтауға тұрар­лық. Ұғына білген адамға сауап­ты іске себепкер бол­ған бапкердің жақсылығыеш уақыт­та өтеусіз. Ел біріншілігінде топ жарып жүрген ұлым секілді жас спортшы біткенге сәттілік тілеймін, – дейді ардақты әке.

Жекпе-жек спортының майталмандары жақында бастау алған футболдан әуес­қойлар «В» лигасында бақ сынауда. Ауданға қа­рас­ты 10 команданың ішін­де топ жаруға ұм­тылған «Тереңөзек жекпе-жек» атты команда са­пын­­да Данияр Жүсіпбаев, Ерасыл Мұратбаев, Мадияр Болатов, Азамат Серікбаев, Қуаныш Анапия, Нұржас Ертілеуов,Мадияр Нұрғазы бар. Сонымен бірге рес­публика көлемінде қазақ күресінен топ жарып жүрген палуан Шоқан Уәлиханов, Дулат Бөлебаев, Руслан Алтынбеков, Әділет Алтынбеков әуесқой футболшылар қатарын толықтырған. Өткен аптада «Тереңөзек жекпе-жек» командасы алғашқы ойында «Майами» командасымен кездесті.

– Өзім ережесіз жекпе-жек спортына 18 жасымда келген болатынмын. Үнемі Да­нияр ағайымыз жамандықтан аулақ болып, бар күштеріңді октогонда көрсетіңдер деп айтады. Ең алғаш ҚР чемпионатына барған кезімде орта жолдан сүріндім. Бүгінде ересектер арасынан ел біріншілігінде чемпион атану үшін жаттығу үстіндемін. Бапкеріміз қойған әдіс-тәсілді мүлтіксіз орындауға барымызды саламыз. 55-60 келі салмақта жарыс жолына шығу аса ауырлық етпейді. Көбіне қарсыластарымды қылғындыру, ауырту, тік тұрып төбелесу секілді  әдісті қолданып жеңіп кетіп жатамын. Бапкеріміздің бізге берген әрбір мотивациясы –жарыста қарсыласты жеңуге, жолымыз болмаған жағдайда мұқалмауға ерекше рух сыйлайды, – дейді  Азамат Серікбаев.

«ШАҒАН-ЖЕРДІҢ» ШАПАҒАТЫ

Шындығында, спортқа қадам басқан әрбір жеткіншек үшін жан-жақты қолдау қай кезде де керек. Негізінен, Данияр Жүсіпбаев шәкірттерінің жарыс жолына қиналмай шығуы үшін жан-жақты демеуші іздейтіні анық. Мұндайда бапкер «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықовқа жүгінеді. Спортшылардың жол шығыны мен жүріп-тұруына қаржылай көмек көрсетуге жомарт жүректі азамат барынша ықпал еткен. Осыған дейін бірнешежарысқа демеушілік жасаған Жеңісбек Шәкімбайұлы ақпан айының 10-14 жұлдызында Орал қаласында өтетін республикалық турнирге аудан спортшыларының қатысуына мүмкіндік жасаған. Байрақты бәсекеде Мадияр Болатов пен Ерасыл Мұратов аудан намысын қорғайды. 

– Жұдырықтай жұмыла білгенде ғана спортқа икемі бар баланың бағын ашуға болады. Жүрегінің түгі бар спортшы жеңімпаз атануға құлшынысы жоғары екенін әрдайым байқатады. Біздің спортшыларды қолдауға әрдайым ізгі ниетін білдіріп отырған «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов ағамыздың еңбегі ерекше. Аграрлық салада өзіндік жолын қалыптастыра білген ел ағасының айрықша қолдауын сезініп келеміз. Әртараптандырылған шаруашылықтың қыз­меті­нің өрге басуына тілектестік білдіреміз. Бұл ретте, спортшылардың ешбір қиындықсыз жаттығуына жағдай жасап келе жатқан аудандық №11 Сырдария ауданының олим­пиа­далық резервтің мамандандырылған ба­лалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Бағдат Есенов пен аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжановқа ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар тәжірибелі бапкер Иса Әкімжанов әрбір бастамамызға үнемі бағыт-бағдар беріп келеді, – дейді білікті бапкер Да­нияр Бақытұлы. 

Асылында, «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» болу оңай емес. Бір толқында өсіп келе жатқан ауыл балалары Даниярдың артынан ергеніне дән риза. Күнделікті негізгі қызметінен тыс бала жаттықтыру – нағыз спортқа деген адалдықтың белгісі. Дүниеде жаңалық ашуға құмар жандар бас қатырып жүргенде, Данияр  еріктілігімен  еразамат екендігін көпшілікке дәлелдей білген.

 
Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 қаңтар 2024 ж. 351 0