Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан мақтаныштарымен кездесті

Аудан мақтаныштарымен кездесті

Тамыз айының үшінші жексенбісінде еліміз­де «Спорт күні» аталып өтіледі. Байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген аудан спортшыларының кәсіби мерекесі қарсаңында кент мәдениет үйінде танымдық іс-шара өткізілді. Аудандық орталықтандырылған кітапхана мен кент мәдениет үйінің бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада спорт саңлақтарымен аудан тұрғындары кездескен болатын.

«Спорт саңлақтары» тақырыбында өткізілген кездесудің қонағы ретінде гір спортынан әлем және еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы, Гиннес рекордшысы, алтын гір иегері Оразбек Медетбаев, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, ұлттық дәрежедегі төреші, 1 санаттағы жаттықтырушы, ауданның аға бапкері Жасұлан Қаусов, тоғызқұмалақтан жоғарғы санаттағы жаттықтырушы, осы спорт түрінен облыстық жарыстардың жеңімпазы Мұхтар Әбжаппаров шақырылды. Білікті спорт мамандары осыған дейін жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Ең алдымен, гір спортының шебері Оразбек Медетбаев спорттағы жетістіктерін саралады. Әлемдік бәсекеде қазақ спортының деңгейін ерекше бағалап, әріптестеріне сәттілік тіледі.

– Саламатты өмір салтын ұстанған әрбір адам спортпен шұғылдануға міндетті. Қазіргі таңда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Жас кезімнен гір спортына машықтандым. Бірнеше мәрте Гиннес рекордына еніп, әлемдік деңгейдегі спортшылармен талай мәрте бәсекеге түстім. Бұл ретте, кәсіби мерекемен әріптестерімді құттықтаймын, – деді Оразбек Медетбаев.

Талай жарыста палуандардың томағасын сыпырып, кіл жүйрікті тәрбиелеп келе жатқан Жасұлан Қаусов қазақ күресіне деген балалардың қызығушылығын, олардың барлық жетістігін тізбектеп айтып берді. Бозкілемде қарсыласпен жұлыса жүріп, жеңісті жұлып әкететін қазақша күрестің шеберлері жайында сөз қозғады. Алдағы уақыта талапты өрендердің биік белесті бағындыруы үшін барын салатындығын жеткізді.
Өз кезегінде ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақ шебері атанған Мұхтар Әбжаппаров сөз алды. Жас спортшы, тәжірибелі бапкер зияткерлік ойынның негізгі қағидаттарын түсіндірді. Әрбір баламен жұмыс жасау әдіс-тәсілін айтып берді. Жыл көлемінде өткізілетін жоғары деңгейдегі жарысқа дайындық барысына тоқталды.

Тағылымды кеште «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов пен спорт ардагері Мектепхан Елеусінов «Спорт күні» мерекесімен сала мамандарын құттықтады. Сонымен бірге аудан өнерпаздары ән айтып, домбырамен күй төкті. Кітапхана қызметкерлері арнайы кітап көрмесін жиналғандарға таныстырды.


Балтабай Аябекұлы
09 тамыз 2022 ж. 337 0