Футзалдан ашық турнир өтті
Тіршілік иесі келеді, кетеді. Бірақ уақыт тоқтамай өте береді. Тереңөзектің тумасы, ержүрек батыл, үлкенге жақсы іні, кішіге абзал аға болған, кішіпейіл азамат Еркін Жұбановтың өмірден озғанына да төрт жыл болыпты.
Жасындай жарқ етіп, ерте сөнген ғұмыр иесі аз ғана өмірінде ортасында сыйлы, көпке үлгілі болды. Сөзімізге дәлел – Еркіннің көзі кетсе де өзі жақындарының мәңгілік жадында қалуы. Жолдастары да әркез адал досты еске алып, рухына Құран бағыштап жүреді. Сонымен қоса, аудан көлемінде спорттық сайыстар өткізіп, игі іске бастамашы болып келеді.
Еркінмен қызметтес болған азаматтар мен бала күнінен бірге өскен достары бұл бастаманы үрдіске айналдырған десек те болады. Мекемелер арасындағы спорттық сайыс биыл өз жалғасын тапты. Ауданда Еркін Сәбитұлын еске алуға арналған футзалдан мекемелер арасында аудандық ашық турнир өтті. Ашылу рәсімі салтанатты түрде өткен сайысқа Еркіннің көзін көрген аға буын мен қызметтестері, туыстары мен достары қатысты. Сондай-ақ, дүбірлі додада сегіз команда бақ сынады. 90-ға жуық мекеме қызметкері ғұмыры келте болып, ерте өшкен ғұмырды еске алып, сайысқа атсалысты.
Сырдария аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов іс-шараны ашып берді. Ал №12 Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Бағдат Әлиев пен Сырдария аудандық полиция бөлімінің майоры Айдос Аханұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Еркіннің бауырлары мен жолдастары біреуге жақсы дос, біреуге ардақты бауыр болған азамат туралы естеліктерін айтты.
Айта кетейік, Еркін Сәбитұлы 1988 жылы дүниеге келген. Жастайынан елгезек, кісіге көмек қолын созуға дайын тұрған азамат өмірлік қызметін де өз қабілетіне сай таңдады. Әскери салада жұмыс жасап, өрт сөндіруші болды. Қызмет бабындағы түрлі қиындыққа сынбай, талай тағдырды төтенше жағдайдан арашалап та қалды. Осындай ақкөңіл, арда азаматтың, әттең, өмірі қамшының сабындай қысқа болды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Еркіннің жарық дүниеден жарқ етіп мәңгілік мекеніне аттанғанына төрт жыл уақыт өтті.
Кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық бұндай іс-шара, Еркінді еске алуға арналған турнир, бұған дейін де ұйымдастырылған. Өз кезегінде аудандық газет редакциясы ақпараттық қолдау көрсетіп, өнегелі бастаманың жалғас табуына тілектес болған. Биыл, міне, араға бірнеше жыл салып мекеме қызметкерлері арасындағы ашық турнир тағы да ұйымдастырылды. Дүбірлі дода жоғары дәрежеде өтіп, көпшілік есіл бауырды ерекше ілтипатпен еске алысты.
Турнир қорытындысы бойынша қатысушыларға жүлделі орындар тағайындалды. Ол бойынша, бірінші орынды Н.Ілиясов командасы жеңіп алды. Екінші орын №12 өрт сөндіру бөліміне, үшінші орын №11 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі командасына бұйырды. Және үздіктер арнайы марапатталды. «Үздік қақпашы» номинациясымен Талғат Сағындықов, «Үздік қорғаушы» номинациясымен Нұрсұлтан Әбухас, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Диас Әлжанов, «Үздік ойыншы» номинациясымен Бақытжан Баймырзаев, «Үздік сұр мерген» номинациясымен Жігер Айекешов марапатталды. Турнирді ұйымдастырушылардың демеушілігімен жарыс жеңімпаздарына кубок, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде сайыс ұйымдастырушылары дүбірлі додаға белсене атсалысқан жандарға шексіз алғысы мен ризашылығын білдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ