Журналистер жарыс жолында
Журналистика – сан қырлы сала. Сондықтан журналистерге жүктелетін міндет те, жауапкершілік те жоғары. Тек жаңалық таратумен ғана шектеліп қалмайтын қаламгерлер қауымы, қазақ баспасөзінің тарихы қалыптасқалы бері халықтың жанашыры болып, ақ сөйлеп, адал жазып жүр және ағартушылық қызметті де қатар атқарып келеді. Сондықтан ел-жұрт журналистерге «Төртінші билік» деп айдар тағып, ерекше құрметпен қарайды. Сол құрмет пен әріптестік байланыстың аясында Сырдария ауданында өңір журналистері арасында кіші футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды.
Облыстық турнирді аудандық газеттің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді. Жарыстың ұйымдастырылу барысы мен хабарландыруға сәйкес 6 командадан өтінім келіп түскенін айтқан ол аймақ журналистеріне спорттық бәсекеде сәттілік тілеп, аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа сөз кезегін ұсынды.
Аудан басшысы журналистермен Сырдария ауданының спорт алаңында жүздескеніне қуанышты екенін айтып, қаламгерлердің атқарып жатқан қызметтерін жоғары бағалады.
– Журналист болу – халыққа қызмет ету. Сіздер осы міндетті жауапкершілікпен атқарып, Сыр өңіріндегі, оның ішінде біздің Сырдария ауданындағы жаңалықтарды ақпараттандыруға зор үлес қосып келесіздер. Өңір жұртшылығы өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысуда. Міне, осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Аймақ журналистерінің спортпен тұрақты шұғылданып, оның ішінде шағын футболдан көптеген жетістіктерге жетіп жүргенінен хабардармын. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші ауданда өңір журналистерінің басын қосып, облыстық турнир ұйымдастыруды жөн санадық. Бұл, бір жағынан, бұқаралық спортты дамыту болса, екіншіден сіздерге деген зор құрметіміз. Бүгінгі жарыста барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін жеребе таратылып, командалар өзара екі топқа бөлінді. Ең алғашқы ойын «Меншікті тілшілер» және «Тіршілік тынысы» командасы арасында өтіп, 4/1 есебімен аяқталды. Екінші ойында «Қоғам.тв» мен «Баспасөз» командасы 3/3 есебімен тең түссе, «Қызылорда» телеарнасы командасы «Меншікті тілшілерге» 5/3 есебімен жол берді. Ең қызықты да тартысты ойын «Қоғам.тв» мен «Өңірлік коммуникациялар қызметі» командасы арасында өтті. Бұл жолы «Қоғам.тв» қарсыластарын 7/2 есебімен ұтты. Сәйкесінше «Тіршілік тынысы» мен «Қызылорда» телеарнасы командасы 4/4 есебімен тең түсті. Ал, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мен «Баспасөз» командасы арасындағы ойын 3/5 есебімен аяқталып, жартылай финалға «Баспасөз» командасы жолдама алды.
Жартылай финалдық ойындар «Қызылорда» телеарнасы мен «Қоғам.тв» командалары арасында өтті. Бұл жолы «Қызылорда» телеарнасы командасы қарсыластарын 8/1 есебімен жеңді. Сондай-ақ, «Баспасөз» командасы «Меншікті тілшілерден» 1/0 есебімен басым түсті. Төрешілердің шешімімен ІІІ орынға талас «Меншікті тілшілер» және «Қоғам.тв» командалары арасында өтті. Бұл жолы «Меншікті тілшілер» 6/5 есебімен әріптестерінен айласын арттырды. Ал, финалдық ойын «Қызылорда» телеарнасы мен «Баспасөз» командасы арасында өрбіді. Бірінші таймда тек бір голдан соққан қос команда екінші таймның соңына дейін осы есепке өзгеріс енгізе алмады. Тартысты әрі қызықты өткен турнирдің ақтық ойыны пенальти тебумен қорытындыланды. Ойынның соңғы минуттарына дейін жеңімпаз анықталмағаны турнирді тамашалауға жиналған көрерменге ерекше тебіреніс сыйлады. Пенальтидің нәтижесінде 5/4 есебімен «Баспасөз» командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, жекелеген аталымдар бойынша да үздіктер анықталды. «Үздік ойыншы» аталымы Талант Айымбетовке берілсе, Абзал Жолтерек «Үздік қақпашы» атанды. Ал Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы», Бауыржан Қожамұратов «Үздік қорғаушы» аталымын иеленді.
Жеңімпаз атанған командаларды аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Б.Смайлов және «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы М.Омаров марапаттап, 100, 70, 50, 20 мың теңгелік сертификаттарды және медальдарды табыстады.
Айта кетейік, турнир аудандық қоғамдық даму бөлімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру бағытындағы әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.
«Тт» ақпарат