Жалындап өткен жас ғұмыр
Уақытында бозкілем үстінде ойнақтаған кішкентай спортшының болашағынан бапкері зор үміт күтетін еді. Бала күнінен қарсылас шақ келтірмей даралана білген қарымы мықты спортшы Сабыр Жұртшыбаевтың есімі жерлестерінің есінде. Осыдан бірнеше жыл бұрын келместің кемесіне мінген қазақ күресінің сайыпқыран спортшысын еске алуға арналған шағын футболдан екі жыл қатарынан аудандық турнир өткізіліп келеді. Бұл жолы да, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен, Сабыр Жұртшыбаевтың достары мен жеке бапкері Жасұлан Каусовтың бастасымен шағын футболдан аудандық турнир өз жалауын көтерді. Жарысқа аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев, достары мен ағайын-туыстары қатысты.
Негізінен, әрбір футболсүйер жанкүйер бүгінгі жарыстан ерекше ойын күткені рас. Орталық алаңға жиналған қауымның делебесін қоздырған жарыста 5 топ өзара бақ сынады. Ең алдымен, ҚР мемлекеттік Гимні орындалды. Сонымен қатар аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев Сабыр Жұртшыбаевтың рухына арнап Құран бағыштады.
Турнирдің ашылу салтанатында Сабыр Бахытұлының апасы Ақмарал Жұртшыбаева інісі жөнінде естелігін көпшілікпен бөлісті.
– Менің бауырым қазақ күресімен кішкентайынан айналысқан. Спортқа деген қызығушылығы басым болатын. Мектеп қабырғасында жүргенде байрақты бәсекелерден орын алып, отбасымызды қуантып жүретін. Күн сайын оның өжеттілігін, қайсарлығын, батылдығын еске аламыз. Өткен жылы бастау алған турнир биыл жалғасын тапқанына қуаныштымыз. Бауырымның достары ізгілігі мол істерімен көпке үлгі болуда. Қай кезде де, олардың құрметіне ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ақмарал Жұртшыбаева.
Өз кезегінде аяқдоп шеберлері айналым жүйесі бойынша сынға түсті. Айта кетейік, аудандық өрт сөндіру бөлімі, Сырдария ауданы бойынша «Қазақ күресі» федерациясынан қос топ, «Құрдастар» және «Жамағат» тобының арасынан үздіктер анықталды. Негізінен, аудандық турнирдің жеңімпазы деген атаққа аудандық өрт сөндіру бөлімінің спортшылары лайықты болды. Ал ІІ және ІІІ орынды қазақ күресінің қос тобы қанжығаларына байлады. Бұл ретте, «Үздік сұрмерген» номинациясын Айсерік Смайлов, «Үздік қақпашы» номинациясын Талғат Сағындықов, «Үздік қорғаушы» номинациясын Қайыржан Наушаев, «Үздік шабуылшы» номинациясын Ернар Оспан иеленді.
– Біз Сабыр досымызбен 11 жыл бойы білімнің қарашаңырағы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде білім алған болатынбыз. Әркез досымыздың қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұта аламыз. Бүгін мән-мағынасы жоғары іс-шараның куәгері атандық. Досымыз ҚР спорт шеберлігіне үміткер ретінде талай бозкілемде шыңдалды. Қапияда көз жазып қалған досымыздың есімін ардақтау – біздің міндетіміз. Әрине, Сабырдың артынан ерген ұлы Мирасқа әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді достарының атынан сөз сөйлеген Нұрсұлтан Жақсымбетов.
Айта кетерлігі, демеушілер есебінен аудандық турнир жеңімпазы мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлық, диплом, арнайы футболка табысталды. Аудандық турнирге жиналған жұртшылыққа арнап Сабырдың достары арнайы ас-ауқат дайындады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ