Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңісті жолын жалғады

Жеңісті жолын жалғады

Отандасымыз Шавкат Рахмонов америкалық атақты UFC жауынгері Стивен Томсонды 2 раундтың соңғы секундтарында қылғындыру әдісімен жеңіп, қазақстандық жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады.

«Спорт» десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық бұл бәсекені асыға күткен болатын. Оның үстіне Шавкат Рахмонов алдын ала журналистерге берген сұхбатында «Міндетті түрде жеңіске жетіп, Тәуелсіздік мерекесіне тарту жасаймын» деп уәде еткен еді. Сондықтан мил­лиондаған қазақстандық телеэкранның алдына жиналып, отандасымызға тілекші болды. Бұл жолы да «Kazsport» теле­арнасы көрермендер үшін арнайы тікелей көрсетілімді ұсынды.

Тартысқа толы жекпе-жекте Шавкат Рахмонов мерзі­мі­нен бұрын жеңіске жетті. Ол алғашқы раундта-ақ өз мықтылығын танытып, қарсыласына бірнеше ауыр соқ­қыны дарыта білді. Ал екінші раундта қылғындыру әдісін шебер қолданып, айқын басымдыққа ие болды. Сөйтіп Стивен Томсоннан күші басым екенін дәлелдеп, жеңісті жолын жалғады.

– Өте қуаныштымын. «Тәуелсіздік күніне тарту жасаймын» деген уәдемді орындадым. Мені қолдаған жанкүйерлерге рақмет. Қазақ елі әлі талай биікті бағын­дырады. Біздің жеңісті жолымыз әлі де ұзарады. Өз салмағымдағы белдіктің жеңімпазымен жекпе-жекке шығуға дайынмын, – деді бәсекеден кейінгі сұхбатында Шавкат Рахмонов.

Айта кетейік, отандасымыз «18-0» жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Енді ол жаңа қарсылас іздеп, өз салмағы бойынша кез келген спортшымен жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. Лас-Вегаста өткен баспасөз конференциясында Шавкат Рахмонов титулдық бәсекеде Белал Мұхаммедті озатынына сенімді екенін айтып, жанкүйерлер сенімін ақтау үшін әдеттегідей жаттығуға кірісетінін жеткізді.



«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден
20 желтоқсан 2023 ж. 92 0