Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аргентина – чемпион

Аргентина – чемпион

Төрт жыл күткен әлем­дік мундиаль да өз мәре­сіне жетті. Алпауыт мем­­ле­кеттердің аяқдоп­шы­лары бә­секеге түскен әлем біріншілігі көпшілік күт­кендей тартысқа то­лы болды. Бұл дүбірлі до­да­ға Катар мемлекеті үл­кен дайындық жасады. Жа­ңадан стадиондар салынды, алыс-жақыннан ке­летін жанкүйерлер үшін қо­­­лайлы жағдай жасалды, барлық матчты көруге мүм­кіндік қарастырылды. Осы тұста, 28 күнге созыл­­ған футболдан әлем чем­пио­натының қызықта­ры­на тоқталып өт­сек.

Ерекшеліктерге толы мундиаль

Парсы шығанағы елінде өткен әлем чем­пионаты ерекшеліктерге толы болды. Біз осыған дейінгі әлем чемпионаты туралы жазған мақаламызда бұған тоқталып өттік. Атап айтсақ, төрткүл дүние көз тік­кен жарыс алғаш рет жазда емес қыста өтті. Себебі, жазда Катарда орташа ауа тем­пературасы 40 градустан жоғары болса, қараша-желтоқсан айларында 24-30 гра­дусқа дейін болады. Одан соң Катарда жалауы желбіреген бәсеке араға 20 жыл салып Азия құрлығына қайта оралып отыр. Сонымен қатар мұсалман елдері арасында да алғаш болып үлкен турнирді Катар мем­лекеті қабылдады.

Одан бөлек чемпионатқа 32 команда қатысу үрдіске айналса, енді келесі әлем чемпионатында ұлттық құрамалар са­ны 48-ге көбейеді. 2026 жылдан бас­тап қатысушылар санын 48 командаға дейін көбейту туралы шешім қабылданып қойғ­ан. Демек, бұл доп додасы 32 құрама бақ сынайтын соңғы чемпионат болып тарихта қалатынымен де ерекшеленеді. Та­ғы бір ерекшелік – әлем чемпионатына бірінші рет үш әйел бас төреші ретінде шақырылды. Жапондық Йошими Ямашита, француз Стефани Фраппарт және руан­далық Салима Мукасанга тартысты кездесулерге төрешілік етті.

Ал Ресей мен Украина арасындағы жағ­дайға байланысты Ресей құрамасының мундиальға қатысуы шектелді. Осы жыл­дың 28 ақпанында ФИФА мен УЕФА ха­лықаралық футбол қауымдастықтары Ресей құрамасының әлем чемпионатына қа­тысуына тыйым салды. Мұндай шешім қа­былдағаннан кейін Ресей құрамасы плей-офф кезеңіне қатысу құқығынан айы­­рылды. Нәтижесінде, Польша автоматты түрде іріктеу турнирінің финалына шықты.

Катардағы дүбірлі доданың басты ерек­шелігі – футбол тарихындағы ең қым­бат әлем чемпионаты болуында. Forbes мә­лі­метінше, Катар әлем чемпионатын өткі­зуге 229 миллиард доллар жұмсаған. Тур­нирдің алдыңғы иесі Ресейдің шығыны шамамен 11,6 миллиард долларды құрады. Мемлекеттің астанасы аз ғана уақыт ішінде құрылыс алаңына айналып, мұнда жаңа қалашық салынды. «Лусаил» қалашығы фут­бол­шылар үшін де, жанкүйерлер үшін де түрлі ерекшелігімен тамсандырды. Мұн­да жаңадан 7 стадион салынған және 1 ста­­дион қайта жаңғыртылған.

Стадионнан бөлек «Хамад» әуежайы да жаңадан бой көтеріп, әлем елдерінен ке­летін меймандарды қарсы алды. Сонымен бірге бір қалада өтетін бірнеше кездесуді жан­күйерлер көру үшін метро желісі де іске қосылған және автомобиль магистралі де салынған. Жанкүйерлер бір күнде екі түрлі қалада өтетін матчтарды оңай тамашалады. Себебі, стадиондар арасындағы ең ұзын қашықтық небәрі 75 шақырым болды, яғни, бір аренадан екіншісіне бару үшін бір сағат уақыт жеткілікті.
Осындай ерекшеліктер орын алған әлем чемпионатынан мамандардың болжамы бойынша шамамен 5,4 миллиард доллар табыс түсуі керек. Мундиальдің кеше ғана аяқталғанын ескерсек, бұл жөніндегі ақпарат алдағы уақытта шығады.

Күтпеген сенсациялар

Иә, қай жарыс болмасын көпшілік фавориттерге көп басымдық беріп жатады. Бұл әлем біріншілігінде де жұртшылық не­бір мықты аяқдопшылар ойнайтын ұлт­тық құрамаларға иек артып, сенсациялар көп болады деп күтпесе керек. Бірақ күтпеген сенсациялар бұл мундиальдің көрі­гін қыз­дырды.

Жалпы, чемпионатта 64 ойын өтті. 32 команда алдымен топтық кезеңдерде бақ сынап, жарыс додасына шықты. Алғашқы ойыннан-ақ кішігірім сенсация орын алды. Турнирді қабылдаушы ел ретінде Катар құрамасы Эквадормен кездесу өт­кіз­ді. Әлем чемпионатын қабылдаған мемле­кет­тің құрамасы алғашқы ойында ешқашан жеңілмеген. Биыл бұл үрдіс бұзылды. Катар құрамасы ашылу салтанаты болған матч­та Эквадорға есе жіберді. Ал мундиальдің алғашқы голы ешқашан пенальтиден са­лынбаған екен. Оны Эквадор шабуылшысы Эннер Валенсия іске асырды.

Топтық кезеңнің сенсациясын Сауд Ара­бия командасы тіркеді. «С» тобындағы атақты футболшы Месси бастаған Аргентина құрамасын 1:2 есебімен жеңіп, күтпеген нәтиже болды. Тунистіктер де алғашқы ойында Даниямен, мексикалықтар Польшамен тең түсті. Бұл ойындарда екінші құрамалар фаворит еді. Сондай-ақ жапон­дықтар да әлемдік жарыста жігерін көр­сетті. Олар немістерді бір доп айырмасымен жеңіп, сенсация жасады. Тіптен, күн шы­ғыс елінің құрамасы испандықтардан да басым түсіп, қос сенсацияны тіркеді. Одан бөлек, топтық кезеңде Тунис командасы Францияны, Оңтүстік Корея Португалияны, Морокко Бельгияны жеңіп, мықты командаларды «састырғаны» бар.

Топтық кезеңде Морокко құрамасының жеңіске деген жігері ерекше болғанын атап өткен жөн. Олар хорваттармен тең ойнады, бельгиялықтарды және канадалықтарды ұтты. Ал 1/8 финалда жарыс жолынан ис­пандықтарды тайдырды. Осы мун­диаль­дің жеңімпазы деп болжанған Криштиану Роналду бастаған Порту­галия құрамасын да жарыс жолынан ығыстырды. Осылайша, Хаим Зиештің командасы 1/4 финалға де­йін жетіп, үлкен сенсация жасады.

Сенсациялардан бөлек, футбол тари­хын­дағы әлемдік рекордтар орнады, жа­ңарды. Мәселен, Криштиану Роналду әлем футболының тарихына енді. Ол 5 әлем чемпионатында гол салған жер шарындағы алғашқы адам. Ол голдар саны мен өт­кізген ойындар саны бойынша ешкімге жет­кізбейді. Португалия тарихында оған жетер ойыншы жоқ. Ал аргентиналық Лео­­нель Месси 4 рет матч үздігі атанып, осы көрсеткіш бойынша рекорд орнатты. Иран құрамасының шабуылшысы Мехди Тареми 102 минутта гол салды. Бұл ең кеш салынған гол болып тіркелді. Осыған дейінгі әлем чемпионаттарының тарихында мұндай оқиға болмаған екен. Оған қоса, төреші Матео Лаос Аргентина мен Нидерланды арасындағы ойында 15 сары қағаз көрсетіп, рекорд жаңартты.

Тартысты финал

Осы жарыс басталған тұста әлемдік сарапшылар Франция, Испания, Португалия, Англия, Аргентина, Германия, Бразилия, Хорватия құрамалары финалға шығатынын болжаған. Бұлардың қатарындағы Германия командасы топтық кезеңнен шыға алмай қалды. Испания құрамасы 1/8 финалда жарысты тоқтатса, Португалия, Бразилия, Англия 1/4 финалда қарсыластарынан жеңіліп қалды. Ал алғашқы ойында жеңіліп қалған Аргентина құрамасы қал­ған ойындарда ешкімге есе жібермей, фи­налға шықты. Франциялықтар да Тунис құрамасынан жеңіліп қалғаны болмаса, финалға айқын жеңіспен шықты. Лука Мод­рич бастаған Хорватия құрамасының да жеңіске ұмтылысы жақсы еді. Десе де олар Морокко құрамасымен қола жүлде үшін таласып, әлем чемпионатын үшінші орынмен тәмамдады.

18 желтоқсан – Катар мемлекетінің Ұлт­тық күні. Осы күні мундиальдің финал­дық кездесуі Франция мен Аргентина арасында өтті. Бұл финалға лайықты, тартысты матч болды.

Кездесу аргентиналықтардың басым­дығымен басталып, 1 таймда олар қарсы­лас қақпасына екі голды тоғытып алды. Алдымен, 11 метрлік айып добынан Леонель Месси гол салса, одан кейін қарымта шабуылда Анхель Ди Мария көзге түсті. Екінші таймда Франция бас бапкері Дидье Дешам бірнеше өзгерістер жасап, Франция құрамасы қарқынды шабуылдай түсті. Франциялықтардың сұрмергені Киллиан Мбаппе нәбірі 2 минуттың ішінде есепті теңестірді. Біріншісін 11 метрліктен салса, екіншісін керемет соққы жасай отырып, командасын жігерлендірді. Ойын тағдыры 90 минутта шешілмей, қосымша таймдар өткізілді. Онда да қос құрама бір-бір голдан салып, пенальти серияға дейін барды. Мұнда аргентиналық қақпашы Эмелиано Мартинес соққыларды қайтарып, мықтылығын көрсетіп, нәтижесінде Аргентина чемпион атанды.

Бұл әлем біріншілігінде үздік футболшы Леонель Мессидің бағы жанды. Ол командасын өрге сүйрей жүріп, жеңіске жеткізді. Катарда өткен мундиальдің «Үздік ойыншысы» да өзі болды. Ал франциялық Киллиан Мбаппе «Үздік сұрмерген», аргентиналық Эмелиано Мартинес «Үздік қақпашы», ар­гентиналық Энцо Фернандес «Үздік жас ойыншы» атанды.

Осылайша, әлем назарын салған Катар­дағы футболдан әлем чемпионаты көптеген ерекшеліктерімен, жаңашылдықтарымен ұйым­­­дастырылып, жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады. Енді әлем халқы 2026 жылғы мундиальді асыға күтетін болады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
20 желтоқсан 2022 ж. 302 0