Әуесқойлардың ала доп бәсекесі
Биыл үшінші мәрте Сабыр Жұртшыбаевтың достары мен жеке бапкері Жасұлан Каусовтың бастасымен шағын футболдан аудандық турнир жалауын көтерген болатын. Қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмей, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген Сабыр Бахытұлы қатарластарының алды бола білді. Негізінен, ала доп бәсекесінде 9 команда өзара бақ сынады.
Жеңіс үшін аянып қалмаған командалар барынша ерік-жігерін таныта білгені аян. Ашылу салтанатында ҚР Гимні орындалды. Сонымен қатар жас спортшы рухына Құран бағышталып, көпшілік оны 1 минут үнсіздікпен еске алды. Жас спортшының бапкері Ақылбек Нұрахатов сөз сөйлеп, жарыс жолына шыққан әрбір командаға сәттілік тіледі.
– Бүгін менің шәкіртім – Сабыр Жұртшыбаевты еске алу турнирі өтіп жатқанына дән ризамын. Оның талабы таудай болатын. Әрқашан қарсыласқа өте сауатты дайындалып шығатын. Жұлдыздай жарқыраған ұлымыз маңдайымызға сыймай кетті. Оның болашағынан зор үміт күте білдік. Дәстүрге айналған аудандық турнир барысында жалындаған жас ғұмырдың есімі жаңғыра бермек,– деді білікті бапкер.
Бұл ретте, Сабырдың ағайын-туысы атынан Мақсат Мәліков пен Ақмарал Сәрсенбаева ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді. Ал досы Сағи Сағидоллаев қазақ күресінен спорт шебері Сабыр Жұртшыбаевтың табандылығын, мықтылығын, орасан еңбегін, досқа адалдығын тілге тиек етті.
Бірнеше сағатқа созылған жарыс барысында ауданға қарасты жекелеген мекеме қызметкерлері мен әуесқой спортшылар жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты. Тартысты ойында ерекше көзге түскен Мадияр Көшербаев «Үздік ойыншы» атанса, «Үздік қақпашы» номициясын 1990 жылы туған спортшылар командасынан Бексұлтан Әлтай иеленді. Ал өрт сөндіру бөлімінен «Үздік қорғаушыны» Әділет Кенжеев еншілесе, «Үздік шабуылшы» номинациясын «Күзет» бөлімінің ойыншысы Асхат Ысқақов қанжығасына байлады.
Жарыс қорытындысында жүлделі ІІІ орынды 1990 жылы туған спортшылар жеңіп алса, «Күзет» бөлімі екінші сатыға жайғасты. Ал жеңіс тұғырынан 1993 жылы туған спортшылар көрінді. Өз кезегінде аудандық жастар ресурстық орталығының директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжан, Сабырдың ағасы Батыр Бахытұлы, бапкері Жасұлан Каусов жеңімпаз командаларды марапаттап, қаржылай сыйлық табыстады.
Айта кетейік, Сабыр Жұртшыбаевтың достары мал сойып, етін тұрмысы төмен отбасыларға таратты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ