Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалындап өткен ғұмыр

Жалындап өткен ғұмыр

Сырдария ауданында қазақ­ша күрестен спорт шебер­лігіне үміткер Сабыр Жұртшыбаевты еске алуға арналған турнир­ ұйым­дастырылды. Небә­рі­ 23 жасында көлік апатынан­ қыр­шын кеткен жалын­ды жас­ты еске алуға арналған тур­нирді өткізуге жат­тықты­ру­шы­сы Ж.Қауысов пен сынып­тас дос­тары ұйыт­қы болды. Мұндай игілікті іске аудандық дене шынықтыру жә­не спорт бөлімі қолдау көр­сетті.

Орталық стадиондағы спорттық іс-шараның ашылу салтанатын аудандық мәслихат депутаты, «АМАNАТ» партиясының Сырдария ау­дандық филиалының «Жастар рухы» жас­тар қанатының жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы ашып, бала күнінен жанына спортты серік етіп, қайсар, өжет, батыл қасиетімен танылған Сабыр Жұртшыбаевтың есімі аудан жастарына етене таныс екенін, өмірден өткеніне 7 жыл уақыт өтсе де оның асыл бейнесі, жақсы қасиет­тері ұмытылмайтынын атап өтті.

– Қазақ халқының тарихында ер-азамат­тардың бейнесі ержүрек, батыл, батыр, қаһар­ман ұғымдарымен қатар айтылатыны белгілі. Біз білетін Сабыр сондай намысшыл, еңбек­қор, қайсар азамат еді. Ол оқушы кезінен бас­тап спортты жанына серік етті. Өсе келе қазақша күрестен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Спортшы­ жас әркез қасиетті Сырдария ауданының намысын қорғап жүргенін мақтаныш ететін. Орта мектепті бі­тіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында білім алып, жаттықтырушылық қызметті өзі туып-өскен ау­данда бастады. Аға буынның, жас­тардың зор құрметіне ие болды. Сабырдың қай ортада да өзіндік орны, мәртебелі төрі болатын. Жасындай жарқ етіп, қысқа ғұмырында биік белестерді бағындыра білген азаматтың дүниеден ерте озғаны өкінішті. Бірақ Сабырды білетін, оның көзін көрген, сыйлас, сырлас азаматтар бар кезде оның аты өшпейді деп сенеміз. Біз аудан әкімдігіне, аудандық де­не шынықтыру және спорт бөліміне тиісті ұсы­ныстар енгізіп, С.Жұртшыбаевты еске алуға ар­налған турнирді дәстүрлі түрде өткізуге жұмыс жасайтын боламыз, – деді аудандық мәслихат депутаты, «АМАNАТ» партиясының Сырдария аудандық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.

Мұнан соң аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлы марқұмның рухы­на Құран бағыштап, дұға етті. Сондай-ақ Сабыр Жұртшыбаевтың әпкесі Ақмарал мен ағасы Батыр сөз сөйлеп, бауырларын ұмыт­пай, еске алып, арнайы спорттық іс-шара ұйым­дастырып жатқан барша азаматтарға отба­сы­ларының атынан алғыс айтты. Бала күнінен намысшыл, қайсар, өжет болып өскен інілері жөнінде естеліктерімен бөлісті. Ал жарыс­ты ұйымдастыруға ұйытқы болған жаттықты­рушысы Ж.Қауысов шәкірті туралы тебірене сөйлеп, көз жасына ерік беріп, толқып тұрға­нын атап өтті.

– Сабыр менің алғашқы шәкірттерімнің бірі еді. Тұла бойында қайсарлық қайнап тұра­тын. Тек алға ұмтылып, алдына биік мақсат­тар қоятын. Жарыстарда ауданның намысын жоғары қойып, күш-жігерін, қа­рым-қабілетін боз кілемде барынша тез, шап­шаң пайдаланатын. Біз осы турнирді Сабыр­дың туған күніне орай өткізіп жатырмыз. Біз­дің бастамамызға қол­дау білдірген барша азаматтарға, қатысушы командаларға ризашы­лы­ғымды білдіремін, – деді жаттықтыру­шы Жасұлан Қауысов.

Қазақша күрестен спорт шебер­лігіне үміт­кер Сабыр Жұртшыбаевты еске алу­ға арналған турнирдің өтуіне оның сыныптас дос­тары да белсене атсалысқан. Бұл туралы сыныптасы, аудандық Мемлекеттік кірістер басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Ордабаев айтып өтті.

– Досымыз туралы өткен шақта сөз сөйлеу оңай емес. Ол осыдан жеті жыл бұрын көлік апаты салдарынан небәрі 23 жасында өмірден өтсе де біздің жанымызда, жүрегімізде. Біз Сабырды ешқашан ұмытпаймыз. Осы турнир ал­дағы уақытта да аудандық деңгейде дәс­түр­лі түрде өтеді деп сенеміз. Бүгін турнирге қа­тысушы командаларға сыныптас достарының атынан қаржылай сыйлықтар береміз. Сондай-ақ досымыздың артында қалған ұлы Мирасқа да турнирден естелік сый-сияпатымыз бар. Бо­лашақта Мирасты озат оқушы әрі мықты спортшы болады деп үміттенеміз, – деді сыныптасы, аудандық Мемлекеттік кірістер бас­­қарма басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Ордабаев.

Турнирдің ашылу салтанатында Сабыр Жұртшыбаев­­­­­­­­­тың достары кішкентай Мирас­қа тиіс­ті сыйлықтарын табыстаса, күрес бөлімінің жаттықтырушылары мен спортшылары күрес киімін (кимоно) кигізді. Мұнан соң турнирдің бас төрешісі Н.Жұмашев сөз алып, ойын шартын түсіндіріп, жеребе бойынша кездесетін командаларды хабарлады.

Жарысқа барлығы алты команда қатысты. Үш сағаттан астам уақытқа созылған кіші футбол турнирі тартысты өтті. Же­ңім­паз болуға ұм­тылған командалар тамаша ойын өр­негін көрсетті. Ең бас­тысы жарыс қатысушылардың жара­қатынсыз қо­ры­тын­ды­ла­нып, же­ңімпаздар да әділ анық­талды. Жүлделі І орын «Өрт сөндірушілер» командасына бұ­­­йырса, ІІ орынды «Аудандық ем­хана» қанжығасына байлады. Ал ІІІ орынды ұпай санымен «Сабырдың сыныптастары» командасы иеленді. Бірақ жа­рыстың басты демеушілері, яғни «Сабырдың сыныптастары» коман­дасының мүшелері өз­деріне тиесілі ІІІ орынды «93-тер» командасына беріп, көпшілікке үлгі көрсетті. Тартысты турнирге қатысқан қалған командалар ынтыландыру сыйлықтарымен марапатталды. Же­ңімпаздарға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан «Алғыс хат», медаль және С.Жұртшыбаевтың достарының атынан 30000, 20000, 10000, 5000 теңге кө­лемінде қаржылай сыйлықтар берілді.

Турнирдің қорытындысында аудандық де­не шынықтыру және спорт бөлімі басшысы­ның міндетін атқарушы Әйгерім Мешітбаева мен Сабыр Жұртшыбаевтың әпкесі Ақмарал, аға­сы Батыр сөз сөйлеп, спорттық іс-шараны ұйым­дастырушылар мен қатысушыларға тағы да шынайы алғыстарын айтты. Ал аудан жас­тары өздерімен қатар жүрген, спортта жоғары белестерді бағындырған, көлік апатынан қай­тыс болып кеткен Сабыр Жұртшыбаевты ес­ке алып, оның бейнесі көрініс тапқан үлкен бил­бордтың жанында естелік суретке түсіп, тарқасты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 шілде 2022 ж. 421 0