Дүбірлі доп додасы
«Футбол» десе алып-ұшып тұратын жанкүйерлер әлем чемпионатын асыға күтуде. Бұрынғыдан өзгерек болғалы тұрған әлемдік доп додасы бұл жолы Катар мемлекетінде өтпек. Бұрынғыдан өзгерек дейтініміз, бұл жақта жаз мезгілі тым ыстық болғандықтан Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) әлем чемпионатының өту уақытын өзгертіп, 20 қараша мен 18 желтоқтан аралығы бекітілген. Сондықтан да 4 жылда бір келетін дүбірлі доп додасының басталуына санаулы күндер қалды.
22 рет өткізілгелі отырған әлем чемпионаты ерекшеліктерге толы. Алдымен, сөз басында айтқандай, төрткүл дүние көз тігетін жарыс жазда емес қыста өтеді. Одан соң Катарда жалауы желбірейтін бәсеке араға 20 жыл салып Азия құрлығына қайта оралып отыр. Сонымен қатар мұсалман елдері арасында да алғаш болып үлкен турнирді Катар мемлекеті қабылдамақ. Одан бөлек чемпионатқа 32 команда қатысу үрдіске айналса, енді келесі әлем чемпионатында ұлттық құрамалар саны 48-ге көбейеді. Демек, бұл доп додасы 32 құрама бақ сынайтын соңғы чемпионат болып тарихта қалатынымен де ерекшеленеді.
Таяу Шығыста алғаш рет өткелі жатқан аяқдопшылар жарысына Катар мемлекеті футбол тарихындағы үлкен дайындықты жасады. Мемлекеттің астанасы Доха қаласы аз ғана уақыт ішінде құрылыс алаңына айналып, мұнда жаңа қалашық салынды. «Лусаил» қалашығы футболшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де түрлі ерекшелігімен тамсандырмақ. Мұнда жаңадан 7 стадион салынған және 1 стадион қайта жаңғыртылған. Осы стадиондарды әлемдік талаптарға сай етуде жаңа рекорд та орнаған. Мәселен, бірнеше ойын өткізу жоспарланған «Al Wakra» стадионының табиғи төсенішін 9 сағат 15 минутта ауыстырып, бұл процесс әлемде ең қысқа уақытта аяқтаған көрсеткіш болып тіркелген. Бір қызығы, табиғи шөпті ауыстыру бойынша бұған дейінгі әлемдік рекорды да Катар жерінде тіркелген екен. Яғни, өткен жылы «Халифа» халықаралық стадионының жасыл желегін ауыстыруға кеткен 13 сағат 40 минут енді екінші сатыға ығысып қалды.
Стадионнан бөлек «Хамад» әуежайы да жаңадан бой көтеріп, әлем елдерінен келетін меймандарды қарсы алуда. Сонымен бірге бір қалада өтетін бірнеше кездесуді жанкүйерлер көру үшін метро желісі де іске қосылған және автомобиль магистралі де салынған. Осындай жаңалықтармен басталғалы отырған доп додасы барысында түрлі қызықтар күтіп тұрғаны айқын.
Әлем чемпионатының өтуіне байланысты мемлекеттің астанасы Дохада мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Соның негізінде, чемпионатқа арналған «Катара» атты мәдениет ауылы ашылған. Мұнда амфитеатр, жағажай, холдар мен галереялар, бау-бақшалар, мейрамханалар, мешіт орналасқан. Мұнда халықаралық турнир аясында көрме, концерт және шеберхана тәрізді бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақшы. Сонымен бірге ел астанасында «Футбол әлемі» атты көрме де ашылыпты. Алты айға жалғасатын көрмеде футбол және әлем чемпионаты турнирлерінің тарихы көрініс тапқан. Мысалы, келушілер Диего Марадона, Пеле сынды аты аңызға айналған футболшылар киген жейделерді, 1930 жылы Уругвайда өткен бірінші әлем чемпионаты кезінде ойналған доп тәрізді бірегей экспонаттарға куә болады.
Міне, осындай дайындық жасалған халықаралық жарысқа топтық кезеңге жолдама алған 32 елдің аяқдопшылары бақ сынайтын болады. Олар жеребе бойынша 8 топқа топтастырылып, өзара кездесулер өткізеді. Олардың қатарында Бразилия, Португалия, Бельгия, Хорватия, Испания, Германия, Франция, Дания, Аргентина, Англия, Нидерланды секілді азулы құрамалар бар. Бұл құрамаларда доп тебуде озық ойын көрсетіп, көпшіліктің назарында жүрген «топ» ойыншылар да жетерлік. Сол себепті де Катар мемлекеті осындай ауқымды іс-шараны өткізу арқылы мерейге де бөленбек, экономикалық әлеуетін де жақсартпақ.
Халықаралық турнир болғаннан кейін Таяу Шығысқа сан мыңдаған жанкүйер ағылатыны анық. Соған орай ең бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек-ақ. Осыған байланысты мемлекет дүбірлі дода кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 50 мыңдай адамды жаттықтырған. Яғни, осынша сақшы қоғамдық тыныштықты бақылайтын болады. Осы ретте, Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) чемпионатқа қатысушы командаларға үндеу жолдап, тек футболға ден қоюға шақырды. «Бірде-бір халық, мәдениет немесе ұлт өзгеден «артық» емес. Осы ұстаным – өзара құрмет пен кемсітушілікке жол бермеудің берік негізі. Бұл – футболдың да негізгі құндылықтарының бірі. Сондықтан барлығымыз осыны есте ұстайық және назарымыз футболда болсын» делінген Үндеуде.
Әлемдік «мундиальдің» салтанатты ашылуы 20 қараша күні 60 мың адам сиятын «Әл-Байт» стадионында өтеді. Бұл ауқымды іс-шараға Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни өткен айда Қазақстанға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысын арнайы шақырған болатын.
Әлем чемпионатының ашылу салтанаты да түрлі қызықтарға толы болмақ. Әлем жұлдыздары өнер көрсетеді деп күтілуде. Осы салтанатты іс-шара біткеннен кейін Катар мен Эквадор арасындағы алғашқы кездесу басталады.
Ал әлемдік доп додасының финалдық ойыны 18 желтоқсан күні 80 мың адам сиятын «Лусаил» стадионында өтеді деп жоспарланған. Халықаралық жарысты әлем мемлекеттерімен қатар қазақ жанкүйерлері де асыға күтетіні белгілі. Соған орай әлем чемпионатының 64 матчын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді.
Жалпы, 28 күнге созылатын доп додасы әлем назарын өзіне аударып, түрлі қызықтарымен есте қалмақ.
Е.БЕРКІНБАЕВ